№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ісмерлік – игі өнер

Ісмерлік – игі өнер


Ісмерлікті игілігіне икемдеген жанның тынымсыз еңбектену арқылы еңсесі биіктеп, алысқа баратыны анық. Әсіресе тігіншілікті кәсіп еткендер өмірлік тіршілік тетігіне негіз қалайды. Жанына жақын өнерді кәсіпке айналдырғандардың қатарында жаңақорғандық Мейрамгүл есімді замандасымыз туралы жан-жақты жазуды жөн көрдік.


Ол бала күнінен кесте өрнектеуді әдетке айналдырған екен. Орта мектептен соң жоғарғы оқу орнына түсіп, педагогикалық оқу орнын үздік тәмамдайды. Одан әрі осы салада еңбек жолын бастайды. Бірақ бойда бар тігіншілік өнерге қызығушылығы басым түсіп, екінің біріне қона бермейтін қасиетті кәсіпке ден қоюды жөн санайды.
– Кішкентайымнан тігінге қатты қызықтым. Шамамен 5-6 жасымнан бастап қуыршақтарға киім тігетінмін. Негізі, ісмерлік менің бойыма өз жағымнан да, нағашыларым жағынан да дарыған. Арғынбай атам етікші болған. Ол осы кәсіпті айналдырып, нәпақасын тауып, отбасын асыраған екен. Ал, нағашы атам Серғазы мықты ағаш ұстасы болған. Анам да тігін тігетін. Содан болар, ісмерлік жаныма жақын. Бойымдағы қабілетті осы кісілерден дарыған деп білемін, – деп бастады ол әңгімесін.
Мейрамгүлдің төл кәсібін да­мытуына жолдасы мен ата-анасы көп қолдау көрсетіпті. Ол бала кезден өзі құмартқан осы істің қыр-сырын меңгеріп, ісмерлікті игілігіне икемдеуді үйренген. Оның осы өнерді кәсіпке айналдырғанына да жеті жылдан асыпты.
– Бастапқыда түрлі көрнекіліктер жасадым. Кейіннен мемлекеттің жас кәсіпкерлерге жасаған қолдауының игілігін көріп, қайтарымсыз грант жеңіп алдым. Қайтарымсыз қаражатқа өз идеямды ұсынар алдында «жеті өлшеп, бір кесіп», көп ойланып, өз жобамды ұсындым. Бастысы, өзімнің қолымнан келетін істің көзін тауып, жаныма серік еткен тігіншілік өнерді табанынан тік тұрғызуды мақсат еттім.
Жұмыс жоқ деп қол қусырып қарап отырмай бойда бар өнерді еңбекпен ұштастырған абзал. Есесіне ешкімге алақан жаймайсың, жұмыс іздеп біреудің есігін қақпайсың. Негізі, қыз баланың қолына ине ұстап, іс тіге алуы толыққанды тұрмысқа да қол тірек, отбасылық бюджетті үнемдеуге де септігі мол, – дейді Мейрамгүл Нұрлыбайқызы.

Мейрамгүл алдымен өз бала­пандарына түрлі киім тігіп, кейіннен мектептер мен балабақшалардың мерекелік ертеңгіліктеріне сәнді костюмдер тігуге ден қойған. Тап­сырыспен киім-кешек, ертегілер кейіпкерлері мен басқа да қажетті дүниелерді қамдап беруге қауқары мол.
«Шебердің қолы ортақ», демекші ісмерлікті жанына серік еткен жігерлі жастың игі бастамасы аудан халқына, оның ішінде өзі орналасқан МАИ бекеті ықшам ауданы тұрғындарына үлкен пайдасын тигізуде. Өйткені, бұрындары киімді немесе тағы басқа тұрмыстық затты тіктіру үшін орталыққа қарай сабылатын тұрғындар енді қызметтің бұл түріне жақын жерден қол жеткізе алады.
Бала күнінен анасының тігін өнеріндегі төзімді дағдысын көріп өскен ол тігін тігу үлкен табандылық пен сабырлылықты талап ететінін барынша көңілге түйіп өсті.
– Кішкентайымызда анамыз мек­тептегі ертеңгіліктерге сәукеле, та­қия, қазақша қос етекті көйлектерді тігіп беретін. Кейде осылай таңды атыратын сәттері болатын. Көйлек-көншекті жылтыр түймемен, күміс теңгемен, моншақпен безендіруші еді. Таң атқанша анамның жанында көмектесіп мен де осы өнерге құмартып өстім. Мамандығым «қа­зақ тілі-әдебиеті» пәнінің мұғалімі. Бірақ атадан дарыған ісмерлік менің жаныма жақын болып, біржола осы кәсіпке ден қойдым, – дейді ол.
Иә, «Шебердің инесі де, күймесі де – алтын». Қолына құт болып қонған ісмерлікті кәсіпке айналдыру үшін жастарға мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмекке қол жеткі­зіп, нәтижеге жеткен Мейрамгүл Нұрлыбайқызының осындай еңбек­қорлығы замандастарына үлгі болары сөзсіз.

Айсұлу АЛДАНАЗАР

16 қараша 2024 ж. 135 0