Еліміздің білім саласында елеулі еңбек атқарып, 50 жылдан астам уақыт білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай тер төккен ардақты ұстазды еске алу құрметіне Жаңақорған кентіндегі №110 мектеп-лицейінде пәндік олимпиада білімпаздарды бақ сынады. Бұл кісінің есімімен тұңғыш рет өткен аудандық олимпиада Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері, білікті ұстаз, математик Үкібай Исаұлына арналды.
Үкібай Исаұлы 1945 жылы Жаңақорған ауданы Бесарық ауылдық кеңесіне қарасты қазіргі «Қосымсарай» аталып жүрген жердегі Ворошилов колхозында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институтына түсіп, математика мамандығы бойынша оқып, бітіреді. Еңбек жолын өзі оқыған №54 «Октябрь» орта мектебінде математика пәні мұғалімі боп бастады. Бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ол «Бесарық» сегізжылдық мектебінде директордың орынбасары, №239 «Кеңес» сегізжылдық мектебінде математика пәнінің мұғалімі, Алматы облысы Қаскелең қаласындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. Көптеген мемлекеттік марапатқа ие болған. Осындай нар тұлғалы ұстазды еске алу мақсатында білім бәсекесінің жоғары деңгейде өтуіне облыстық білім басқармасы және аудандық білім бөлімі ұйытқы болды.
Пәндік олимпиаданың ашылуында сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов:
– Атаулы олимпиаданың мақсаты – математикадан қиындығы жоғары есептерді шығарумен шұғылданатын, танымал математиктердің ізін қуушы ынталы әрі дарынды жастарды анықтай отырып, математика және басқа да жаратылыстану салаларында мықты талапкерлерді анықтау, оларға қолдау көрсету. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев білім саласына ерекше назар аударып, Жолдауында да осы мәселеге үлкен көңіл бөлді. Қазір біліммен бәсекелесетін уақыт. Әлемнің озық елдері адами капиталды дамыту арқылы өркениет көшін түзеді. Біз де дамудың даңғыл жолында өз жолымызды табу үшін жастарға сапалы білім беруді жолға қоюымыз керек. Үкібай Исаұлы атындағы олимпиаданың осындай жұмысымызды жүйелеуде септігі көп. Қатысушыларға сәттілік тілеймін! – деді.
Олимпиадаға аудандар бойынша 11 сынып оқушылары арасында 40 білімпаз қатысты. Олар математикадан 1,5 сағатта 4 тапсырманы орындады. Әр мектептің намысын қорғаған оқушылар білім таразысында үздік шығуға талпынды. Олимпиада қорытындысында жүлдегерлер анықталып, оларға сыйсияпаттар тапсырылды.
– Әкеміз – осы ауданның тумасы. Осы ауданда еңбек етіп, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған ұстаз. Екі жыл бұрын 75 жасында дүниеден өтті. Әкемізді еске алу әрі жастардың математикаға деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұрпақтары пән олимпиадасын өткізіп отырмыз. Биыл дәстүрлі түрде жалғасын тауып отыр. Бұл сауапті іс деп есептейміз. Былтыр бірінші орынды иеленген қыз Қорқыт ата атындағы университетке «математика» факультетіне грантқа оқуға түсіпті. Осы жерге ата-анасы келіп, оқушыларға сәттілік тілеп, алғыстарын білдіріп жатыр. Соған қарағанда бүгінгі келіп отырған 40 қатысушының барлығы да математика пәнін ұнатып, осы мамандыққа оқуға түсуге ниеттеніп отырған талапкерлер. Әкеміздің атын ұлықтап, отбасымыздың атынан осындай олимпиада ұйымдастыруды құп көрдік. Бірінші орынға – 150 мың теңге, екінші орынға – 100 мың теңге, үшінші орынға – 50 мың теңгеден екі орын тағайындадық. Алда осындай пән олимпиадасын облыстық, республикалық деңгейге көтеруге ниеттеніп отырмыз, – деді ұлы Әбіләзиз Исаев.
Пәндік олимпиаданы қашықтықтан бақылап отырған академик, физикаматематика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев «ZOOM» бейне-конференция арқылы байланысып, пікір бөлісті. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің механика-математика факультетінің деканы, доктор, профессор Дәурен Жәкебаев та жылы лебізін білдірді.
Олимпиада қорытындысы бойынша үшінші орынды N54 мектептің оқушысы Кеңесбек Әбдімансұр мен N54 мектептің оқушысы Кеңесбек Әбдімансұр енжіледі. Екінші орынға N163 мектептің оушысы Әбділат Дана лайық болды. Ал, 40 оқушының арасынан N110 мектептің оқушысы Сағындық Тоғжан үздік шықты.
– Бүгінгі сын мен үшін ауыр болды деуге келмейді. Олимпиада берілген барлық есепті шығара алдым. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын, болашақта өзім де математика пәнінің мұғалімі болуды армандаймын. Бүгінгі бағытым соның бастауы деп білемін, ұстаздарыма үлкен алғыс білдіремін. Ал, математика пәнінің қас шебері Үкібай Исаевтың атындағы олемпиада бізге үлкен мүмкіндік деп есептеймін. Алдағы уақытта
да өз жалғасын тапса деген тілегім бар, – деді жарыс жеңімпазы.
Әсел РЗАЕВА