№103 (8814) 31

31 желтоқсан 2024 ж.

№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » БІРЛІГІ БЕКЕМ ЕЛДІҢ БАҚ - МЕРЕЙІ БИІК

БІРЛІГІ БЕКЕМ ЕЛДІҢ БАҚ - МЕРЕЙІ БИІК

2024 жылы Сыр өңірінде жүзеге асқан жарқын жобалар аз емес. Дамудың тиімді жолын таңдап, түрлі бағыттағы бастамаларды іске асыру ел экономикасына ерекше серпін берді. Барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша облысымыз республикада бірінші орынды иеленді. Осы орайда агроөнеркәсібімен қоса табиғи кен орындарынан да кенде емес Жаңақорған ауданының еңбеккерлері биылғы жылды жемісті түйіндеді.

Жаңа жыл табалдырығында тұрған тарихи күні аудан әкімі Мажит Самитұлымен сұхба­тымызда 2024 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде айтып беруін өтінген едік. Төменде сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Биылғы жыл аудан халқының тұрмысына аса қажет әлеуметтік, инженерлік - коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асқан жыл болды. Мұның барлығы Мемлекет басшысының өңірімізге оң көзқарасты қолдауына қарқынды қанат бітірген аймақ басшылығының тапсырмаларын тиянақты іске асыра білген меншікті сала мамандарының ерен еңбегінің нәтижесі деуге болады.
Осы бағытта ауданымызда ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтарымыз аз емес. Барлық экономикалық көрсеткіштер бойынша белгіленген жоспарға қол жеткіздік.
2024 жылдың он бір айы қорытындысымен өнеркәсіп өндірісі 16,5 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 18,1 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 2 есеге, тұрғын үйлерді пайдалануға беру 20,8 пайызға артығымен орындалды. Негізгі капиталға салынған инвестиция 33,2 пайызға артып, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі өткен жылғыдан кем болған жоқ. Мұның барлығы іс басында жүрген азаматтар мен қарапайым еңбек адамдарының бір мақсатқа жұмылған берекелі тірлігінің жемісі болса керек.

– Президент айтқандай, «Тұрақты әлеу­меттік-экономикалық өрлеуді қам­тамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін толық ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің маңызды міндеті болып қала береді». Осы бағытта ауданда қандай жұмыстар бар?
– Халықтың әл-ауқатын арттыру, өмір сапасын жақсарту, сапалы инфрақұрылымды жүргізу бағытында мына төмендегі шаралар атқарылды. 2023-2024 жылдары елді мекендерді ауызсумен қамту бойынша жалпы құны 1,7 млрд теңге болатын Қожамберді, Сүттіқұдық, Жайылма, Келінтөбе ауылдарының ауызсу жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Елді мекендер толық ауызсу жүйесіне қосылды. Жаңақорған кентінің МАИ бекеті, Алтыкрант мөлтекаудандарындағы 1500-ге жуық тұрғын үйді толыққанды ауызсумен қамтамасыз ету үшін құны 1,1 млрд теңге қосымша су тарату станциясы мен желілерін салуға жоба әзірленді. Бұл жобаны қаржыландыру үшін салалық министрлікке өтінім тапсырып отырмыз.
Тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында құны 9,2 млрд теңгені құрайтын 21 жоба әзірленді. Қазіргі таңда 7 елді мекенде жаңғырту жұмыстары толық аяқталып, 7 елді мекенде құрылыс жұмыстары жалғасуда, қалған 6 елді мекенінің электр желілерін жаңғырту жобасы дайындалып қаржысын күтіп тұр.
Төменарық ауылына тартылған жоғары қысымды газ құбыры бойындағы Сунақата, Еңбек, Екпінді, Сүттіқұдық, Қожамберді ауылдарын газдандырудың жобасы жасалды.
Аудандық маңызы бар жолдардың жақсы жағдайдағы үлесі 96, 4 пайызға жетті. 2025 жылы аудандық маңызы бар екі жолға орташа жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 350 млн теңге бөлінді.
Ауданда автомобиль жолдарын дамытуға 2024 жылы 7 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржыға 51,5 шақырымнан аса жол мен 3 көпірге жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Жаңақорған кентінде құны 1 млрд 400 млн теңгеге темір жол үстінен өтетін аспалы көпір құрылысы салынуда, келесі жылы сәуір айында пайдалануға беріледі деп отырмыз.

– «Жайлы мектеп» және «Ауылдық жерлерде денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында атқарылған жұмыстарға тоқсалсаңыз...
– Мемлекет басшысының апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептерді жою мен білімгерлерге жайлы мектеп салу тапсырмасы бойынша облыста он мектеп салынса, соның екеуі біздің ауданда. Саяжай мөлтек ауданындағы 600 орындық мектеп пен Жаңарық ауылындағы 300 орындық мектепті келесі жылы қаңтар айында ел игілігіне табыстайтын боламыз. Жаңа жыл қарсаңында 200 орындық оқушылар үйі мен өнер мектебі пайдалануға берілді.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында аймақ басшысының қатысуымен Төменарық ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса 15 төсектік ауылдық аурухана ашылды. Бесарық және Әбдіғаппар ауылында салынған жаңа дәрігерлік нысандар бір ауылдың ғана емес сол аумақтағы елді мекен халқының ортақ меншігіне айналғалы отыр. Аудан тұрғындарының сұранысына сәйкес денсаулық сақтау ұйымдарына 19 санитарлық автокөлік алып берілді.
2024 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында құны 470,6 млн теңге болатын Екпінді ауылдық клубы және құны 422,9 млн теңге болатын Көктөбе спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Жалпы, биылғы жылы халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасауға қажетті 19 инфрақұрылымдық жобаның сметалық құжатын дайындауға 100,3 млн теңге бөлінді.
Демеушілік есебінен Жаңақорған вокзалын күрделі жөндеуге жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, «Қазақстан темір жолы» АҚ-на өткізілді. Сондай-ақ кенттің орталық алаңын абаттандыру жұмыстарының жоба сметалық құжаты дайындалып, қаржыландыру үшін облыстық бюджетке ұсынылды.
Бұдан бөлек Көктөбе ауылындағы №89 мектеп жанына қосымша құрылыс салу, елді мекендердің электр желісін жаңғырту, Бесарық АГТС-нің құрылысын салу мен Қожакент елді мекеніне дейін жоғары қысымды газ құбырын тарту және ауылішілік газ желісін жүргізу секілді ауқымды жобалар әзірленуде.

– Біздің ауданның аграрлы аудан ретінде облыс экономикасының ілгері жылжуына үлесі айқын. Жаңақорған ауданының осы табиғи әлеуетіне тыныс дарытудың жаңаша тетіктері жайлы айтсаңыз...
– Ауыл шаруашылығы бағытында құтты қонысымызға Құдірет дарытқан дәреже-дәргейіміз, ырзық-несібемізбен мақтануымызға болады. Қазірде облыс бойынша бүкіл мал санының 40 пайызын Жаңақорған ауданы беріп отыр. Жыл ішінде мал шаруашылығын дамыту бойынша «Озат аудан» атандық. Облыс әкімінің бастамасымен өткен «Үлгілі елді мекен» конкурсында Қожакент ауылы 2-орын алды. Өзгент ауылы 15 млн теңге сертификатқа ие болды. Бұл да аудан еңбеккерлерінің маңдай терінің жемісі болса керек. Егіншілік саласында диқан қауымы ақ егіске басымдық беріп, берекелі табыс негізін қалауға ұмтылуда. Су тапшылығына орай әртараптандыру бағытында жүйелі жоспарларымыз бар. Ауданда әр шаруашылық жанына агроаймақ бектіліп, әзір тұрған учаскеге тұрғылықты жердің халқы өздеріне керекті ас-ауқаттық дақылын егіп алуына шын жең түрініп кірісер болса жағдай жеткілікті. Алдағы уақытта кәсіпкерлеріміздің қолдауымен заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген зауыт, миницехтар салуға ықылас басым. Бұл да елде азық-түлік бағасын тұрақтандыруға ықпалын тигізеді. Жалпы, өндірістік аудан ретінде өрісімізді кеңейтетін осындай өркениетті жобаларымыз баршылық.

– Ауданда кәсіпкерлікті қолдау бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің саны 6574-ке жетті. Оларда 8892 адам жұмыс істейді. Шағын кәсіпкерлік бойынша 42,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 45,3 пайызға артты. Биыл кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 4 млрд 488 млн теңге қаржы тартылып, 21 жоба қаржыландырылды. Ауылдық жерлердегі халықтың табысын арттыру бағытында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 154 млн теңгеге 24 жоба несиелендірілді.

– Жастардың жұмыспен қамтылуы қалай?
– Еңбек етуге талабы бар тұлғаларды жұмыспен қамтамасыз етуде мемлекет тарапынан қамқорлықтар аз емес. Соның бір көрінісі, биыл ауданда 90 адам қайтарымсыз несие алды. Жастар тәжірибесіне 347 адам жолданып, 305 адам жұмысын жалғастырды. Қоғамдық жұмысқа 375 жас жолданып, 78 адам жұмыспен қамтылды. Алғашқы жұмыс орнына 27 адам жолданып, 20 адам жұмыс жасап жатыр. Әлеуметтік жұмыс орнына 20 жас жолданды.
NEET санатындағы жастардың саны 2023 жылы 869 болса, жұмыспен қамту, мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыру арқылы қазіргі уақытта оның саны 374-ке кеміді.

– Бүгінгі таңда ең өзекті саналатын тұрғын үй мәселесі жөнінде не айтасыз?
– Елімізде тұрғындарды баспанамен қамтуда «Отбасы» банк арқылы қаржыландыру бойынша мүмкіндік жасалуда. Бірақ бұған екінің бірі тілек таныта бермеуі мүмкін. Ауданымызда «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына берілетін 2 пәтерлі 62 тұрғын үй сатып алынды. Жылжабар сәтте бұл аудан тұрғындарына үлкен қуаныш сыйлағалы отыр.

– Мерекелік сұхбаттағы еркін сауалымыз болсын, кіндік қаныңыз тамған туған жерініз болып есептелетін Жаңақорған ауданына әкім болып тағайындалған кезде қандай сезімде болдыңыз?
– Әкем Сәмит Далдабайұлының он жылдан астам басшылық қызметте болған Жаңақорған жері мен үшін де ыстық. Мұнда менің балалық шағымның іздері қалды. Жағасында ойнап өскен көлдің суы, көршінің балалары, елді мекендерге апаратын тарам-тарам тас жолдар қымбат естеліктей санамда сақтаулы. Бұл жақтан көшіп кеткеннен кейін отыз бес жылдан соң басшы болып оралуым тағдырдың бір сыйы сынды көңілімді тербегенін жасыра алмаймын. Осы орайда маған үлкен сенім артқан аймақ басшысына алғысым зор.
Ендігі мақсатым – қолымнан келгенше елге қызмет ету. Екі шылбыр бір тізгінді қолыма ұстатып, аманат арқалатқан елдің алдына барғанымда қай-қайсының да әкем туралы алғаусыз ықыласына куә болуым маған екі есе жауапкершікті жүктеп, қайрат-жігерімді қамшылап келеді. Сондықтан күндіз-түні ат үстінен түспей елдік мәселелердің басы - қасынан табылуға тырысып келемін.

– Жаңа жылдың табалдырығында аудан халқына тілегіңіз...
– Жаңақорғанның халқы өте еңбекқор. Табиғаттың өзі оларға осындай мүмкіндік дарытып қойған. Қай елді мекенге барсам да тіпті бала-шағасына дейін дала қосында, көкорай бақшалықта, егінін суарып, шөбін шауып, одан қалды жол бойында қауын - қарбызын пұлдаған нағыз бейнеткештігін көріп келемін. Еңбектенгеннің еңсесі биік, қалтасы тоқ, соның нәтижесінде ауыл адамдарының сән-салтанатты тұрмысы тіктеледі екен. Жаңақорған ауданының бұл да бір ерекшелігі дер едім.
Елімізге аманшылық тілеймін. Әр отбасына мол несібе, зор ризық нәсіп етсін. Алдымызда жүрген ағаларымыз, соңымыздан ерген жеткіншектеріміз аман болсын!

Жаңа жылда жаңа жетістіктерге жетейік!

Сұхбаттасқан Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ
31 желтоқсан 2024 ж. 183 0