Өмір деп соққан жүрекпен
Әркімге абыройлы ғұмыр адал маңдай термен ғана нәсіп болады екен. Аудан әлеуеті мен экономикасы дамуының бел ортасында еңбек етіп жүргенде түйген өз ойым осы. Осындай төл кәсібінің тұғырына көтерілген жандардың қатарында Жаңақорған аудандық көпбейіндік орталық ауруханасының перзентхана бөлімінің акушеркасы Зәйпін Әбдукәрімқызы туралы айрықша тоқталуымыздың жөні жоқ емес.
Адамзат баладан өсіп жетіледі. Күн сайын, сағат сайын іңгалаған сәбилердің үніне көміліп, ана құрсағын жарып жарық өмірге талпынған нәрестелерді аялы алақанмен қарсы алатын ақ халатты абзал жандар туралы әңгіме бөлек.
Жүкті әйел босана сала жақын адамдарына сүйіншілеуге асыққанда алдымен ананың жанын аман алып қалған Құдіретті күшке сыйынарың қақ. «Бір аяғы көрде, бір аяғы жерде» деген тәмсіл де адамнан адам дүниеге келудің қихметін таңбалай түседі. Міне, сондықтан да осындай майданның өтінде жанын шүберекке түйіп, жүкті анамен бірге толғатып, бірге жеңілдейтін нәзік жандардың еңбегін қалай дәріптесек те жарасады.
Жарты ғасырдан астам ғұмырындағы отыз үш жылдық еңбек өтілін денсаулық күзетіне арнаған Зәйпін апамыздың басынан нелер оқиға өтпеді десеңші.
Қызылора медициналық колледжін акушерлік мамандығымен тәмамдаған ол еңбек жолын Екпінді ауылында фельдшерлік-акушерлік пунктінде бастады. Ауыл халқына мінсіз қызметімен танылып, отбасында үш перзенттің анасы атанды. 2009 жылдан бастап Жаңақорған аудандық орталық ауруханасының перзентхана бөліміне ауысты. Содан бері өзінің тыңғылықты қызметімен, жайдары мінезімен әйел-аналардың тап-таза сүйіспеншілігіне бөленіп, әрдайым алғыс алып келеді.
Жаны қиналып, уайымдап тұрған анаға жылы сөзбен дем беріп, көңілін қанаттандыру да ерекше қасиетке келіп тіреледі екен. Зәйпін апаның бойындағы осындай қабілеті ол кісіні қызметіне жіпсіз байлап, жас мамандардан бір де кем емес зырылдап жүріп, жүкті аналарды қабылдау мен босанғаннан кейінгі күтім жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен, жанашырлықпен қарайтыны айналасындағы әріптестеріне көп үлгі. Бұл сөзіме перзентханаға толғатып келіп сәбиін құшақтап қайтатын кез келген әйел-ана кепілдік береді.
Осындай қызметінің нәтижесі болса керек, ол аудандық «Үздік акушеркалар» сайысында 1 орынды иеленіп, облысқа жолдама алғанын, онда да жүлделі үшінші орын алғанын өткен күн парақтарының қағазға қатталған тарихынан көруге болады екен. 1996 жылы иеленген бұл жеңісіне 2002 жылы өткен байқауда тағы қол жеткізіпті. Нақ осындай жетістікті 2003 жылы және 2004 жылы да иеленіпті. Бірнеше рет денсаулық сақтау саласының мақтау-мадақтау грамоталарын да алғанын көріп риза болдық.
Ендігі ретте еңбегінің тек жемісін көрсін демекпіз.
Жайна Жиенбаева