№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Аграрлы сала – молшылықтың көзі

Аграрлы сала – молшылықтың көзі


Сонымен биылғы егін науқаны өз мәресіне жетті. Алты ай дала төсінде тер төгіп, екі ай өнімді шашпай-төкпей жинап, қамбаға түсірген диқан қауымы жылды ойдағыдай түйіндеді. Су тапшылығы мен қолайсыз ауа райынан аман-есен өтіп, қамбаны астыққа толтырған дала еңбеккерлерінің еселі еңбегі ақталды. Молшылық пен тоқшылықтың берекелі күзінде алғысқа бөленген егінші қауым келер жылдың қам-қарекетіне кірісе бастайды.

Ауыл шаруашылығы ел экономикасы­ның драйвері ғана емес, мемлекет әлеуеті­нің тірегіне айналған негізгі сала. Әсіресе ауыл-аймақта тұратын ағайынның күнкөрі­сін реттеп, тіршілігін түзеген бұл салаға соңғы жылдары айрықша көңіл бөлінуде. Мемлекеттік бағдарламалар, жарқын жо­балар, несие бойынша жеңілдіктер мен салынып жатқан инвестицияның нәти­жесінде толайым табыстарға жете бастадық. Бұл ретте Сыр өңірі, оның ішінде біздің ауданның да көрсеткіші көңіл қуантады. Әртараптандыру, тамшылатып суару, суды үнемдеу технологиясын енгізгелі жаңа бетбұрыстар пайда болды. Басқасын айт­пағанда, мал шаруашылығынан Жаңақор­ған ауданы Сыр өңірінің чемпионы. Бұл да атакәсіптің керегесін кеңейткен аудан жұртының жетістігі деуге болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев биылғы Жолдауында ауыл тұрғын­дарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды екенін айтты. Алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70%-ға жеткізу, ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу, өндірістік жылы­жай шаруашылықтарын дамыту сияқты болашағы зор бағыттарға басымдық беру қажеттігін атап көрсеткен болатын. Жолдау жүктеген міндеттердің жүзеге асырылуы халқының 60%-ы ауылда тұратын, ауыл шаруашылығы арқылы табыс тауып отырған елді мекендегі жұрт үшін аса маңызды.
Биыл 23,3 млн гектар алқаптан ауыл шаруашылығы дақылдары жиналды. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өнім былтырғы деңгейден көбірек жиналғанын атап өтті.
Министрдің мәлімдеуінше, 16,7 млн гектардан дәнді және бұршақты дақыл­дар жиналып, 26,5 млн тонна астық бастырылған. Орташа өнімділік гектарына 16 центнерді құрады. Айдарбек Сапаров бұл өткен жылғы көрсеткіштерден жоғары екеніне назар аударды. Негізгі астық еге­тін өңірлердің ішінде Солтүстік Қазақстан облысының диқандары мол өнім алған. Оңтүстік өңірлерде өнімділік бойынша жоғары көрсеткіштер Қызылорда, Түркістан және Жетісу облысының шаруаларына тиесілі екені тілге тиек етілді. Министр осы күздегі қолайлы ауа райына байланысты астық шығынсыз жиналғанын да мәлімдеді.
– Мол өнім алуға ауа-райының қолай­лы болуы, агротехнологияларды дұрыс қолдану да сеп болды. Диқандардың са­палы тұқымды пайдаланып, минералды тыңайтқыштарды қолдануына, өсімдіктерді тиімді қорғауына жағдай жасалды, – деді Айдарбек Сапаров.

Өңір өрісі

Облыс бойынша осы жылы 8 млрд 800 млн теңгеге 250 ауыл шаруашылығы техникасы алынып, машина-трактор паркі 5 пайызға жаңаланды. Оған қоса 7 млрд теңгенің 11 инвестициялық жобасы жоспарланып, бүгінде 7 жоба жүзеге асты. Қалған 4 жоба жыл соңына дейін іске қосылатыны туралы аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жеткізді. Осылайша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі артып, осы жылы 229 млрд теңгеге жетеді.
Ақ күріштің атасы, дала академигі Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары биыл да ерен еңбектің үлгісін көрсеткені рас. Сыр диқандары 189 мың 400 гектар жерге егін екті. Негізгі дақыл – күріштің көлемі 85 мың 600 гектарды құрап (өткен жылдан 3,4 мың гектарға кем), әр гектардан 58 центнерден өнім алынып, жарты миллион тоннаға жуық күріш жиналды. Мемлекет басшысының су үнемдеу туралы тапсырмасына сәйкес аймақта су көп қажет ететін дақылдар көлемі оңтайландырылып, үнемдеу технологиясы енгізілді. Биыл жаңа технологияларды пайдалану көлемі 4 мың 400 гектарға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 есе артық. Шиелі, Қазалы, Арал аудандарында су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы 3 ірі жоба іске асуда.
Мемлекет басшысының бастамасымен өткен жылдан бері «Ауыл аманаты» жобасы бастау алды. Ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін, әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бұл жоба аясында өткен жылы 3 млрд теңгеге 406 жоба жүзеге асып, 713 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 4 млрд 600 млн. теңгеге 575 жоба қолға алынған. Агробизнес өкілдері ауылдарды дамытуда, халықтың тұрмысын жақсартуда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауқымды жұмыстар атқаруда. Соңғы жылдары елді мекендерді абаттандыру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік нысандарды қайта жаңғыртуға ауыл шаруашылығы құрылымдары 7 млрд. теңгеден астам қаржы бағыттады.

Ауданның әлеуеті


Негізгі өнім – күріштің көлемі жылдан-жылға азайып бара жатқаны рас. Оған себеп су мәселесі, дегенмен диқандар мүмкіндігінше дән тастауда. Ауданда ауыл шаруашылығымен айналысатын жалпы 781 шаруашылық құрылымы болса, 460-ы егін шаруашылығымен айналысады, 234-і күріш дақылын өсіреді. Ауданның Сыр беткейіндегі ауылдардың барлығы дерлік егінмен күнелтсе, соның басым көбі күріш дақылын күтіп-баптайды. Маусымдық жұмыс болғанымен, шығымы жақсы болса, қысқа азық болатыны ақиқат.
– 2024 жылы аудан бойынша 35004 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Тарқатып айтатын болсақ, дәнді дақыл, оның ішінде, күріш, бидай, тары, жүгері – 11 812 гектарды құрады. Биыл күріштің көлемі – 7 545 гектарға қысқарды. Ал, мал азықтық дақылдар (жоңышқа, сүрлемдік жүгері) – 19 058 гектарға жетті. Майлы дақылдар (мақсары, күнбағыс) – 1 463 гектар болса, картоп – 157 гектар, көкөніс, бақша – 2514 гектарға орналастырылды, – деді бас агроном Даурен Абибуллаев.
Биыл аудан көлемінде 5 940 тонна күздік бидай, 333 тонна жаздық бидай, 559 тонна тары, 2 238 тонна мақсары өнімі алынған. Сондай-ақ, 48 тонна күнбағыс, 2355 тонна картоп, 13 353 тонна көкөніс, 60 055 тонна бақша және 3 987 тонна дәндік жүгері жиналған. Егілген 7 545 гектар күріш дақылы толығымен жиналып, әр гектарынан орта есеппен 56,0 центнерден өнім жиналыпты.
– 2024-2025 жылдың қысқа түсетін ауыл шаруашылығы жануарларына 185,8 мың тонна шөп, 37,5 мың тонна жем, 37 тонна сабан дайындау жоспары бекітілді. Бүгінгі күнге 185,8 мың тонна шөп толығымен жиналып, оның ішінде жоңышқа 110 мың тонна. Сонымен қатар 37,0 мың тонна жем және 35,0 мың тонна сабан дайындалып отыр. Жыл соңына дейін жоспар толық орындалатын болады, – деді жауапты маман.
Қысқаша айтқанда, молшылықтың көзіне айналған аграрлы салаға әлі де серпіліс керегі анық. Экономиканың тірегіне айналған саланы қолдау тоқтаған емес, тоқтамайды да, тек өнім көлемін арттырып, ел нарығын түзеу өз қолымызда.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
25 қазан 2024 ж. 237 0