Тәуелсіздік тартуы
Егемен ел болып, тәуелсіздік алған 33 жылдың ішінде елдің барлық саласы еңсе көтеріп, жаңа бетбұрыстарға бет түзеп, дамудың даңғыл жолына қадам басты. Экономика алға ілгерілеп, әлеуметтік сала, білім мен медицина жаңа белеске шықты. Өркениет пен өндіріс өркендеп, кәсіпкерлік пен ауылшаруашылығы саласында толайым табыстарға жеттік. Осы жылдар ішінде ауданның да әлеуеті артып, жарқын жобалар, байыпты бастамалар қолға алынып, құрылыс қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Ең бастысы, халық санында өсім бар. Соңғы деректерге сүйенсек, аудан тұрғындарының саны 80 мыңнан асып жығылса, соның тең жартысына жуығы кентте қоныстанған. Бала туу көрсеткіші бойынша да облыста озық келеміз. Шешілмеген түйіндер де жоқ емес, дегенмен отыз жылда озық тұстарымыз көп болғаны ақиқат.
Құрылыс – елдің сәулеті мен дәулеті
1991 жылдан бері аудандағы құрылыс нысандарының басым көбі білім мен медицина саласына бағытталыпты. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау тұстан бері жаңа ғасырдың алғашқы жылдарына дейін асар әдісімен салынған білім ошақтарының барлығы дерлік қазір қайта жаңғырды. Заманауи үлгіде мектептер мен медициналық пунктер, аурухана мен емханалар қайта бой түзеді. Кенттің өзінде мемлекеттік пен жеке мектептердің саны 19-ға жетті. Сонымен қатар, жаңа үлгідегі «Жайлы мектеп» жобасымен тағы 600 орындық білім ошағы салынуда. Қосымша білім беру орталықтар мен үйірмелер де аз емес. Қарап отырсаңыз, білім саласына құйылып жатқан инвестицияның көлемі өте ауқымды.
Сол секілді медицина саласына да аз көңіл бөлініп жатқан жоқ. Әр ауылда амбулаториялар мен пунктер бар. Тіпті жақын күндері Төменарық ауылдық округінде 15 орындық аурухана іске қосылады. Өзіндік статусы бар аурухананың көршілес ауылдардың тұрғындарын қамтуға толық мүмкіндігі бар. Оқушылар үйі, руханият орталығы, зәулім мешіттер мен кәсіпкерлік нысандар, сауда үйлері және спорт кешендері ауданның ажарын кіргізіп, жұртшылыққа қызмет етіп келеді. Айта кететіні, баспана мәселесін шешіп, тұрғын үйлер салынуда. Бұл да тәуелсіздіктің бізге берген сыйы.
Ғаламат жобалар ғасыры
Инфрақұрылым мәселесі қазір ең өзекті салаға айналды. Жол, жарық, ауыз су мен көгілдір отын мәселесі бірінші кезекке қойылды. Осыдан тоғыз жыл бұрын ауданға алғаш рет газ келіп, ғасыр ғаламатына баланған болатын. Соңғы екі жылда тағы 10 ауыл қатты отыннан құтылып, табиғи газға қол жеткізді. Алдағы екі жылда аудандағы барлық елді мекендер көгілдір отынның игілігін көретін болады. бұл бір кездер жай арман, қиял болып келген еді. Енді сол арман шындыққа айналды.
Жол жүйесі толық шешілді, ауданаралық жолдардың барлығы асфальттанды, тек ауылішілік көшелер ғана қалды.
Сыр мен қырдағы ауылдар ауызсудан тарығып, сағатқа телміріп отыратын. Бұл мәселенің толық түйінделетін күні алыс емес. Келесі жылы ауыз су мәселесі шешіледі деп күтілуде.
70 пайыз тозығы жеткен электр желілерінің де жаңғыратын кезі келді. Кент қана емес, барлық ауылдардың жарығы жаңалануда. Бағаналар, электр сымдары мен жаңа трансформаторлар орнатылуда. Жел тұрып, дауыл соқса өшіп қалатын жарық мәселесі енді болмайды. Көпірлер де ел игілігіне тарту етілді, әлі де жобаға енгізілген көпірлер бар. Міне, егемендік жылдардағы жеткен жетістіктердің бірі осы жобалар.
Аграрлы саланың серпіні
Ауылшаруашылығы саласы да жыл сайын жаңа белеске көтеріліп келеді. Әлемдік мәселеге айналған аяқ суға қарамастан дала диқандары мол өнім алу жолына түсті. Күріштің көлемі азайғанымен өнімі артты. Екіншіден, ауданға жаңа технологиялар келе бастады. Дрондар мен жер тегістегіш лазерь және су жаңа комбайндар аудан халқына қызмет ете бастады. Әртараптандыруға бетбұрыс келіп, өзге өңірлер мен шет елдерге тәуелділік азайды. Импорттан арылып, экспортқа қадам басып келеміз. Сыр маржаны, Жайылманың қарбызы мен ауданның асқабағы және төрт түлігі қазір көршілес облыстар мен шет ел нарығына шыға бастады. Бұл да аграрлы саланың толайым табысы.
Ата кәсіпті игілігіне идірген жаңақорғандықтар мал шаруасын ширатып, жыл сайын облыс бойынша үздік шығуда. Аймақтағы төрт түліктің, оның ішінде уақ малдың жартысы біздің шопандарға тиесілі. Қыста қыстауы, жазда жайлауы бар, тау етегін паналаған қойшылар мен малшылардың еңбегі еш кетпеуде. Оны аймақ жұрты жақсы біледі, биыл да өңірде көш бастадық. Мұнан бөлек бұл салаға ауданда инвестиция құйылып, ірі-ірі жобалар қолға алынуда. Бір ғана мысал, тау етегіндегі алма бақты атауға болады. құйылған қаржының көлемі млрд теңгеден асып жығылады.
Өндіріс өркендеп келеді
Алдымен кәсіпкерлік көкжиегіне көңіл бөлейік. Соңғы бес жылда мемлекеттен берілетін жеңілдіктер, яғни, төмендетілген пайыздық несие, қайтарымсыз қаржымен субсидия алу көрсеткіші бойынша аудан кәсіпкерлері тағы көшті тізгіндеді. Шикізат өндіретін аудан болған едік, енді соңғы уақыттарда өнім өндіруші өңірге айналып келеміз. Жүгері сусыны, сабын, кір жуатын ұнтақ, құрылыс заттары, мал азығын шығарушы, сондай-ақ, тас өңдеуші кәсіпкерлер де артты. Мұның барлығы ауданның әлеуеті мен экономикасына оң әсер етеді.
Жаңақорғанда уран өндіретін екі бірдей алып өндіріс ошағы «Қызылқұм» және «Байкен-U», күкірт-қышқыл зауыты «СКЗ-U», «Шалқия Цинк ЛТД» ЖӘНЕ «Жаңақорған Транзит» сынды өндіріс орындары жұмыссыздықты жүйелеп, салық түсімдерін арттырып отырғаны рас. Уран өндіруші мекемелернің әлеуеті кеңейіп, өзге де игі істерге мұрындық болып келеді.
Спорт биігі
Жалпы Жаңақорған спортының тарихы жарты ғасырдан асты. Тәуелсіздік алғанға дейін жеткен жетістік пен соңғы 33 жылдағы бағындырған белес аз емес. Жақсылық Егізбаев салған сара жолды жалғаған аға буынның шәкірттері керемет нәтиже көрсетті. Егемен ел ретінде қазақ спортшылары 9 рет олимп төрінде өнер көрсетсе, жаңақорғандық саңлақтар соның төрт бірдей ойынында бақтарын сынады. Тек еркін күрестен байрақты бәсекеде бақ сынап, барлық балуан да үздік бестіктен көрінді. Жасұлан Мұтарбекұлы, Дәулет Ниязбеков пен Ғалымжан Өсербаев 2008, 2012, 2016 және 2020 жылғы Олимпиада ойындарында өнер көрсетіп, аудан абыройын асырды. Қаншама Әлем чемпиондары мен Азияның теңдесіз спортшылары біздің ауданнан шықты.
Бокс, футбол, волейбол, баскетбол, ауыр атлетика, қол күрес, дзюдо және өзге де спорт түрлері жаңа дәрежеге жетті. Ат спорты аймақта 15 жылдан астам уақыт чемпион болып, ұлттық құрама сапында көптеген шабандоздар тер төкті. Аймақ спорты тарихында көптеген спорт түрлерінен жеткен жетістер бойынша рекордтарды жаңарттық.
Түйін. 33 жылда ауданның жеткен жетістіктерін қысқаша осылай сараладық. Әлі де тізбектей берсек бағындырған белес, алған асуымыз аз емес. Ең бастысы, халықтың тұрмыс-тіршілігі түзеліп, бәсекеге қабылеттілігіміз артып келеді.
Әли ТЕМІРБЕК