Соңғы жаңалықтар

Білім туралы құжаттарды тану

11 желтоқсан 2024 ж. 49

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қос өнерді құрмет тұтқан жан

Қос өнерді құрмет тұтқан жан


Талант – таңдап қонатын бақ. Ал әр адамға бірдей бұйыра бермейтін бақты бағалай білу өз алдына тағы бір өнер. Табиғи дарынды дамытып, үлкен жетістікке айналдыру – тынымсыз еңбек пен тұрақты ізденісті талап ететіні мәлім. Өнері мен өмірін қоса өріп, сиқырлы бояуларымен бар сұлулықты қағаз бетіне сыйдырған суретші сырлы саусақтарымен сырмақ сырып, кесте бедерлесе – бұл бір нағыз талант иесі дер едік. Бүгінгі кейіпкеріміз Ұлмекен Мауытова тура осындай жан. Оның әрбір туындысы – ой мен сезімнің үйлесімі. Ол қылқаламымен сұлу әлемді суреттесе, инесі мен жібі жансыз матаға жан бітіріп, келісті кестелерімен таң етуде.

Суретші - шығармашылық әлемде ерекше орын алатын тұлға. Оның басты құралы қиял мен шабыт. Ол шынайылықты бейнелеп, өз көңіл-күйі мен эмоциялары арқылы өң беріп, қанық бояулардың көмегімен әсем туындыларды жеткізеді. Кескін­деу саласында классикалық бейнелеуден бастап заманауи абстракционизмге дейін сан түрлі жанр болса Ұлмекен Қайырбайқызы бүтін болмысына өнердің бар саласын жия білген әмбебап майталман. Оның бұл салаға келуіне бірден бір себепкер атасы – Қазақбай Әлібеков болса, өнердегі өз орынын табуына себепші болған Набихан Шалапов. Бұл туралы суретшінің өзі былай дейді:
– Сурет өнерінің қыр-сырын үйретіп, менің туындыларымды бірден-бір бағалаған жан Наби­хан Шалапов ағамыз. Ол кісінің қолдауы мені биік мақсаттарға жетелеп, түрлі байқаулар мен суретшілер симпозиумдарына шығып тұруыма да себепкер болды. Бастапқыда жүрек қалауыммен бедерлеген кескін-кейіптер кәсіби маман болып қалыптасуымның алғашқы қадамдары еді. Қай жерде, қандай бір байқау бола қалса менің туындыларымды таныстыруға асыққан ағамыз маған қанат бітіріп, қолдай жүріп, қолөнерді жете меңгердім, – дейді ол.
Алматыдағы көркемсурет училищесін бітірген Ұлмекен Қайырбайқызының еңбек жолында төл кәсібінен қол үзіп қалған кезі де жоқ емес. Тұрмыс жағдайымен ошақ басынан ұзай алмаған уақыттар да болды. Соған қарамастан, бойда бар өнерінің өрісін тарылтпай, қылқаламынан ажыраған жоқ. Сол кездегі музей басшысы Набихан Шалапов ағамыз Ұлмекеннің үйіне танымал суретші Яссауи Ағатаевты ертіп келіп, шығармашылық байланысқа жол ашады. Онан кейін де суретшілер байқауы бола қалса немесе музейдегі қандай да бір шығармашылық басқосуларда Ұлмекен Мауытованың қолынан шыққан туындылары қабырға суреттері қата­рында жарқырап тұратын болды. Сиқырлы бояу­дың көмегімен салынған әрбір жаңа туынды шабыт сыйлап, бірте-бірте нағыз суретші болып қалыптасқан шебер 2010 жылы Қазақстанның Суретшілер Одағына мүшелікке енеді.
Өз қиялынан туған әрбір жұмыс шеберлігін одан әрі айқындай түсіп, 2016 жылдың қарсаңында суретшінің туындылары «EXPO-2017» көрмесіне жолданатыны белгілі болады. Аталмыш көрмеге дайындық барысында суретші еліміздің түкпір-түк­пірінде болған байқауларға қатысып, шеберлігін шыңдай түседі. Қызу дайындық пен қарқынды жұмыс кәсіби суретшіні жаңа қырынан ашып, Қазақстанның қолөнершілер одағына енуіне себеп болды.
Суретші үшін шабыттың мәні зор. Ол табиғаттан, адамдардан, оқиғалардан немесе тіпті қиялынан шабыт алады. Өнер арқылы суретшілер қоғамдағы мәселелерді көрсетіп, ой тастайды әрі өмірдің әдемілігін дәріптейді. Суретшінің әрбір туындысында эстетикамен қоса терең философия жататыны сөзсіз. Сонымен қатар, суретшінің өнері тек оның жеке болмысы емес, ол әлемге қалдырған ізі. Кез келген сурет көрерменге эмоция береді, ойландырады, қуантады. Сондықтан оның еңбегі әрқашан жоғары бағаланып, өз биігінен түспек емес.
Қолына ұстаған құралын шығармашылық туындыға айналдырған Ұлмекен Мауытованың кестелі кескіндері де көрермен жүрегіне жол тауып, талайлардың таңданысын туғызған. Себебі, суретшілік қиял мен ісмер саусақтың ептілігі біріккенде көркемдік тұрғыдан терең әрі нәзік туынды шығатыны даусыз. Шебер бояулар арқылы әлемнің кеңдігін көрсетсе, екінші жағынан жіп арқылы әрбір сызықты мән-мағынамен толықтырады. Оның әрбір жұмысы — шексіз қиялдың көрінісі, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын өнер. Сурет пен кестенің ұштасуы арқылы ол өзіндік ерекше стильді қалыптастырып, өнердің шексіз мүмкіндіктерін ашады. Осындай талантты адам — нағыз шығармашылық еркіндікке ие және оның қолынан шыққан әрбір туынды көпқырлы әрі бірегей болып қала бермек.

Жәмила ЕРМАХАН

09 қараша 2024 ж. 164 0