» » Құтырмадан сақ болыңыз!

Құтырмадан сақ болыңыз!


Бұл ауру адам баласына өте ерте заманнан таныс болғанымен әлі күнге дейін ауруды тудыратын қоздырғышқа тікелей әсер ететін емі жоқ қауіпті аурулардың қатарына жатады. Құтырманың вирусы қарым-қатынас арқылы, яғни ауру жануар тістеген, сілекейленген кезде беріледі. Құтырма ауруы адамнан адамға өте сирек беріледі. Адамдар тез арада арнайы ем қабылдамаса, құтырмамен ауру жағдайлары 100% қайғылы жағдайға әкеліп соқтырады. Неғұрлым ерте жасалған ем соғұрлым нәтижелі болмақ.


Құтырма белгілі бір мерзімді талғамайды, жылдың кез-келген уақытында кездеседі, құтырмамен ауырған адамдарда аурудың жасырын кезеңі 7 күннен 1 жылға дейін созылады. Тістеген жер ауырып ысиды. Алқынып демалады, түрі жаңа ғана жылаған адам сияқты болады. Ауырсынып және қиналып жұтынады,аузының сілекейі қоюланып,желімдесе береді. Адамдарда ауру басталғанда алғашқы белгілері тістелген жердің қышуы,жазылған жарақаттар мен тыртықтар қайтадан қабынуы болып табылады. Құтырмамен ауырған адам тұйық болады, адамдармен араласудан қашады, ұйқысы бұзылып, әлсіздік пайда болады. Аурудың бастапқы кезеңі өткеннен кейін дене қызуы көтеріледі, суды көргенде немесе есіне түсіргенде жұтынудың бұзылуы мүмкін. Көп ұзамай аэрофобия, яғни ауаның кез келген қозғалысы, науқаста қылғынумен жалғасатын ұстамаға әкеліп соғады, ондай жағдай жарық түскенде, қатты дыбыстанда болуы мүмкін. Ұстаманың соңында ауыздан көп мөлшерде сілекей бөлінеді. Адамды үрей билейді, ашуланшақ келеді, құтырынып аласұрады, дене құрысып сал болып қалады.Құтырмамен ауырған адамның 100% жағдайда өлім жағдайымен аяқталатынын ескерткіміз келеді.
Егер сізге біреуді тістеген немесе қапқан жануар құтырған болуы мүмкін деген ой келсе жедел түрде хирург дәрігеріне қаралу керек. Жарақаттаған жануардың иесінің аты-жөні, мекен жайын білу керек. Қандай жағдайда да жануарды өлтіруге болмайды, себебі жарақаттаған жануарды мал дәрігеріне көрсетіп 10 тәулік бойы бақылау керек. Мал дәрігері сол жануардың денсаулығы жайлы анықтама беруі шарт. Тістеген жерді кір сабынның судағы ерітіндісімен, ағынды судың көп мөлшерімен, сутегі асқын тотығымен жақсылап тазартып, жарақатты жаппай ашық қалдырыңыз. Зардап шеккен адамды ауруханаға апарыңыз, сол жерде оған құтырмаға қарсы егу жұмыстары жүргізіледі. Егу жұмыстарын өз бетімен тоқтатуға немесе медицина қызметкерлері белгілеген тәртіпті ( арақ ішіп,ащы тағамдарды жеуге) бұзуға болмайды, мұндай жағдай орын алса жүргізілген емдік шаралардың пайдасы шамалы болып,тиімділігі төмендейді. Осы жайттарды алға қоя отырып халықты иттің тістеуінен, басқада жануарлардың тістеуінен, жабайы аңдардың сілемейленуінен сақтанып жүруге және тістеген жағдайда дереу медициналық көмекке жүгінуге шақырамын.

Нысанкүл Кауленова,
аудандық санитариялық бақылау басқармасы
бас маманы

21 қыркүйек 2024 ж. 440 0