№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ел мүмкіндігі екшелуі керек

Ел мүмкіндігі екшелуі керек


Біздің жерімізде Менделеевтің периодтық кестесіндегі элементтер түгелге жуық кездеседі деп мақтанғанымызбен оны шын мәнінде кәдеге асыру жағынан кенжелеп келе жатқанымыз жасырын емес. Дегенмен туған топырағымыздан шыққан, бойда бар қарым-қабілетімен қолданбалы ғылымның бағын жандырып келе жатқан талант иелерімен мақтана аламыз. Солардың алдыңғы көшінде ғылым мен ұстаздықты ұштастырып, білімді болашаққа бойдағы барын сарқып беруден жаңылмай келе жатқан жаны асыл тұлға, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Бірлесбек Алияровпен сұхбаттасып, елдік тұрғыда ең өзекті мәселе болып отырған АЭС, атом электр станциясын салу жөнінде ой-пікірімен бөліскен едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.


– Қазақстанда АЭС салу мәселесіне қалай қарайсыз? Ғалым ретіндегі көзқарасыңыз қалай?
– Елімізге АЭС салынуы керек. Ол экологиялық жағынан да таза өнім. Әлемнің озық елдерінің баршасында бұл технология бар және бірнешеуі жұмыс істеп тұр.
Қазақстанда оның құрылысының қолға алынуымен дәрежемізді дәйектеп, сол елдер­мен тереземіздің тең болуын ғана мұрат ету­ге болмайды. Қандай мемлекетте болсын тәуекелді қадамға мәжбүрлік итермелейтінін түсінуіміз керек. Жер асты байлығы тапшы болғанымен интеллектуалдық әлеуетімен әлем алдына шыққан мемлекеттер АЭС-ке сол үшін де табанды түрде таңдау жасап отыр.
Қазақстанның бір ерекшелігі, сол озық деген мемлекеттер қол жеткізе алмай отырған жер асты байлығынан кенде еместігі. Бұл ретте барынша елеп-екшеп, бүгіннің де, болашақтың да оң жамбасына келетін, адами да, территория­лық та, тіпті психологиялық табиғатымызбен үйлесім табатын жобаға таңдау жасап, күш-қуат ресурсымызды бір бағытқа жұмылдырғанда ұтылмасымыз анық.
Қазақстанда көмірдің мол қоры бар, нақтылап айтқанда жүз жылға жетеді деуге болады. Осыны игілікке асыруды жетілдіре түсу арқылы да мұртымызды балта шаппасына кепілдік бере аламын.
Бізге керегі электр энергиясы. Мәселе оны алуда қай станцияның құрылысын таңдаған дұрыс? Көмірмен істейтін бе, жоқ атоммен істейтін бе? Бірінші орынға қайсысын қоямыз? Бұған мынаусын деп біржақты баға беруге болмай­ды. Өйткені әрбірінің жағымды, жағымсыз, оң немесе теріс жағы бар. Ал бізге керегі нәтижелі коэффициенті қайсысында басымырақ, соған таңдау жасаған дұрыс.
Сіз өмірлік жар таңдағанда оның бой-басын, бет-жүзінің ұнамдылығын екшеп қана қоймайсыз, ақырына дейін серік болуға сенім ұялататын адами құндылығына құлық қоятын шығарсыз. Салыстырмалы түрде айтқанда, бұған да сондай көзқарас қажет. АЭС салдық деп атақ шығару өз алдына, оның қат-қабат құпиясын жетік меңгеруге дайынбыз ба, қарапайым құрылғы емес, алдымызға қатал технологиялық ережесін көсе-көлденеңдейтін күрделі жобаны игілігімізге кінәратсыз икемдеуге кәсіби қабілетіміз жетік пе? Осы жағына жан-жақты әзірлік керек.
Меніңше, электр энергиясын өндіретін бұл екі станцияның екеуінің де артықшылығы да, кемшілігі де жоқ емес. Мәскелен, Екібастұз­да көмір қоры жеткілікті. Қара алтынның 1 тоннасы алты-ақ доллар. Ал атомдыкі қымбат­тау. Кемшілігіне келсек, көмірді пайдаланудан бұрын ұнтақтау керек, жағып болған соң күлін жинайсың. Атомды бір іске қоссаң жұмыс істеп кете береді, қалдық жоқ. Сондай-ақ атом электр станциясы құрылысының қауіпсіздігі басым.
Көмірдің баға шығыны арзандау. Сосын атом станциясына қарағанда жылдам салынады.
Әлем елдері атом станциясына ғана иек сүйейтін себебі, оларда арзан көмір жоқ. Мұнай мен газ өте қымбат. Біз АЭС-тің негізгі отыны – уранға бай елміз. Шетелдіктер бізден алып кетіп жатыр. Тек шикізат күйінде ғана емес. Біздің елімізде уранды өңдеп, оны қолдануға дайын жылубергіш материал күйінде Жапония, Оңтүстік Корея мемлекеттеріне қандай бағаға болсын сату қабілетіміз әзір тұрақты. Бұл – бізде өндірілетін уранның өзіндік нарығы қалыптасқан деген сөз. Сондықтан да уранды нарыққа шығарсақ, осымен қатар кешенді энергетиканың қоры ретінде көмірдің де құнын кемітуге болмайды. Алақандай жерді мекендеген мемлекеттер үшін көмір экологиялық лас есептеледі. Таралатын аумағы тар болғандықтан шынында солай. Бізді олармен салыстыруға болмайды. Шіркін, біздің ата-бабаларымыз мұраға қалдырған ұлан-байтақ жерімізде ауаның ластану қаупі аз. Бір тонна көмірден 4 грамм күл ұшады екен. Ол көп емес, қаупі де кем. Бұл біздің байтақ даламызың жұмырына жұқ болмайды. Ғылыми дәйектің де әр мемлекет үшін тұжырымы әртүрлі болады деп отырғаным сондықтан.
Энергия өндіретін станция салудың мәселесі көпқырлы сұрақты көсе-көлденеңдеп отырғанын осыдан-ақ шамалауға болады. Міне, сондықтан да Қазақстанның мұқым ғалымдары бас құрап, қандай станция салу тиімді, қайсысының бәсі басым деген тақырыпта дискуссия өрбітіп, өнетін істі қолға алсақ деймін.
Көмірмен өндіргенде де, атоммен өндіргенде де шығатын электр бірдей. Жылу бір. Ал станция бағасының қайсысы қымбатқа түседі? Осыны екшеу керек.
Ал енді атом энергия станциясын салуға қарсы болмайтын себебімді айтайын. Бұл – жаһандық жаңалық, оны салсақ тәжірибе жинақтаймыз. Басқа жерде салу керек болғанда сенімді түрде сала береміз. Оңтүстікте халық көбейіп жатыр. Онда көмір жоқ. Көмір тасығанша атом апарғанымыз дұрыс болар. Сондықтан бұл станция болашақ станциялардың бірінші үлгісі болып қалады.
– АЭС-ке маман дайындау мәселесі жөнінде не айтасыз?
– Жалпы энергетикалық атом саласы мен көмір саласы мамандарын оқыту деңгейі ұқсас. АЭС-ке кәсіби тұрғыда ма­манды екі-үш жылда дайындап бере аламыз. Еуразия ұлттық университетінде де бұл мамандық оқытылады. Өзім қазір Алматы энергетика және байланыс университетінің жылу энергетика қондырғылары факультетінде дәріс беріп келемін. Қарауымда ғылыми диссертация жазып жүрген шәкірттерім көп.
Атом станциясы іске қосыла қалған жағдайда көмір өндіру технологиясында және газды пайдаланған кездегідей энергия қуатын қолдан реттеп отыруға мүмкіндік болмайды. АЭС жағ­дайында жылдамдықты реттеу мөлшері екеу ғана болады. Сол сияқты іске қосылған алып технологияның жұмыс процесін ондаған жылдарға есептелген мөлшерінен бұрын тоқтату мүмкін емес.
Міне, осы жағдайларды екіжақты қарап байқау керек. Біздің елімізге қайсысы маңызды, соны қолдаған жөн.
Өз басым, атом электр станциясын салатын болсақ, оның қуатын өзгертуге мүмкіндік болатын шағын агрегаттарын салуды қолдар едім. Олардың қуатын реттеуге болады. Бірақ ол шағын болуы керек.
Сұхбатыңызға рақмет!
Ғалым осылай дейді. Оған қазылық етуге құзыретіміз жүрмейді. Дегенмен кәсіби мамандардың пікірі біз үшін құнды.

Баян ҮСЕЙІНОВА
22 қыркүйек 2024 ж. 448 0