Сұлулық сыры жүректе

Нарықтық заманда өзгеге алақан жаймай, кәсіптің көзін тауып, берекелі істің игілігін көру құптарлық жайт. Уақыт көшіне ілесіп, ата кәсіпті дамытып, тыңнан түрен салуды көздеген жастарымыз ауданда жетерлік. Соның бірі DS сұлулық салонының иесі, визажист Дана Сапарбекті сырлы сұхбат төріне шақырып, сұлулық әлемі төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.
– Сіз осы саланы қалай бастадыңыз?
– Жастайымнан әдемілікке әуес болдым. Әсіресе, қолөнермен айналысып, қағаздан гүлдер жасап, тігін тігіп, ерекше стильде киім кигенді ұнаттым. №3 мектеп интернатында үздік оқушы болып, ұстазым Мира Жандарбекова есепке жүйрік болғанымды байқап, олимпиадаларға қатысып жүрдім. Кейін Түркістан қаласындағы ХҚТУ-нің математика мамандығында мемлекеттік грант негізінде білім алдым. Еңбек жолымды Жаңақорған аудандық қазынашылық бөлімінде есепші болып бастадым. Одан кейін бірнеше мектепте мұғалім болып еңбек еттім.
Бір күні біздің аудан орталығында заманға сай сұлулық салоны жоқтығы қыз-келіншектердің басты мәселесі екенін ұқтым. Сән салон ашу үшін Алматы қаласындағы беделді шеберлерден білім алуды мақсат еттім. Бірнеше күн мегаполистегі сән ошақтарын аралап, Умида ханымнан дәріс алып, түрлі шаш үлгілерін жасаудың тәсілдерін меңгердім. Ол кезде әлеуметтік желі жоқ. Алдамен таныс-туыстарды шақырып, модадағы шаш үлгілерін жасай алатынымды насихаттадым. Осылайша клиенттер тауып, тұрақты табыс таба бастадым. Кейін жаныма сіңілім Әйгерімді тартып, массажист шебері еттік. Бірер жылда салонымызда заманауи қызмет түрлері қосылып, кәсібім кеңейе түсті. Бүгінде 18 маман бар. Тарқатып айтсақ, 6 шаштаразшы, 1 визажист, 3 кірпік жапсыру маманы, 4 касметолог, 4 маникюр маманы бар. Осылайша DS сұлулық салоны жаңа брендке айналды.
– Жаңадан кәсіп бастап жатқан мамандарды оқытып жүргеніңізді байқадық. Сіздің оқу курсыңыздың басты ерекшелігі қандай?
– Менің оқыту курсымның басты ерекшелігі 10 күнде шаш қию техникасын оңай меңере аласыз. Әрі әбден үйренгенше жанында болып, өзімнің шеберлігімнің сырын ашамын. Мәселең, жәй ғана шаш жууды сөз етсем, көп қыздар шашқа сусабын жағып, бір көпіртіп жуу деп ұғады. Шын мәнісінде, сән салонға келген адамға жайлылық маңызды. Нақтырақ айтсам, менің кәсібилігімнің негізгі сыры – басқа нүктелі массаж жасай отырып жуамын. Сондықтан болар, қызмет көрсеткен клиенттерім үздіксіз келіп тұрады. Алғашқы клиеттерім әлі де тұрақты қызмет алуда.
Бүгінге дейін 30-дан аса қыз-келіншектерді шаштараз мамандығына баулыдым. Шәкірттерім арасында көбі жеке сән үйін ашты. Бір маусымда оқыған Ақниет, Асылай, Арай, Мадина есімді қыздарымның кәсіпкерлігі сұлулық әлемінде өз орны бар. Қызылорда, Астана, Түркістан қалаларында бірнеше рет бизнес саласындағы қыз-келіншектермен сұхбат тайм өткіздік. Алдағы уақытта онлайн курс оқыту ойымда жүр.
– Сұлулықты сақтауда қандай ереже сақтайсыз?
– Әйелдің барлығы сұлу, тек қана сол сұлулығын аша алмайтындар, сұлу болу білмейтіндер бар. Сұлулық дегенде ең алдымен көпшілігіміздің көз алдымызға келетіні табиғилық, қарапайымдылықтан гөрі, бет-жүзін бояған, әдемі, қымбат киінген адам елестейді. Әрине, бұл біраз дұрыс емес пікір. Өйткені, сұлу болу үшін қымбат косметика мен сәнді киімдердің өзі көмектесе алмайтын кезеңдер де болады.
Бет терісінің ұзақ уақыт бойы өңін бермей, балғындығын сақтап қалуы үшін, яғни, жылдам қартайып кеткіңіз келмесе, әр күні таңертең ұйқыңыздан оянған сәтіңізде беті-қолыңызды жууды әуелі ыстық судан бастап, соңыра салқын суға ауыстырыңыз. Бұл әдістің бет терісі үшін өте үлкен көмегі бар. Себебі, бұл бетіңізге ерте әжім түсудің алдын алады. Бетке жасалатын жаттығудың ең қарапайым түрі осы.
Артық салмақ денсаулық үшін қауіпті екендігін барлығыңыз жақсы білесіздер. Бұл туралы көптеген мәліметтер бар, артық салмақтан арылудың сан түрлі жолдары да көрсетіледі. Бірақ, адамның ерік-жігеріне байланысты, артық салмақтан арылу да оңай шаруа емес екендігін арнайы диета ұстаған адам жақсы түсінеді. Соған қарамастан, тамақтану мөлшерін біртіндеп кеміту, көбірек қимыл-қозғалыста болу арқылы адам белгілі бір уақыт ішінде көздеген мақсатына жете алады. Сондықтан, жаяу жүруден шаршамаңыз және міндетті түрде кешкі асқа жеміс-жидектермен шектелгеніңіз өз денсаулығыңыз үшін пайдалы болмақ.
Біздің сән салонының клиеттері біздің санитарлық талаптарға қатал қарайтынымызды жақсы біледі. Қолайлы қызмет пен сапалы жұмыс нәтижесі бизестің негізгі критерийі.
– Кәсіп пен отбасын қатар ұстау қиындық туғызбай ма?
– Жаратқан 5 перзентке ана етіп, үлкен әулеттің анасы еткеніне тәубе етемін. Ата-енем өте жайлы, кәсібіме қарсы болған емес. Керісінше қолдау-көмегін аяған емес. Жолдасым менің әр қадамыма сәттілік тілеп, демеп отырады. Үйдің шаруасына да, кәсіпкерлік ісіме де үлкен жауапкершілікпен қараймын. Балаларымның сабағын оқытып, тәртібіне мән беремін. Жұмыста басшы болғаныммен мен де бір үйдің келінімін. Сондықтан ибалық мінезден арылған емеспін.
Қайын жұртым да, өз жұртым да әркез менің тілекшілерім. Қос қанатым талмай биікке самғауымның бір сыры осында жатса керек. Менің ойымша, әйел затының жүзі жарқырауы үшін ең алдымен отбасының жылуы маңызды. Сән салонына түрлі тағдырлы адамдар келіп, мұңын бөлісіп жатады. Біз қолымыздан келгенінше ақыл-кеңесімізді айтып, отбасы құндылықтарын дәріптейміз. Бір сөзбен қайырғанда, сыртқы келбетіне сән қоссақ, ішкі әлеміне жылулық сыйлаймыз.
– Салиқалы сұхбатыңызға рахмет!
Мақпал МАРҚАБАЙ