Ұрпақтары Шәкәрім бабаны ұлықтады
Қазақ қоғамының рухани өсуіне үлес қосып, жастарды ғылым-білімге, өнер-өнегеге баулуды мұрат еткен Абай ақынның ізбасары, талғамы биік талант иесі, ақын, ойшыл, аудармашы, жазушы, композитор Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толып отыр. Осыған орай бугін Жаңақорған аудандық балалар кітапханасында «Шәкәрім оқулары» аудандық байқауы өткізілді.
Байқаудың мақсаты – қазақ халқының ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларын насихаттау. Ақын өлеңдерін жастар бойына сіңіру арқылы келешек ұрпақты ұлтжандылыққа, ізгілік пен мақсаткерлікке баулу, баба мұрасын терең игеріп, танымдық мәнін меңгеруге талпындыру, жаңа буынның интелектуалдық пайым-парасатын арттырып, отансүйгіштік рухқа тәрбиелеу болып табылады.
Шараға аудан мектептерінен 16 оқушы қатысты. Байқау жалпы үш кезеңнен тұрады. «Талап» іріктеу кезеңі, «Білім» сұрақ-жауап кезеңі, «Таза ақыл» кезеңдері бойынша оқушылар бақ сынады.
Байқауға аудандық білім бөлімінің әдіскері, қазақ тілі маманы Дариға Айдарова, Манап Көкенов атындағы өнер мектебінің директоры Уали Ибрагимов және №169 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Марал Құрбантаева төрелік етті.
Әділ қазылар байқауға қатысқан әрбір баланы мұқият тыңдап, оң бағасын беріп, 5 оқушыны келесі кезеңге өткізді. Нәтижесінде көркем мәтінде оқу шеберлігі, сахнада өнер көрсету мәдениетін озық үлгіде көрсеткен Қыраш ауылындағы №180 мектептің 7-сынып оқушысы Шұғыла Зайділла I орынды иеленсе. ІІ орынға №125 мектептің 6-сынып оқушысы Ақбота Тасболат ие болды. Ал №163 мектептің 5-сынып оқушысы Арафат Талғат ІІІ орынды қанжығалады. Барлық қатысушыларға арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттары тапсырылды.
Жалпы ұпай санымен жүйрік атанған Шұғыла Зайділла Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өтетін байқауға жолдама алды.
Әсел Ибрагимова