№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Өнерлі өрендер жеңісі

Өнерлі өрендер жеңісі

Қазақ өнерінің қай түріне болмасын жаңақорғандықтардың жауапкершілігі жоғары. Әсіресе қасиетті жеріміздің мәдени өмірінде жас өнерпаздардың қолтаңбасы ерекше. Облыстық, республикалық тіпті халықаралық байқауларда табысты өнер көрсетіп жүрген ұл-қыздарымыз соның дәлелі. Дей тұрғанмен аудан орталығындағы «Әлшекей» атындағы өнер мектебінің шәкірттері Түркістан қаласында өткен республикалық «ART Baiterek» байқауында бейнелеу және би өнері бойынша үздіктер қатарынан көрініп, олжалы оралды.

   «Атадан мұра» қоғамдық қорының бүлдіршіндер, мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында ұйымдастырған өнер додасында асығы алшысынан түскен жаңақорғандық өрендерді жеңісімен құттықтағымыз келеді. Аталмыш өнер ұжымы атынан аудан намысын «Бейнелеу өнері» саласы бойынша экологиялық бағытта қорғаған Баянсұлу Жұмағазының «Құтқаршы» картинасы ІІ орынды иеленсе, пейзаж жанрында «Өткелде» тақырыбын салып, қоршаған болмыстағы құбылыстар мен заттарды бейнелеу тәсілдеріне машықтанғанын дәлелдеген Асылбек Орынбек үздік үштіктен көрінді. Ал осы оқушыларды бейнелеу өнеріне тәрбиелеген жетекшісі әрі өнер мектебінің директоры Қалдыбай Қошқарбаев үздік шәкірт дайындағаны үшін «Алғыс хатпен» марапатталды.

– Қазіргі заманда сурет салу балабақшадан бастау алса деген тілегім бар. Өйткені баланың ой-өрісін кеңейтіп дамыту үшін бұл сала ең қажетті оқу түрі деген болар едім. Негізі сурет салу арқылы өмірде кездесетін қарапайым заттарды бейнелеуді үйренеміз. Ал бұл дегеніміз бала қабілетінің дұрыс қалыптасуына жол ашады. Біздер осы бағытта жас суретшілерді дайындауды мақсат еттік. Демек, суреттің тілін түсіну үшін балаңыз кішкентай күнінен осы өнердің қыр-сырына қанығып өсуі керек. Сонда ғана Баянсұлу мен Асылбектей өрендерімнің қатары артатынына сенімдімін, – деді Қалдыбай Шілтенұлы жеткен жетістіктерімен бөлісіп.

Бұл өнерлі ұжымның кшкентай бишілері де осал емес. Құрылғанына 10 жыл болған, 60 биші қыздан құралған «Еркеназ» би тобы да аудан атын талай додаларда асқақтатып жүр. Бұл жолы киелі Түркістан шахарында ұйымдастырылған республикалық байқауға 18 қатысушысы қатысқан Ажар Айқынбекқызы қызының шәкірттері Бас жүлдені қанжығаға байлады. Құрамында Жанұзақ Гулшара, Шанияр Ақнұр, Жұмат Зере, Жұмағазы Магда, Сунетулла Раяна, Бекахмет Әсел, Ерман Наз, Бауыржан Ұлсана, Әбілқасым Гулшат, Сапилла Еркеназ, Абдужолдас Айзере, Алжан Айсұлу, Жанәділ Жаухар, Амангелді Айман, Амангелді Шолпан, Серік Жасмин, Қызайбай Інжу, Бахыт Асылай сынды мың бұралған биші қыздары бар бұл топ байқаудан Ташкент қаласында өтетін Халықаралық конкурсқа жолдаманы жеңіп алды.

Сондай-ақ аталмыш сайыста тағы бір өнер ұжымының белді маманы белгілі биші Гүлнар Ибадуллаеваның жетекшілігіндегі «Аққу» би тобынан түрлі жастағы үш топ қатысып, нәтижесінде сәбилер тобы Бас жүлдені, кіші тобы ІІ орынды иеленді.

Ал аспапта ойнау жанры бойынша сайысқа түскен тартысты додада Нұрсезім Әлихан, Адиля Сембек, Сезім Икрамхан мен Зарина Қалидың басын қосқан «Мереке» тобы жүлделі ІІІ орыннан көрінді.

Расымен өнерлі жан өзіне ғана емес, өзінің білім алушыларына да бақыт сыйлай алады. Бүгінде «Әлшекей» өнер мектебі шәкірттерінің бірнеше байқауларда қол жеткізген жетістіктерін ауыз толтырып айтуға болады. Демек, өнер адамның рухани азығы, ол халықтың бүгіні мен келешегі, арманы мен қиялы, жалпы болмысы дегенді дәлелдеп келе жатқан ұжымға дарынды шәкірттеріңіз мұнан да биік белестерді бағындыра берсін деген тілек айтамыз.

Лаура БИБАСАРОВА 



15 желтоқсан 2022 ж. 426 0