№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жылыту маусымы қалай?

Жылыту маусымы қалай?

Жаз мезгілі аяқталып, күз де келді. Ел арасында «Биылғы қыс қатты болады екен», деген сөзді жиі естиміз. Расында, қыс қыр астында. Биылғы жаздың аптап ыстығы жорамалға сенсек, қыста қақаған аяз болып қайта оралады. Жылу беру маусымы да жақын. Кенттегі тұрғын үйлердің дені газбен жылытылады. Ал қауіпсіздік жайы қаншалықты пысықталған? Мұржалары тазаланып, пештің оттықтары қалыпты күйде ме? Қысқа әзірліктің барысын тиісті мекеме мамандарынан білдік


  Жылу жергілікті құзырлы органның қаулысымен беріледі. «Қызылорда облыстық мәслихаты өңірдің жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидатына» сай жылу маусымын жариялайды. Қаулыда «Бес тәулік бойы сыртқы ауаның орташа температурасы +8 С және сыртқы ауа температурасының күрт төмендеуі туралы болжам болғанда қала және аудан әкімдері тиісті өкіммен жылу маусымының басталғанын жариялайды» делінген. Осы ережені басты назарда ұстап, ауа райын қадағалап, жылу маусымына дайындықты пысықтайтын аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолаушылар бөлімімен хабарласып, басшысы Қайрат Сапарбаевтан мән-жайды сұрадық.

– 2023 жылғы 19 мамырдағы аудан әкімінің №47-Ө өкімімен жылу беру маусымына дайындық жұмысын ұйымдастыру штабы құрылып, маусымның қалыпты өткізілуін қаматамасыз ету бойынша іс-шара жоспары бекітілді. Ауданда әлеуметтік-мәдени маңызы бар 144 мекеме бар. Оның ішінде: 73 білім саласы бойынша, 30 мәдени, 36 денсаулық нысаны, 5 спорттық мекеме жұмыс істейді. Олардың 97-ы қатты отын, 20-ы сұйық отын және 27-і көгілдір отынмен жылытылады. Жалпы аудан халқына шаққанда газдандыру 42 пайызды құрайды. Ауданға көмір тасымалдаушы кәсіпкерлер 2023-2024 жылдардағы күзгіқысқы кезеңде шамамен 25 000 тонна көмір тасымалдауды жоспарлап отыр. Бұл маусымға жоспарланған 19 000 тоннадан 32 пайызға жоғары, қазір 9000 тонна көмір жеткізілді.

Сатылым бағасы – 1 тонна үшін 18 300 теңге (қосылған құн салығымен). Тұрғындарды қатты отынмен қазіргі уақыттан бастап қамту үшін әлеуметтік желіде хабарламалар орналастырылды, кент және ауылдық округ әкімдіктері арқылы түсіндерме жұмыстары жүргізілуде. Алда, 3000 тонна, қазан айында 5000 тонна «Шұбаркөл» маркалы көмір тасымалданады. Қоймадағы отын қалдығы – 7000 тонна. Ал, газбен жабдықтау жүйесі бойынша 366 шақырым (Жаңақорған кентінде – 303 шақырым, Бірлік және Қыраш елді мекендерінде 63 шақырым) жоғарғы, орташа және төмен қысымды газ құбырлары іске қосулы. 1 дана АГРС, 4 дана газ реттегіш (ГРП) және 38 дана газ таратушы бекеттері (ШРП) бар. Бүгінде ауданның газдандыру үлесі халық санына шаққанда 42 пайызды, елді мекендер бойынша 8,5 пайызды (Жаңақорған кенті, Бірлік, Қыраш) құрайды. 2024 жылға қарай ауданның газдандыру көрсеткішін көтеру мақсатында жалпы құны – 4 073,4 млн. теңгені құрайтын 4 мемлекеттік инвестициялық жоба (Төменарық, Жайылма, Кейден, Шалқия және Құттықожа) жүзеге асырылуда. Құрылыс жүргізіліп жатқан елді мекендерге 120 шақырым газ құбырлары жүргізілді. Жылыту маусымының қалыпты өтуін қамтамасыз ету үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арқылы барлық газ тарату жүйесіне 3 рет техникалық қызмет көрсету жұмыстары жасалған, – деді сала басшысы.

Оның сөзінше, жылу маусымын қалыпты деңгейде өткізу басты бақылауда тұрған мәселе. Бұл ретте, ауданға көмір жеткізудің қиындығы аз емес. Олардың дені темір жол желісі арқылы жеткізіледі. Сондықтан қатты отын тасымалдау ісі жан-жақты ойластырылып, жүйелі атқарылған жұмысты қажет етеді. Ауданда 2 отын қоймасы орналасқан. Жылу беру маусымында халықты қажетті қатты отынмен қамтамасыз ету мақсатында отын қоймаларында көмірдің баржоқтығына күн сайын мониторинг жүргізіліп жатқанын айтты бөлім басшысы.

Жөн-ақ. Аудан тұрғындары көгілдір отынның игілігін көруде. Қазіргі таңда Жаңақорған кентінде пеш жағып, көмір іздейтіндердің қатары күн санап азаюда. Әйтсе де, тұрғындардың көгілдір отынға қарызы уақыт өткен сайын өсіп келеді. Бұл жөнінде «ҚазТрансгаз-Аймақ» АҚ шаруашылық бөлімінің басшысы Сұлтан Сәрсенов:

– Қазан айының 15-ші жұлдызынан бастап жылу беру маусымы басталды. Биыл ауданда 6300 үй, 300 коммуналдық-тұрмыстық мекемелер, 31 өнеркәсіп нысан газға қосылған. Барлығына белгіленген ережеге сәйкес техникалық қызмет көрсету жұмыстары жасалды. Жылу беру маусымына дайындық барысында 2023 жылы мамыр және маусым айларында 2 дана газ реттеуіш және 27 дана шкафтық газ тарату бекеттеріне ағымдағы техникалық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Үздіксіз, тоқтаусыз газды тасымалдау және қауіпсіздік шараларын арттыру барысында өртке және апаттарға қарсы 7 оқужаттығу жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылы абоненттер тарапынан хабарланған барлығы 164 дана апаттық тапсырыстарға шығып, дер кезінде кемшіліктер қалпына келтірілсе, 3500 тұрғын үйге техникалық қызмет көрсетілді. Биылғы жылы жылыту маусымына толықтай дайынбыз, жұмыстар жүйелі жүріп жатыр, – деді.

Сонымен қатар газ мекемесінің басшысы аудан тұрғындарына құлаққағыс ретінде, рұқсатсыз қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп, газ қондырғыларын ауыстырған тұрғындар оны заңдастыруы тиістігін ескертті. Бастысы есептеуіш құралы зақымданбауын қадағалау маңызды екен.

Әрине бірнеше жыл болды, көгілдір от жаңақорғандықтар үшін жылылық пен жайлылық көзіне айналды. Алайда табиғи газ ұқыпты және жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Көгілдір отын қайғылы жағдайға әкеп соқтырмас үшін газды қауіпсіз пайдаланудың ережесін «ГазРемМонтаж» ЖШС Жаңақорған филиалының директоры Роза Спатаевадан білдік:

– Күнделікті тәжірибеге сүйенсек, адамдардың барлығы бірдей сақтық шараларын сақтай бермейтіндігін көруге болады. Табиғи газды пайдалану техникалық қауіпсіздік ережелердің қатаң сақталуын талап етеді. Еліміздің әр аймағында тұтынушылардың газ қондырғыларын дұрыс пайдаланбау салдарынан түрлі оқыс оқиғалар болып жатқандығын, күнделікті баспасөз құралдары мен телеарналардан көріп, хабардар болып жүрміз. Газдан улану жағдайы көбінесе УГОП-16 пешін пайдалану кезінде орын алып жатады. Бұл тұтынушылардың пештің жарамдылық жағдайына аса мән бермеуінен, түтіндіктің тартымдылығын уақтылы тексеріп тұрмағандығынан болады. Біз, яғни «ГазРемМонтаж» ЖШС тұрғындардың қауіпсіздігіне жауап береміз. Аудан халқы біздің қызметімізге қанықты, жиі хабарласып, өз өтініштерін білдіріп жатады. Газ құбырларын газ пешті және төрт көзін тазалау, газ жабдықтарын жөндеу сынды мәселелер туындаса бізге хабарласады, – деді Роза Спатаева.

Қанша жерден газдандыру жүріп жатқанымен, әлі де қатты отынды пайдаланып жатқан отбасылар аз емес. Әсіресе, ауылдық округтердің барлығы тұтастай қатты отынға тәуелді. Сол себепті де, биыл қатты отынға тапшылық бар ма? Әлде жеткілікті ме? Бұл жөнінде білмеске біз жеке кәсіпкер Жаңабек Тұрғанбаевпен тілдестік.

– Қазіргі таңда қоймада сатылымда тұрған көмір қоры «Жалын-Көмір» ЖШС арқылы жеткізілді. Алайда, биыл көмір аздап жеткіліксіз болып тұр. Жан-жаққа хабарласып, тиісті шараларды қолданып жатырмыз. Алдымен қатты отынмен әлеуметтік нысандарды, сосын жеке азаматтарды қамтамасыз етеміз. Әйтеуір, көпшіліктің қалтасына аса қатты салмақ салмайтын бағаны ұстап отырмыз, – дейді кәсіпкер.

Аудандағы білім беру ошақтарының жылу маусымына дайындығы жөнінде аудандық білім басшысының міндетін атқарушы Ербол Әлменовты сөзге тарттық.

– Ауданда 43 мектеп, 26 балабақша, 5 қосымша білім беру мекемесі, барлығы 74 мекеме жылу беру маусымына толық дайын. Атап айтқанда, 19 мекеме дизель (13 мектеп, 6 балабақша), 37 мекеме қатты отын (21 мектеп, 14 балабақшак, 2 өнер мектебі), 17 мекеме (9 мектеп, 6 балабақша, 2 қосымша білім беру) газбен жылытылады. 2023-2024 оқу жылына қажетті отын қорына келісім шарт жасалған. Қатты отынды жеткізуші шиелілік кәсіпкер «ИП Нурманов» кесте бойынша мектептерге көмірді тасымалдап жатыр. 1500 тонна көмірдің 500 тоннаға жуығы жеткізіліп, мектеп қоймаларына түсті. Қыркүйек айының 15-не дейін толық тасымалдап береді, – деді ол.

Иә, байқағанымыздай барлық жауапты мекемелер жылу маусымына сақадай сай. Отынын түсіріп, мектеп қазандығын тазалап, пеш құбырларының кем-кетігін түзеген. Қалай болғанда да, қыс – салғырттық пен қателікті кешірмейтін қатал сыншы екенін ұмытпайық.

Әсел  РЗАЕВА 

25 қазан 2023 ж. 325 0