Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы қорытындыланды

Жуырда аудандық мәслихаттың кезекті ХХVІ сессиясының отырысы өтті. Күн тәртібінде аудан әкімінің есебі және ауылдық округтердің 2025-2027 жылдарға арналған бюджеті туралы, Жаңақорған ауданының жер комиссиясының жаңа дербес құрамын бекіту, аудандық мәслихаттың 2025 жылдың І жартыжылдығына арналған жұмыс жоспарын бекіту, аудан мәслихаты тұрақты комиссияларының 2025 жылдың І жартыжылдығына арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы мәселелер бекітілді.
Сессияда 2024 жылдың қорытындылары туралы аудан әкімі Мажит Сәмитұлы баяндама жасады.
– Биылғы жыл аудан халқының жайлы өмір сүруіне жағдай жасау, тұрмыс тіршілігіне аса қажетті әлеуметтік, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асқан жыл болды.
Тәуелсіздік күні мерекесінде аймақ басшысының қатысуымен Төменарық ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса 15 төсекке арналған ауылдық аурухана, 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі және облыс әкімі орынбасарының қатысуымен Бесарық ауылында 375 орындық бастауыш сынып оқу корпусы ел игілігіне пайдалануға берілді, - деді Мажит Сәмитұлы.
Аудан басшысының айтуынша, біздің облыс республикада даму динамикасы бойынша бірінші орынға шықса, Жаңақорған ауданы облыста алдыңғы қатарда келеді. Мәселен, 2023 жылы аудандық бюджет 13,0 млрд теңгені құраса, биыл 16,1 млрд теңге болып бекітіліп, қазіргі таңда 20,4 млрд теңгеге жетті. Яғни, аудандық бюджет өткен жылмен салыстырғанда 7,4 млрд теңгеге ұлғайды. Жыл ішінде салық базасын ұлғайту, жаңа көздіктер іздеу және түсімдердің толыққанды, уақытылы орындалуы бағытындағы жұмыстар нәтижелі болып, аудан бюджетінің өз кірістерін 834,2 млн теңгеге ұлғайтуға қол жеткен.
Сонымен қатар, 100,3 млн теңге халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасауға қажетті инфрақұрылымдық 19 жобаға ауыз су мен аяқ су, тұрғын үйлерді күрделі жөдеу, көше жарығын орнату сынды жұмыстардың жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, сараптамадан өткізуге бөлініп, барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша белгіленген жоспарларға қол жеткіздік.
2024 жылдың 11 айы қортындысымен өнеркәсіп өндірісі 16,5 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 18,1 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 2 есеге, тұрғын үйлерді пайдалануға беру 20,8 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестиция 33,2 пайызға, бөлшек саула 5,2 пайызға артса, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі өткен жылғы деңгейде болды. Мәселен, биыл 35004 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, егін толық мерзімінде жиналды. Негізгі дақыл күріш 7545 гектарға егіліп, әр гектардан 56 центнерден өнім алынып, 42 мың тонна күріш жиналды.
Ал, халықтың әл-ауқатын көтеру, өмір сүру сапасын жақсарту үшін баспанамен қамту, сапалы инфрақұрылым жүргізу бағытында нақты шаралар қабылдануда. Мысалы, 2023-2024 жылдары елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту бойынша қарқынды жұмыстар атқарылып, жалпы құны 1,7 млрд теңге болатын Қожамберді, Сүттіқұдық, Жайылма, Келінтөбе ауылдарының ауыз су жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта елді мекендер толық орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған.
Сонымен қоса, Жаңақорған кентінің «МАИ бекеті», «Алтыкрант» мөлтек аудандарындағы 1500-ге жуық тұрғын үйді толыққанды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қосымша су тарату станциясы мен желілерін салуға жоба әзірленді. Жоба құны – 1,1 млрд теңге. Бұл жобаны қаржыландыру үшін салық министрлігіне бюджеттік өтінім тапсырылған. Аяқ су мәселелерін шешу жолында да түрлі жұмыстар атқарылып жатыр.
– Аудан жыл ішінде мал шаруашылығын дамыту бойынша «Озат аудан» атанды. Облыс әкімінің бастамасымен өткен «Үлгілі елді мекен» конкурсында Қожакент ауылы 2-орын алса, Өзгент ауылы 15 млн теңге ұтып алды. Осындай жетістіктер алдағы жылда да көп болатынына сенемін. Ол жолда барлығымыз бірге жұмыс жасап, бұдан да ауқымды жобаларды іске асыратынымыз анық, - деді аудан басшысы.
Айсұлу Алданазар