Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаса, мәңгі, Қазақстан!

Жаса, мәңгі, Қазақстан!


1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғары Кеңес депутаттары Қазақстанның Егемендігі туралы Декларация қабылдады.
Бұл құжаттың маңыздылығы неде еді? Бұл – біз күрескен Қазақстанның шынайы Тәуелсіздігін алу жолындағы ең маңызды қадам.
Осы декларацияның арқасында биліктің бірден-бір көзі – халық болатын егеменді мемлекеттің қазығы бекемделді.
Декларацияда ұлттық мемлекеттілікті сақтау, қорғау және нығайту, қазақ ұлтын және Қазақстанда тұратын басқа да ұлттардың төл мәдениетін, тілін және дәстүрін жаңғырту, ұлттың қадір-қасиетін нығайту мәселесі тұғырын бекітті.


Алты алаштың ардақтысы, ұлтының еркіндігін аңсаған Әлихан Бөкейханов өз заманында «Тірі болсақ алдымызда үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде, бөлек мемлекет болар!» деп елдік сенімін айтқан екен. Ұлылардың арманы ақиқатқа айналып, егеменді ел болдық.
Шекарамыз шегенделіп, ұлттық құндылықтар салтанат құрды. Байрағымыз биікте қалқып, әнұранымыз төрде шырқалды. Міне, осынау ұлттық рухты бір арнаға тоғыстырып, ел іргесін бекітетін Республика күнінің тойлануы заңдылық.
Республика күнін тойлаудың мемлекет пен қоғам тағдыры үшін қандай маңызды аспектілері бар?
Біріншіден, тарихи аспект тұрғысынан қарастыратын болсақ, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларациясы қабылдана отырып, бұны еліміз тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасаған тарихи маңызды күн ретінде айқындады. Екіншіден, қабылданған Декларацияда Қаз КСР егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері айқындалды. Онда алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Үшіншіден, Республика күнінің тойлануының тәрбиелік аспектісі. Төртіншіден, он жылдан астам уақыт бойы ұмытылып қалған Республика күнінің мерекеленуінің мәдени-рухани маңызы қайта жаңғырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мерекенің ел ынтымағын нығайта түсетін маңызына айрықша тоқталды. Білім саласының ардагері Күләнда Жақыпбекова бұл құжаттың жөні бөлек екенін айтты.
– Басқа республикалардай емес, Қазақстанның жөні бөлек. Декларация Қазақстанның Ресейдің жалғасы емес екенін көрсетті. Бұл құжат біздегі түрлі ұлт диаспораларына көп ой салды. Республика күні осы жағынан маңызды еді, – дейді ағарту саласының ардагері Күләнда Жақыпбекова апамыз.
Расында, Республика күнін біз қалай түсінуіміз керек? Басты мәселе осы. Өйткені заманауи талапқа тез төселіп, экономикалық үдерістерді үйлестіре білген әлемнің көптеген елдері Республика күніне аса құрметпен қарайды. Бұл күн олар үшін құнды. Елдік, еркіндік, азаттық, ұлттық ұлағат осы күнмен астарласып жатыр. Ендеше, біз бұл күнді ұлттық өрлік пен азаттықтың ақшамы деуге хақымыз бар.
Мереке қарсаңында аудандық жастар ресурстық орталығы директоры Наурызбай Орынбасаров мемлекеттік маңызға ие мереке жайлы өзінің пікірін төмендегіше жеткізді:
– Республика күні – біздің санамызда жаңғыратын маңызды мереке болуы керек. Бұл күндері концерт өткізіп, түрлі іс-шаралармен ғана шектелу аз.
Анығында, республика күнінің мағынасын ашатын, елге, тәуелсіздікке деген үлкен ұғымды түсіндіретін ағарту жұмыстарын жүргізу міндетті. Осы күндері барлық сауда үйлерінде, кинотеатрларда, халық көп жүретін қоғамдық орындарда тарихтан тәлім алар шаралар өтізу абзал. Кәмелетке жасы толған белсенді жастарға осы күні салтанатты түрде төлқұжаттар берілгені дұрысы, – дейді ол.
Тәуелсіздік – қай елдің болсын басты игілігі. Баға жетпес құндылығы да сол! Ендеше біздің тәуелсіздігіміз баянды болу үшін оның бастауы – Республика күні де ерекше маңызға ие болуы шарт.

Мақпал МАРҚАБАЙ
22 қазан 2024 ж. 174 0