Журналистика саласының үздігі Ержан Уәйіс 70 жаста
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналистика саласының үздігі Ержан Уәйіс 70 жаста. Бүгін мерейтой иесіне Қызылорда облысының ең жоғары наградасы «Құрмет грамотасы» табысталды.
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов мерейтой иесін қабылдап, еліміздің дамуы жолында сіңірген еңбегі үшін алғыс айтты.
Ержан Үбәйдаұлы – Тәуелсіздік алғаннан кейін шетелде аккредитацияға тіркелген тұңғыш қазақ журналисі. Еңбек жолын Алматы қаласында қазақ республикалық телевизиясында режиссердің көмекшісі қызметінен бастап, тілші, редактор, диктор, экономика шолушысы, Бас редактордың орынбасары, Үкімет пен Парламенттегі арнаулы тілші болды.
Қазақстан Республикасының Түркиядағы «Егемен Қазақстан», «Халық кеңесі», «Заман Қазақстан» газеттерінің арнаулы тілшісі бола жүріп, сол елде елшілік ашылғаннан кейін Стамбул қаласындағы Бас консул қызметіне тағайындалды. Осылайша саяси қызметке кірісе келе, екі ел арасындағы мәдени-рухани байланысты нығайтуға атсалысты.
Қазақстан Республикасы Ұлттық баспасөз клубының вице-президенті, Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы қызметтерін абыроймен атқарды.
Ержан Үбәйдаұлы бүгінде «Достық үйінде» аймақтағы қоғамдық келісім мен этносаралық бірлікті нығайту бағытында жемісті еңбек етуде.
Мемлекеттік қызметпен қатар қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, Сыр өңірінің рухани-мәдени дамуына зор үлес қосып келеді.
Басқосуда облыс әкімінің орынбасары қайраткерге ел дамуына сіңірген еңбегі үшін облыстың ең жоғары наградасы «Құрмет грамотасымен» марапаттап, Сыр жұртшылығы атынан игі дәстүрмен иығына шапан жапты.
Қабылдау аясында Ержан Үбәйдаұлының әріптестері, зиялы қауым өкілдері Бегімбай Ұзақбаев, Өмірбек Шәменов, Жағыппар Қарабала мерейтой иесін құттықтап, жүрекжарды лебіздерін арнады.
Өз кезегінде Ержан Үбәйдаұлы көрсетілген құрмет пен ілтипат үшін облыс басшылығына ықыласын білдіріп, алғысын жеткізді.