№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әбілхан Қастеевтің туындысынан шабыт алатын шәкірт

Әбілхан Қастеевтің туындысынан шабыт алатын шәкірт


Бейнелеу өнері – адам жанының тереңінен қайнап шығатын жанды сурет. Осы орайда көркем өнерді жанына серік еткен нәзік жандар қатарында жас толқын Дана Әшірбайдың шығармашылдық әлемі жайлы әңгіме өрбітсек.


Ол аудан орталығындағы №3 мектеп интернатының 11 сыныбында оқиды. Дананың бойындағы бұл өнері бабадан қалған қасиетті мұра. Жұдырықтай жүрегі өнер деп соққан дарынды жастың шығармашылыққа келуі де кездейсоқ емес. Белгісіз бір тылсым күштің дәйім жанын шуақтандырып тұратынын да жасырмайды. Ол бейнелеу өнерінің негізін қалаған Әбілхан Қастеевтің туындыларынан өзіне шабыт алады екен.
– Бала қиялым теледидардан көрген мультфильмдердің кейіпкері болуды қалайтынмын. Алғашқы салған суретім де өзімнің сүйікті кейіпкерлерім болды. Осы бейнелеу өнері арқылы сол әлемге еніп, өз қиялыммен саяхат жасадым. 7 сыныптан бастап оған біржолата бет бұрып, бірнеше республикалық байқауларда жүлделі орындарды иемдендім, – деді ол.
Ол болашақ мамандығын да таңдап үлгерген. Алға қойған мақсаты да айқын. Мақсаты – тұрғын үй үйлесімін жасайтын дизайнер болу. Сол жолда тынымсыз еңбек етуден де жалыққан емес. Бір қызығы, қылқалам ұстауда ешкім бағыт беріп, жол сілтемепті. Бойындағы табиғи дарынының арқасында алғаш 2018 жылы республикалық суретшілер сайысында І орынды иемденді. Бұл жеңіс кейіпкерміздің өнерге қызығушылығын одан әрі арттырды.
Бүгінде «Әлшекей» атындағы өнер мектебіндегі ұстазы Жандарбек Бектеміровтен бейнелеудің қыр-сырын меңгеріп келеді.
– Дана нағыз шығармашылықтың адамы. Оның бойында қабілет бар. 11 сыныпта ҰБТ-ға дайындыққа басымдық беріледі. Сөйтсе де ол өзін кәсіпкер ретінде танытқысы келеді. Жаз айында кәсіпкерлікті бастау, бизнесті дамыту жолдарын үйрететін сабақтарға қатысты. Болашағынан үлкен үміт күтетін шәкіртіміздің бірі. Ол оқыған әдеби көркем шығармасын өзінің сыйқырлы қаламымен бейнелеп бере алады. Мұндай жанрда сурет салудан аудан мектептері ішінен қарсылас шақ келтірмеген ол жақында 7-11 сынып оқушылары аралығында өткен «Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасының облыстық кезеңінде Абайдың 23 қара сөзіне комикс бейнесіндегі туындысымен ІІІ орынға табан тіреді, – дейді мектептің тәрбие меңгерушісі Гүлнара Әлібекова.
Мектеп басшылығы Дананың туындыларынан көрме ұйымдастыруды да ойға алған. Жүрек қалауын болашақ мамандығына айналдыруға кіріскен жас талант болашақта бейнелеу өнерін заманауи технологиямен ұштастыруды мақсат етіп жүр. Сол бағытта осы саланың білгірлерінің онлайн сабақтарына қатысып жүргені тағы бар.
– Бейнелеу өнерінде түпнұсқа жоқ. Қай деңгейдегі суретші болса да ол көшірмеге ұрынады. Мысалы табиғатты бейнелейтін болсам мен оны көріп отырып салып, өз қиялымды қосу арқылы бір туынды пайда болады. Бүкіл энергияңды беріп, бар сезіміңмен салғанда ғана жақсы туынды пайда болады. Бейнелеу өнері бітпейтін құбылыс, бояған сайын толыға түседі, – дейді кейіпкеріміз ағынан жарылып.
Дана табиғаттың көркем туындысын қағазға түсіріп, шабытпен бедерлейді. Оның «Көкнәр алқабы», «Назым сұлу», «Арманға қол созу», «Cats the stars» сияқты туындылары мектепте сақтаулы. Көркем әдебиетті жаны сүйетін талантты жас сонымен қатар портрет, галактика, тарихқа толы бейнелерді шеберлікпен бейнелейді екен.
Қазіргі уақытта Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастылырған бейнелеу өнері сайысына қатысуды жөн санаған ол Абай Құнанбаевтың 4 мезгілге арналған өлеңдері ішінен «Қыс» өлеңінің бейнесі мен Абайдың портретін салуды бастап та кеткен.
Шығармашылықты жаны сүйетін кейіпкеріміз бос уақытында шетел әдебиетімен танысып, олардың салт-дәстүрі, әдеп-гұрыптары жайлы білмекке көп ұмтылатыны айтады.
Болашағынан үміт күттірген Дананың биік белестерді бағындырып, бейнелеу өнерінде қолтаңбасы қалар ел мақтанышына айналуына тілектеспіз.

Майра ҒАНИЕВА
25 ақпан 2020 ж. 666 0