Жаңақорғанда екінші “Жайлы мектеп” есігін айқара ашты

Ақпан айының алғашқы күндерінде ауданымыздың «Саяжай» жақ бетіне қоныс тепкен тұрғындар үшін бастау алған «Жайлы мектептің» есігі білімгерлерге айқара ашылды. Жаңа мектептің ашылу салтанатына арнайы келіп қатысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қадірлі қонақтар мен ұстаздарға, ата-аналарға арнаған лебізі төмендегіше өрілді:
– Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Сыр өңірінде қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы өңіріміздің бюджеті екі жарым жыл бұрынғыдан екі есеге артып 750 млрд теңгеге жетті. Бұл ауқымды қаражат өңірімізде өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға, жаңа инфрақұрылымды дамытуға бағытталды. Өткен жылы өңірімізде 69 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Соның ішінде білім саласына 280 млрд-қа жуық қаражат бөлінді. Биылғы жылы білім саласының бюджеті 16, 6 пайызға өсіп, 308 млрд теңгеден асты.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында біздің өңірімізде 21 «Жайлы мектеп» салыну жоспарланған. Соның 10-ының құрылысы басталды. Өткен жылы 6 мектепті ел игілігіне пайдалануға бердік. Тағы да бес мектептің құрылысы осы оқу жылында аяқталады. Осы ауданның Жаңарық ауылында 300 орындық «Жайлы мектеп» жұмысын бастады. Сондай-ақ 5 мектептің жанынан жаңа оқу ғимараттары салынуымен үш ауысымды мектептердің мәселесін шештік. Биылғы жылы да білім саласында жаңа жобалар жүзеге асатын болады, – деген аймақ басшысы жақын күндері білім саласын қолдау қоры арқылы Арал ауданы Мергенсай елді мекенінде 2 млрд 133 млн теңгеге 150 орындық жайлы мектеп салынатынын, сондай-ақ Сапақ елді мекенінде апатты жағдайдағы ескі мектептің орнына жаңа мектеп салу үшін аталған қордан 1 млрд 600 млн теңге қаражат бөлініп отырғанын жеткізді. Басқа да аудандарда осындай мектептер салынып ел игілігіне табысталатын болады.
Қазір Қызылорда қаласында білімді қолдау қоры арқылы 8 млрд 400 млн теңгеге 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернатының құрылысы қарқынды жүруде. Алдағы сәуір айында ел игілігіне табысталатын болады. Білім ошағында тек қаланың білімпаз жеткіншектері ғана емес Сыр өңіріндегі тұтас ауылдың талапты өрендерін қамту үшін мектеп жанына 300 орындық жатақханасы салынды. КазМұнайГаз компаниясының демеушілігімен 2,5 млрд теңгеге салынған 350 орындық оқушылар сарайы да жас ұрпақ игілігіне қызмет етіп тұр. Өткен жылдың аяғында Жаңақорған ауданында оқушылар үйі мен өнер мектебі пайдануға берілді.
Аймақ басшысы осы жетістіктермен қатар биылғы жылы Қызылорда қаласында жас ұландарға арналған тынығу лагерінің құрылысы басталатынын, сол сияқты облыс орталығында балаларға арналған шығармашылық-инновациялық академия құрылысының қарқынды жүріп жатқанына тоқталды. Бұл кешен осы жылдың мамыр айында ел игілігіне табысталатын болады.
Кешегі өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының облысымыз туралы оң бағасына көпшілік куә болды. Жиында Президент алдағы уақытта көптеген білім ошақтары күрделі жөндеуден өтететін айтты. Соның 51-і біздің облысқа тиесілі. Биылғы жылы соның 9-ында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Нақтылап айтқанда, бұрынғы салынған қарапайым мектептердің техникалық базасын үпкілікті жаңартып, ұлттық жоба аясында салынып жатқан нақ осындай жайлы мектептер деңгейіне көтеру көзделіп отыр. Мақсат – білім көрсеткішін жоғарылату.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірдегі тиянақталған жұмыстарды түгелдей баяндап, енді бүгін шын иелерінің игілігіне берілгелі отырған жаңа ғимаратта алғашқы күннен берекелі тіршіліктің арна тартуы мектептің жүрегі – ұстаздар ұстанымына байланысты екенін айтып, аманат жүгін арқалатты. Мектеп, ұстаз, ата-ана үштігін құрайтын барша бала бағбандарының еңбегіне сәттілік тіледі.
Шара соңы марапаттауға жалғасып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірнеше азаматтар облыс әкімінің “Алғыс хатымен” марапатталды. Олардың қатарында білім саласының ардагері, аудандық мәслихаттың бесінші және алтыншы шақырылымының депутаты, №95 мектеп гимназиясының қазақ тілі, әдебиеті пәні мұғалімі Гүлмарал Мұхтарқызы, №53 Романов атындағы орта мектебінің қазақ тілі, әдебиеті пәні мұғалімі Жанар Сабырқызы. Жаңақорған аграрлық техникалық колледжі директорының орынбасары Дәулетхан Мадиярханұлы, Жаңақорған аграрлы техникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері Мейрамбек Есжігітов, «Аман құрылыс» ЖШС - нің құрылыс учаске басшысы Абай Берділлаұлы, «Аман құрылыс» ЖШС-нің өндіріс техникалық бөлімінің инженері Юсуп Жақсылықовтар бар.
Білім ошағының ашылу салтанатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов сөз алып, білім саласы қызметкерлері мен осы маңайдағы тұрғындарды жаңа мектептің ашылуымен шын жүрек- тен құттықтайтынын айтты.
– Мемлекет басшысы президенттікке алғашқы сайланғаннан күннен бастап ең бірінші білім саласын қолға алғаны есіімізде. Тамыз мәслихатына келіп қатысты. Педагогтердің жалақысын екі есеге арттырды. «Жайлы мектеп» идеясына өзі бастамашы болды. Мұның барлығы ұстаз жауапкершілігін арттыра түсетіні сөзсіз. Ең басты игілігіміз – жалпыға бірдей заманауи білім ошақтары қосымша білім берудің тетіктерін жетілдіреді. Қала мен ауыл баласының теңдей сапалы білім алуына жағдай жасайды. Элитаның бөлектенуіне емес, жалпы әлеумет болашағының жан-жақты білім алуына жол ашады. Тұлғаның бәрі ауылдан шыққан, алдағы уақытта да осындай үмітіміз бар. Осы жолдағы баршаңыздың еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді ол. Жаңа мектептің лентасы қиылып, көпшілік алдында «Құрмет» орденінің иегері, Жаңақорған, Сырдария аудандарының Құрметті азаматы Ибрагим Әбибуллаев ақ батасын берді.
«Саяжай» мөлтекауданы тұрғындарының балалары бүгінге дейін аудан орталығындағы №110 мектепке арнайы тасымал көлігімен қатынап оқып келді. Жеке мектептерде білім алып жатқандары да баршылық. Енді алдағы уақытта жан-жақты жағдайы келіскен «Жайлы мектепте» оқуына жағдай туды. Білім ошағының толыққанды заманауи құралдармен жабдықталғанын көрдік. Әр сыныпта қойылған арнайы сенцорлы экранды тақталар іздеген ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Біз арнайы тоқталған технология кабинетінде ұстаз Бақытжан Төлегенұлы ұлдармен сабақ өткізу процесінде ағаш кесу технологиясымен таныстырды. «Жай мектеп болсын, жайлы мектеп болсын, бағдарлама бағыты бірдей болғанмен құрал-жабдықтың озықтығына дауымыз жоқ. Мұғалім Күнделік KZ-ты жүргізуі үшін қажет компьютерлер принтерімен жеке кабинаттердің барлығына қойылыпты. Жай мектеп терде бұл қолжетімсіз. Басқа да артықшылықтары көп» дейді ол.
Баян ҮСЕЙІНОВА