№78 (8789) 1

01 қазан 2024 ж.

№77 (8788) 28

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (8787) 24

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » ҚЫС ҚЫР АСТЫНДА. ОҒАН ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

ҚЫС ҚЫР АСТЫНДА. ОҒАН ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?


Күздің қара суығы хабар бергеннен қысқы отынын әзірлеп, пеш пен мұржаны тазалауға кіріскен көпшіліктің тіршілігі қыза түсті. Аудан орталығына келіп жатқан көмір қоры жеткілікті ме? Тұрғындар газ қауіпсіздігін қаншалықты сақтауда? Газ пешін тазалау қызметі қанша? Осы іспетті сұрақтарды тиісті мамандарға қойып, жауабын алған едік.


ҚЫСТАН АМАН ШЫҒУ ҮШІН ҚАНША ҚАРАЖАТ ЖҰМСАЙСЫЗ?

Еске салсақ, өткен жылы газ қауіпсіздігін сақтамаудың салдарынан ауданда бірнеше отбасы зардап шеккен еді. Нақтырақ айтсақ, 5 адам ыстан уланса, 1 үй отқа оранды. Осындай қауіптің алдын алу үшін әр азамат өз отбасы­ның қауіпсіздігін басты назарда ұстағаны аб­зал. Қайтпек керек? Ең алдымен мамандардың кеңесіне құлақ асқан едік.
Жылдағы дәстүрге сай, жылу мерзімі жергілікті құзырлы органның қаулысымен бері­леді. Тәртіп бойынша «Қызылорда облыстық мәслихаты өңірдің жылу маусымына дайын­дық және оны өткізу қағидатына» сай жылу маусымын жариялайды. Қаулыда «Бес тәулік бойы сыртқы ауаның орташа температурасы +8 С және сыртқы ауа температурасының күрт төмендеуі туралы болжам болғанда қала және аудан әкімдері тиісті өкіммен жылу маусымының басталғанын жариялайды» делінген. Осы ережені басты назарда ұстап, ауа райын қадағалап, жылу маусымына дайындықты пысықтайтын аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолаушылар бөлімінің басшысы Қайрат Сапарбаевтан мән-жайды сұрадық.
– 2024 жылғы 19 мамырдағы аудан әкімінің №47-Ө өкімімен жылу беру маусымына дайын­дық жұмысын ұйымдастыру штабы құрылып, маусымның қалыпты өткізілуін қаматамасыз ету бойынша штаб жұмысының іс-шара жоспары бекітілді. Ауданда әлеуметтік-мәдени маңызы бар 144 мекеме бар. Оның ішінде білім сала­сы бойынша – 73, мәдени – 30, денсаулық – 36, спорттық – 5 мекеме жұмыс істейді. Олардың 97-і қатты отын, 20-ы сұйық отын және 27-сі көгілдір отынымен жылытылады. Жалпы аудан халқына шаққанда газдандыру 42 пайызды құрайды. Ауданға көмір тасымалдаушы кәсіпкерлер 2024-2025 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде шамамен 25 000 тонна көмір тасымалдауды жоспарлап отыр. Бұл маусымға жоспарланған 19 000 тоннадан 32 пайызға жоғары, қазір 9000 тонна көмір жеткізілді.
Сатылым бағасы – 1 тонна үшін 18 300 теңге (қосылған құн салығымен). Тұрғындарды қатты отынмен қазіргі уақыттан бастап қамту үшін әлеуметтік желіде хабарламалар орналастырылды және кент және ауылдық округ әкімдіктері арқылы түсіндерме жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта 3000 тонна, қазан айында 5000 тонна «Шұбаркөл» маркалы көмір тасымалданады. Қоймадағы отын қалдығы – 7000 тонна. Ал газбен жабдықтау жүйесі бойынша 366 шақырым (Жаңақорған кентінде – 303 шақырым), Бірлік және Қыраш елді мекендерінде 63 шақы­рым жоғарғы, орташа және төмен қысымды газ құбырлары, қуаттылығы 20000 м3/сағат 1 дана АГРС, 4 дана газ реттегіш (ГРП) және 38 дана газ таратушы бекеттері (ШРП) бар. Бүгінде ауданның газдандыру үлесі халық санына шаққанда 42 пайызды, елді мекендер бойынша 8,5 пайызды (Жаңақорған кенті, Бірлік, Қыраш) құрайды. 2024 жылға қарай ауданның газдандыру көрсеткішін көтеру мақсатында жалпы құны – 4 073,4 млн. теңгені құрайтын 4 мемлекеттік инвестициялық жоба (Төменарық, Жайылма, Кейден, Шалқия және Құттықожа) жүзеге асырылуда. Құрылыс жүргізіліп жатқан елді мекендерге 120 шақырым газ құбырлары жүргізілді. Жылыту маусымының қалыпты өтуін қамтамасыз ету үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арқылы барлық газ тарату жүйесіне 3 рет техникалық қызмет көрсету жұмыстары жасалған, – деді сала басшысы.
Аудандағы 2 отын қоймасында жұмыс қарқыны байқалады. Көмір іздеген адамдар қарасы көбейген. Мемлекеттік мекемелер рұқсатнамада көрсетілген мөлшерде көмірін алып жатыр екен. Шалғай ауылда тұратын адамдар да қысқы қорын молайтудың қамына кірісіпті. Жылу беру маусымында халықты қажетті қатты отынмен қамтамасыз ету мақсатында, отын қоймаларында көмірдің бар-жоқтығына күн сайын мониторинг жүргізіліп, реттілікпен көмір үлестірілуде. Бұл жөнінде біз жеке кәсіпкер Жаңабек Тұрғанбаевқа сауал жолдаған едік.
– Қазіргі таңда қоймада сатылымда тұрған көмір қоры «Жалын-Көмір» ЖШС-гі арқылы жеткізілді. Алайда, биыл көмір аздап жеткіліксіз болып тұр. Жан-жаққа хабарласып, тиісті шараларды қолданып жатырмыз. Алдымен қатты отынмен әлеуметтік нысандарды, сосын жеке азаматтарды қамтамасыз етеміз. Әйтеуір көпшіліктің қалтасына аса қатты салмақ салмайтын бағаны ұстап отырмыз, – дейді кәсіпкер.
Нақтырақ айтсақ, 2024-2025 жылдары күзгі-қысқы кезеңде тұрғындарға 13800 тонна көмір қажет. Тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету бағытында «BEST» (БЭСТ) жауапкершілігі шектеулі серіктесті­гі көмір тасымалын жүргізуде. Бұл кәсіпкерліктің Ә.Бектібаев көшесі, №80 мекен-жайындағы теміржол тұйығында орналасқан отын қоймасына ат басын тіредік. Мұнда қыркүйек айының 25-не дейін теміржол арқылы 4485 тонна көмір тасымалданған. Оның басым бөлігі халыққа беріліпті. Дәл қазір қоймада 1500 тонна көмір бар.
Енді аудандағы білім беру ошағының жылу маусымына дайындығын сөз етсек. Алдымен аудандық білім бөлімі басшысы Нарымбет Көлжановқа сұрақ қойған едік.
– Ауданда 43 мектеп, 26 балабақша, 5 қосымша білім беру мекемесі, барлығы 74 мекеме жылу беру маусымына толық дайын. Атап айтқанда, 19 мекеме дизель (13 мектеп, 6 балабақша), 37 мекеме қатты отын (21 мектеп, 14 балабақша, 2 өнер мектебі), 17 мекеме (9 мектеп, 6 балабақша, 2 қосымша білім беру) газбен жылытылады. 2023-2024 оқу жылына қажетті отын қорына келісім шарт жасалған. Қатты отынды жеткізуші шиелілік кәсіпкер ИП Нурманов кесте бойынша мектептерге тасымалдап жатыр. Алашақ 1500 тонна көмірдің 500 тоннаға жуығы жеткізіліп, мектеп қоймаларына түсті. Қыркүйек айының 15-не дейін толық тасымалдап береді, – дейді Нарымбет Сәрсенбекұлы.
Ауданда мемлекеттік 144 объектінің 90-ы қатты отын, 25-і сұйық отын және 29-ы газ отынымен жылытылады. Тарқатып айтсақ, 74 білім беру мекемесі, 36 денсаулық сақтау объектісі 30 мәдениет ошағы, 4 спорт мекемесі қыстық отынмен қамтылуда. 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымында әлеуметтік нысандарға 5500 тонна көмір, 1447 тонна дизель отыны қарастырылған. Бүгінгі таңда әлеуметтік нысандарға отын жеткізуші кәсіпкерлермен жасалған шарттың негізінде тасымалдау жүруде.
Ал, Құрманғазы көшесінің тұйығында «Шұбаркөл» көмірін саудалаған жеке кәсіпкерлер бағаны құбылтып тұр. Бастапқыда 20 мыңнан бағалаған көмірін арада екі күн өтпей 22 мыңға саудалап жатыр. Мұның мәнісін сұрағанымызда саудагер былай дейді:
– Жасыратыны жоқ, біз де бағаның тұрақтанғанын қалаймыз. Алдыңғы күн көмірді 20 пайыз арзанға алғанбыз. Енді келіп жатқан көмір бағасында өсім бар. Оған қоса көлік тасымалы мен жұмысшының айлық-табысы бізге де оңтайлы емес. Бірнеше тонна көмір алушыларға бағаны түсіріп беріп жатырмыз. Бұл да болса халыққа көмек болады деп ойлаймын, – деді кәсіпкер Назар Беркінбаев.
Ауданда 48 елдімекен болса, 6845 түтін ресми тіркелген. Яғни осыншама халыққа там-тұмдап жет­кізіліп жатқан көмірдің сапасы өз алдына жеке тақырып. Біз тарқатып отырған тақырып ауаны көмір бағасы қашан тұрақтайды? Мәселен, қыс бойы бір отбасы кем дегенде 12-15 тонна көмір жағады делік. Оның астына жағуға құрғақ отын да керек. Сонда қыстан аман шығу үшін қарапайым ауыл тұрғындары қанша қаражат жұмсайтыны айтпасақ та түсінікті болар.

ОТ БАР ЖЕРДЕ ҚАУІП БАР

Көгілдір отын келгелі тұрғындар басы артық жұмыстан қолы босап, газдан келер қауіпті естен шығарып алғандай. Кеше ғана газға қосылған ауыл­дағы ағайынды сөз етпегенде, он жыл бұрын үйіне газ кіргізген кент тұрғындары жылыту маусымының алдында газ пештерін тазалаудың маңыздылығын ескермей жүр.
Қазан айының 15-ші жұлдызынан бастап жылу беру маусымы басталмақ. Биыл ауданда 6300 үй, 300 коммуналдық-тұрмыстық мекеме, 31 өнеркәсіп нысан газға қосылған. Барлығына белгіленген ережеге сәйкес техникалық қызмет көрсету жұмыстары жасалыпты. Ағымдағы жылы абоненттер тарапынан хабарланған барлығы 164 дана апаттық тапсырыстарға шығып, дер кезінде кемшіліктер қалпына келтірілсе, 3500 тұрғын үйге техникалық қызмет көрсетілген.
Ескеретін жайт, рұқсатсыз қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп, газ қондырғыларын ауыстырған жағдайда тұрғындар оны заңдастырып алуы маңыз­ды. Бастысы есептеуіш құралы зақымданбауы керек. Табиғи газ ұқыпты және жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Көгілдір отын қайғылы жағдайға әкеп соқтырмас үшін газды қауіпсіз пайдаланудың ереже­сін «ГазРемМонтаж» ЖШС Жаңақорған филиалының директоры Роза Спатаевадан сұрадық:
– Күнделікті тәжірибеге сүйенсек, адамдардың барлығы бірдей сақтық шараларын сақтай бермей­тіндігін көруге болады. Табиғи газды пайдалану техникалық қауіпсіздік ережелердің қатаң сақталуын талап етеді. Еліміздің әр аймағында тұтынушылардың газ қондырғыларын дұрыс пайдаланбау салдарынан түрлі оқыс оқиғалар болып жатқандығын, күнделік­ті баспасөз құралдары мен телеарналардан көріп, хабардар болып жүрміз. Улы газдан улану жағдайы көбінесе УГОП-16 пешін пайдалану кезінде орын алып жатады. Бұл тұтынушылардың пештің жарамдылық жағдайына аса мән бермеуінен, түтіндіктің тартым­дылығын уақтылы тексеріп тұрмағандығынан бола­ды. Біз яғни «ГазРемМонтаж» ЖШС тұрғындардың қауіпсіздігіне жауап береміз. Аудан халқы біздің қызметімізге қанықты, жиі хабарласып, өтініштерін білдіріп жатады. Газ құбырларын, газ пешті және төрт көзін тазалау, газ жабдықтарын жөндеу сынды мәселелер туындаса бізге хабарласады, – деді Роза Спатаева.
Біздің айтарымыз, 2015 -2020 жылдар аралығында газ пешін орнатқан отбасылар газ тазалау маманда­рын шақырып, арнайы бақылаудан өткізбей газ пешін қосуына болмайды. Мұндай пештердің басым көпшілігінің ішкі бөлшектері шіріп, жарамсызданған болуы ықтимал.
Қысқасы, біз хабарласқан мекемелердің басшысы жылыту маусымына сақадай-сай екенін жеткізді. Отынын түсіріп, пеш қазандығын тазалап, құбырларының кем-кетігін түзеген. Тек тұрғындардың өрт қауіпсіздігі үшін газ пештерін тазалатуға немқұрайлық танытып отырғаны алаңдатады. «Сақтықта қорлық» жоқ деген тәмсілді жақындарыңызға насихаттап жүргендеріңіз абзал.

Мақпал МАРҚАБАЙ
01 қазан 2024 ж. 113 0