» » Сәбина байқау биігінде

Сәбина байқау биігінде


Қаламгерлік қасиет қонған жас дарын алғашқы жазбаларынан-ақ көпке таныла бастайды. Әсіресе, әлеуметтік желі дамыған заманда шынайы таланттар өзінің биіктігін байқатып жүр. Ізденіс жолына түскен балғындарымыздың бірі – С.Сапарбеков атындағы №125 орта мектебінің 6-сынып оқушысы Сәбина Садыр. Оның қаламынан туындаған тағылымға толы эсселері республикалық жинаққа еніп, үздік шығармалар көшін бастауда.


Еліміздің оқу-ағарту министрлігінің рес­публикалық ғылыми-педагогикалық кітап­ха­насы және республика педагогтарының ғы­лыми-әдістемелік және өнер білім орталығы Б.Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай республикалық эссе байқауы өткен еді. Байқау 2 кезеңнен іріктеліп, еліміздің әр өңірінен 250-ден астам шығарма сынға түсті. Оның 35-і екінші кезеңге өтіп, тұрақты әділ-қазылар сарапқа салды.
Осындай үлкен додаға шәкіртін сәйгүліктей баптап, қанаттандырған қазақ тілі мен әдебие­ті пәнінің мұғалімі Сымбат Алшымбекованың пікірін білдік.
– Оқушым Сабинаның әр оқиғадан ерек­ше түйін түйіп, шығармаға ерекше нәр беретін қасиеті барын қайқадым. Бұған дейін де көптеген сайыстарға қатысып, үздік туындыларын ұсынып келді. Биыл респуб­ликалық эссе байқауына алғаш рет қатысып, бірінші орынға ие болып отыр. Тәлімгер ретінде бағыт-бағдар беріп, бірге жетістікке жетіп жатқанымызға қуаныштымын, – деді ұстазы.
Бірінші кезеңде жұмыстары іріктеліп, екін­ші кезеңге шақырту алғанда үздік боламыз деп ойламаса керек. Екінші кезеңде белгілі уақыт аралығында эссе жазу талап етіледі. Жеребе бойынша жерлесіміз Сабина Садырға «Б.Соқпақбаев – балалар әдебиетінің бағбаны» тақырыбында эссе жазу бұйырды. Эссе арнайы жасақталған әділ қазы мүшелерінің тексерісінен өтті.
Осы байқауда 35 оқушының арасында Сабинаның жазған эссесі көптің жүрегіне жетсе керек. Әділ қазы төрайымы Амангүл Ешимова жұдырықтай жүректі тебіренте білген 4 оқушыны атап өтеді. Соның бірі – Сабинаның қолтаңбасын айрықша атап өтеді.
– Оқушылардың көркем шығарманы түсі­ніп оқып қана қоймай, шығарма арқылы өз ойларын жүйелі де бейнелі, көркем еткізе отырып, шығарма кейіпкерлері арқылы өз бойларына адами құндылық қасиеттерін жи­най алғандығын көрсеткен осы оқушыларға ризашылық білдіремін. Әр шығармасы жүрек қылын тербеп, тағылымға жетелейді, – деді сарапшы.
Қортынды шарада қазылар алқасы 4 оқушының есімін атап, ортаға шақырып, жақсы жазған тұстарын оқып беріп, мектебі мен ұсаздарына рақме­тін айтып, оқушыларға өз ақтілегін білдірді. Сондай-ақ, Б.Соқпақбаев­тың 100 жылдығына орай жазылған эсселер «Балалар әдебиеті­нің бәйтерегі» атты респуб­ликалық эссе байқауының жинағына енгізілді. Ауданымыздың мақтанышына айналып, үздік шығармасымен елге танылып жатқан жас қаламгерге біз де шынайы тілектестігімізді білдірдік.

Мақпал МАРҚАБАЙ
18 қаңтар 2025 ж. 172 0