Жарымжан тілмен жаңылмайық
– Әжека, «краса» болып тұрсыз!
– Әй, «краса» деген не бәле тағы, әп-әдемі-ақ болып отырмын.
– Енді, әжека, «жынды киініп алыпсыз» деп айтып отырған жоқпын ба?
– Әдірем қалғыр, әзірге алжи қойған жоқпын. Таңертең ғана үстімді ауыстырып, аппақ көйлегім мен орамалымды тағып алдым ғой.
– Ой, әжеш қумаңызшы.
Әже мен немере арасындағы осындай диалог үшін ақ самайлы әжейден қатты ұялдым.Тіл – қарым қатынас құралы. Әрбір айтылған сөз арқылы адамның ой- өрісінің, ақыл-парасатының, рухани байлығының қандай екенін білуге болады. Халық даналығында «дүниеде екі нәрсені кейін қайтарып ала алмайсың дейді: Біріншісі, өтіп кеткен уақыт, екіншісі ауыздан шыққан сөз». Осы бір жалғыз ауыз сөздің құдіретті күшін қараңыз, күллі мұхиттарды жалғайтын сөздің адам өмірінде атқаратын қызметі зор. Сол себептенде халқымыз ауыздан шыққан әрбір сөзге абай болып, ойланып барып сөйлеген.
Алайда бүгінде жастарымыз тілдерін бұрмалап, елден ерекше болып көрінгісі келе ме, әйтеуір, шетелдің жаргон сөздерімен сөйлеуді әдетке айналдырып алған. Тіпті екі ауыз сөздің өзін кібіртіктеп, тұтығып барып әрең жеткізетіні ешкімге жасырын емес. Орысша араластырып сөйлеу сәнге айналды. Айталық, бұрынғы «ата» деп сәлем беретін немере «аташка» деп мойнына оралады. Иіліп сәлем беретін келіндеріміз «здрасти, сәлем бердік» дейтін дәрежеге жеттік. Ең сорақысы, ана омырауындағы сәбиіді «Айналайын, құлыным» деп емес, «Ой, мой синочик», «Доча, играй» деп тәрбиелеп келеміз. Ересектеріміз бір-біріне: жарасымды киініп алыпсың, өзіңе құйып қойғандай деудің орнына «тема киініп алыпсың ғой» десуді әдет қылды. Келбетті, ажарлы қыздарды көрсе «Өзі жынды» екен дейді. Бір нәрсеге алаңдап, өзіңді қоярға жер таппай тұрсаң «неге потеря» болып жүрсің» дейді.
Көптеген жастар өз ойларын дұрыс, түсінікті етіп кеткізе алмайды, басы артық, бос сөздерді көп қолданып айтар ойын шашыратып жібереді. Кейбірі орысша сөздерді қосып, араластыра сөйлесе, бірі жаргонмен диалектілермен сөйлегенді сән көреді-ау шамасы.
Әркім сөзді орнымен қолданып, айтқан ойы мазмұнды, нысанаға дәл тиетіндей ұғымды шығып, тыңдаушысын баурап алардай әсерлі болса, ана тіліміздің мәртебесі көтерілер еді. Жастық шақ жақсы қасиеттерді бойға сіңіру кезеңі екендігіне ешкімнің де дауы болмаса керек. Біреулердің сөйлеу әдебі, жүріс-тұрысы, енді біреулердің кісілігі мен кішілігіне кейінгі інілер елітпей тұра алмайды. Жастық шақ рухани қор жинау кезеңі. Оған көп нәрсе үйрену керек пе? Керек. Білім қажет пе? Қажет. Жақсыдан ғибрат алып, оны көкейге түюге тиісті ме? Тиісті. Осының бәрін ескере отырып, жастарымыз сөйлеу мәдениетін сақтап, өзге тілдегі сөздермен тілімізді шұбарламай, өз тілімізді талан-таражға салмаудың амалын қарастыруы тиіс.
Айталық ата-ана баласының сөз әдебіне, тіл мәдениетіне мән беріп отырса. Екіншіден, жас өрімді дөрекі ортадан аулақ ұстап отыруы тиіс. Үшіншіден, көркем әдебиетті оқуға деген оқушылардың қызығушылығын арттыруға әрбіріміз мүдделі болсақ игі. Төртіншіден, әлеумет тіл мәдениетін жетілдіріп, әсіресе ұстаздарымыз ауыздан шыққан әр сөзіне абай болмаса ағайыннан ұят. Елдің аузында мәнін мәңгі жоғалтпайтын «Бәрі де адамына байланысты» деген киелі сөз бар. Бұл тарих дәлелдеген шындық. Ана тілін жүрегінде жалыны бар, туған ұлты үшін жанын пида етуге әзір, рухты азамат қана қадірлеп, қастерлей алады.
Әсел РЗАЕВА