№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әкенің ісі – балаға өнеге

Әкенің ісі – балаға өнеге


Қазіргі қоғамда отбасылық мәселелер өте көп, соның салдарынан қаншама шаңырақ шайқалды. Басқасын айтпағанда, ауданымыздың өзінде ажырасу дерегі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Оны көзбен көріп, құлақпен де естіп жүрміз. Одан бөлек жастар мен жасөспірімдердің жүгенсіз кетуі де алаңдататын жағдайға жетті. Ұсақ бұзақылықтың соңы адам шығынына әкеліп соғуда. Осы отбасылық мәселелердің астарына үңіліп қарасақ, нақты себептің барын аңғаруға болады. Ол – әкенің отбасы мен қоғамдағы орнының төмендеп бара жатқаны. Оған себеп те көп, нарықтық қоғам соның бір салдары десек болады.


«Егемен Қазақстан» газетінде қылмыс жасаған екі өрімдей жастың 13 жылға бас бостандықтарынан айрылғаны туралы жазылды. Екі жігіттің де әке тәрбиесін көрмегені анықталған, бірінің анасы ажырасып кетсе, енді бірінде әкенің үйдегі рөлі тым төмен. Тіпті сот залына да келмей, өз тіршілігімен түзде жүр. Міне, біздің қоғамның қателігі осында. «Отағасы» деген атқа лайық ер азаматтар азайған, отбасындағы әкенің рөлі төмендеген. Өйткені оның отбасындағы орнын тек табысы анықтайды. Ол – рас. Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Ал әке мектебінен өткен бала сол мұраға қиянат жасамауға тырысқан.
Баласы 14-15 жасқа келгенде атқа мінгізіп, алыста болсын аузы дуалы ақсақалдарға сәлем беріп кел деп жіберетін дәстүрдің ұмыт қалғаны өкінішті. Біріншіден, баланы сынға салып, екіншіден, көпті көрген көнекөз, көкірегі қазына қарттардың қадіріне қанықтырудың берері мол еді. Әкенің ұлға беретін тәрбиесін жүз институт бере алмайтынын қазақ халқы әуелден білген. Әкенің ісі – ұлға өнеге. Сондықтан «Әке көрген – оқ жонар» дейді бабаларымыз.

Жасқаншақ әкелер көбейді

Өкінішке қарай, осы күні елімізде әке ұлағатын көрмей жалғызілікті ана бауырында өсіп жатқан ынжық ұлдар көбейді. Біз ана мен баланы кінәлаудан аулақпыз. Бірақ ел ішінде «ұл тәрбиесін дұрыстау керек» деген сөз жиі айтылып жүр. Осындай пікір айтатындардың бір тобы бұған кінәні қоғамдағы әйел мәртебесінің тым жоғарылап кеткенінен іздейді. Әкеге материалдық қажеттілікті өтейтін жан ретінде қарайтын сана қалыптасып, отбасындағы оның мәртебесі опырылып түсіп, ертеңгі ер-азаматтың тәрбиесі мен мінезінің босаңсуы содан дейді. Қазақы отбасында анасы балаларына «әкең келе жатыр» деген бірауыз сөзбен әке қасиетін, оның мәртебесін, айбынын ұқтырып тәрбиелеген еді. Қазір ондай тәрбие жоқ.
Абайтанушы Омар Жәлел дәстүрлі тәрбиеде бала анасынан мейірімділік пен даналықты алса, әкесінен өжеттік, батылдық сияқты қасиеттерді бойына сіңіріп өскен дейді.

– Қазақ атамыз «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бір ауыз сөзге бүкіл тәрбиенің бастауын сыйғыза білген. Асқар таудай әкесін пана тұтқан бала қорқақ болмайды. Ал ана атты бұлақтың мейіріміне қанып өскен ұрпақ өзгеге де мейіріммен қарайды. Дәл қазіргі таңда үйдегі әйеліне сөзін өткізе алмайтын әкенің жігерсіздігінен балалары жасқаншақ, қорқақ, қоғамға пайдасы жоқ болып өсіп келеді. «Жаман әкеден жақсы көрші артық» деген. Әке беделінен айырылып, жүзі кеткен пышақ секілді болып барады.Бір дана «Біз мәпелеп, қиындықтан қорғап, ыстық-суығына өзіміз түсіп жүріп, баламызға қастық жасап жатырмыз. Кейін есейгенде өмірге бейімі жоқ, шыңдалмаған бала қиындыққа тап болса, морт сынады» деген екен. Соны білген аталарымыз жастайынан ерлікке тәрбиелеген, – дейді.

Осы жерде бір мәселені айта кетейік, қазіргі қоғамда «әжелер институты», «аналар ұйымы», «аналар кеңесі» сынды түрлі бағыттағы бағдарламалар, іс-шаралар бар­шылық. Енді неге әкелерге байланысты мағыналы жобалар, бағдарламалар жоқ? Мұны да ескерген жөн. Қысқаша айтқанда, әкелердің орнын қайта қалыптастырып, дұрыс бағытқа көшу өте маңызды.
Әке рөлін қайта қалыптастыру үшін не істеу керек? Психоаналитиктер ерлі-зайыпты отбасындағы өздерінің рөлін анықтап алатын болса, үйде үйлесімділік пен тұрақтылық орнайды дейді. Ол отбасында əкенің беделін арттыру үшін қарапайым қағидаларды ұстануға кеңес береді. Оның айтуынша, қоғамның құрылуы әкелерден басталатындықтан, әкелер қоғамдағы өз орындарын қайта иеленулері қажет.
Біріншіден, отбасы мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу қажет. Екіншіден, қоғамдағы ерлердің рөлін әке ретінде де, азамат ретінде де БАҚ, кино арқылы арттыру керек.
Үшіншіден, бала бойындағы тұлғалық қасиеттерді қалыптастыруда әкенің рөлі жоғары екенін насихаттау арқылы әкелер мектебін қалыптастыру қажет. Түйіндей айтқанда, әкенің бала үшін берері өмірлік азық болуы керек, сонда ғана қазақ қоғамы қайта қалыпқа келе бастайды. Бүгінгі бала – ертеңгі әке екенін ұмытпауға тиіс. Ұлттың қорғаны болатын ұрпақты қалыптастыруда әкелердің орны төрде тұрғаны абзал.

Әли ТЕМІРБЕК
17 қыркүйек 2024 ж. 261 0