» » Адал еңбек – абыройлы қызметкер – беделді билік

Адал еңбек – абыройлы қызметкер – беделді билік


Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Ләззат Қаржаубаева ауданға арнайы келіп, «Адал еңбек – абыройлы қызметкер – беделді билік» тақырыбында семинар-кеңес өткізді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Семсер Сыздықов модераторлық етті.


«Асыл Мұра-Орда» қоғамдық қоры Қызылор­да облыстық қоғамдық даму басқармасының әлеуметтік жобасы аясында құқықтық сау­аттылықты арттыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында аудандағы мемлекеттік қызметкерлер мен заңгерлердің басын қосқан жиында заң талаптары жөнінде жан-жақты талқыланды. Заңгер Ләззат Жалғасбайқызы тақырыпты кеңінен тарқатып, мемлекеттік қыз­мет­керлердің құқық саласынан сауатты болуы өз істерін сапалы жүргізуіне септігін тигізетінін тілге тиек етті.
– Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күре­су үшін халықтың құқықтық сауаттылығының деңгейі мен сапасын арттырудың маңызы зор. Халық өзінің құқығын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігін толық білуі қажет. Ол үшін құқықтық сауатты болуы керек.
Мәселен, қазір әлеуметтік желі дамыған заман. Екінің-бірі қолындағы камерасымен сіз­дің жұмыс орныңызға баса-көктеп кіріп келуі мүмкін. Ондай жағдайларға барлығымыздың куә болып жүргеніміз жасырын емес. Заң тұрғысынан қарасақ, сіздің жұмыс орныңызға әлдекімнің рұқсатсыз кіруіне рұқсат жоқ. Сіз де ол азамат­тың үстінен шағымдануға құқылысыз. Өйткені ол сіздің жұмысыңызға кедергі келтіруде. Міне, біз осындай өзіміздің құқымызды қорғай алсақ, бізді басынатындар да азаяды. Бірақ, біздің халық көбіне мұндай жағдайларға кешіріммен қарап, шағым жасамайды. Соның салдарынан көптеген бассыздықтар орын алуы әбден мүмкін, – дейді Ләззат Қаржаубаева.
Заңгердің айтуынша, сыбайлас жемқорлық­тың алдын алу үшін әр азамат тәртіпті өзінен бастауы керек. Елдің әр тұрғыны туған жердің, мемлекеттің жанашыры ретінде сыбайластыққа саналы түрде қарсы тұруы шарт. Сонда ғана сыбайлас жемқорлық түп-тамырымен жойылады. Мемлекет өркендейді, өседі, болашаққа даңғыл жол ашылады.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
28 қыркүйек 2024 ж. 250 0