№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Бар қызығым бала деген халықпыз

Бар қызығым бала деген халықпыз

2022 жылы 1764 сәби дүниеге келіпті. Жаңа жыл табалдырықтан енген атаулы күндері 5 сәби дүние есігін ашыпты. Мереке күнге мерей сыйлаған ауданаралық аурухана басшысы Сәкен Үсейінов жас аналарды жаңажылдық сый-сияпатпен қуантты.


 Ата-ана үшін өмірінің жалғасы болар ұрпағының болуы - ешнәрсе тең келмейтіндей бақыт. Өмірге сәби әкеліп, ана атану – әрбір әйел затының бағы десек, нәзік жандылардың сол бақытқа жетуі үшін перзентханада қызмет етуші ақ желеңді абзал жандардың жәрдемі ауадай қажет. Біз бүгін бала сүю бақытын, әке-шеше атану қуанышын сыйлаған бақыт ұясы – перзентхана бөлімінің тыныс-тіршілігімен жан-жақты таныспаққа бел будық.

Шараналардың іңгәлаған үні көңілімізді толқытты. Ойымызда тұрған сан сауал мен күйбең тірлікті бір сәтке ұмытып, ғажайыптар әлеміне кіргендей күйге бөлендік. Сөйтіп тұрғанда, перзентхана меңгерушісі Руслан Садықов та алдымыздан шығып, бізбен сөйлесуге уақыт тапты.

– Біздің күндегі жұмысымыз осындай қарбаласқа толы. Бірнеше ана толғағы жетіп, бір мезетте қатар келіп қалған жағдайдың да талайы бастан өтті. Ондай кезде тіпті қиын. Бірақ, біздің міндетіміз оларды аман-есен босандырып алу екенін есімізден бір сәт те шығармаймыз. Ана мен бала денсаулығын нығайту жолында мемлекетімізде барлық жағдайлар жасалып келеді. Әйел жүкті болғаннан бастап есепке алынып, дәрігерлердің қарауында болады. Егер барлық жүкті келіншектер дәрігердің нұсқауларын мүлтіксіз орындап, ақыл-кеңесін дер кезінде пайдаланып отырса, дені сау бала дүниеге келеді. Мұнда жұмыс жасағаныма он алты жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында қаншама сәбидің кіндік әкесі атандым. Бұл мен үшін зор мәртебе. Әйтсе де, қазір әйел денсаулығы алаңдатарлықтай жағдайда. Өйткені, экологиялық ахуалдың да әсері басым, көпшілігінде қаназдық, иммунитеттің төмендігі басым. Соның салдарынан босанатын уақытта түрлі қиындықтар туындап жатады, – дейді перзентхана бөлімінің меңгерушісі Руслан Бақытбекұлы.

Дәрігердің сөзінше, 2021 жылы 2034 бала туылса, 2022 жылы 1764 әйел сәбилі болыпты. Оның тоғызы егіз бала болса 107-і кесар тілігімен босанып, 57 бала шала туылып, 4 бала өлімі тіркеліп, 136 әйел түсік тастаған.
Сондай-ақ меңгерушінің сөзінен бөлімде шала туған нәрестені күту, ертерек емізу, ана мен баланың бірге болуы, талап бойынша тамақтандыру, босануға психопрофилактикалық дайындау, серіктес босанулар, босануда және кесар тілігі операциясы кезінде жансыздандырудың заманауи жаңа әдістерін сауатты іске асыру жолға қойылғанын білдік. Ол үшін мамандар үнемі тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болады екен.
Дәрігердің сөзінше, күн сайын сәбилер дүниеге келетін құтханада осы күнге дейін босанған аналар үшін қат болып келген ыстық судың мәселесі шешіліп, жайлы жағдай қалыптасыпты. Жас босанған аналарға қажетті барлық жағдай жасалып, алаңсыз күтінулеріне мүмкіндік мол. Бұл жайт аурухана басшылығының тікелей бақылауында. Өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтын сала мамандары аяқтан тік тұрып қызмет еткенде бірінші сапаға мән беретіні байқалды.

– Қазір біздің бөлімде ана мен бала саулығы үшін барлық жағдай жеткілікті. Меніңше, ауданымыздағы аналардың барлығы бұл сөзімді құптайды. Біз үшін ең бастысы, бар үмітін бізге артып, тоғыз ай, тоғыз күн көтерген перзентін аман-есен өмірге әкеліп, бауырыма бассам деген аналардың ақ тілегінің орындалуына дәнекер болу. Біз үшін өмірге дені сау ұрпақтың келуі маңызды. Болашақ мемлекет иелерінің саулығы бүгінгі ананың саулығына тікелей байланысты. Біздің қызметкерлердің барлығы ана мен баланың амандығы үшін еңбек етіп, балапанын бауырына басып, қуанған ананың жымиған жүзін көруден күш-қуат алады. Өзім бүгінге дейін екі мыңға жуық баланың «кіндік әкесі» атандым. Перзентханада істеген жылдары көп нәрсені үйрендім. Ауруы асқынған аналарға көмектесіп, отадан кейін түзеліп кетуі үшін көмегімді аямадым. Өмірге дені сау ұрпақ әкелу бірінші кезекте анаға байланысты. Сырқат анадан дені сау сәбидің тумайтынын ұмытпаған жөн. Болашақ аналарға айтарым, баланың өмірге келуі – бұл тек қуаныш қана емес, үлкен отбасылық жауапкершілік. Жүктілікті алдын ала тексеруден өтіп, денсаулығын түзеген соң жоспарлаған дұрыс, – дейді меңгеруші.

– Соңғы уақыттары табиғи әдістерді қолдану кеңінен қолданыста. Бүгінде босанатын бөлмеде қажетті деген жағдай жасалған. Мұның бәрі ананың табиғи босануына қызмет жасайды. Өйткені дүниеге ұрпақ әкелу физиологиялық үрдіс. Босану кезінде серіктестің қатысуы қиналған әйелге психологиялық жағынан да, күш-қуат жағынан да үлкен көмек. Қазір артық дәрі-дәрмекті қолданбай босандыруды жолға қойдық. Осы жағдайдың бәрі дені сау баланың өмірге келуі үшін жасалған, – деді ол.

Иә, перзентхана – адамға өмір сыйлайтын құтхана десек, онда қызмет етуде бойыңа адамдық, адалдық қасиеттерін сіңіруің қажет. Себебі, дүниеге бейкүнә перзент келетін жерде адал жандар ғана өзгелерге қуаныш сыйлай алады.

Таяуда ғана шетелдік басылымдардың бірінен оқығанымыз бар. Толғақтың дүниедегі ең ащы азаптың бірі екеніне күмән келтірген голландиялық екі еркек телевизиялық жобаға қатысып, арнаулы медициналық аппараттың көмегімен әйелдердің толғақ кезіндегі ауырсынуларын өз бастарынан өткізіп көрмекке бекінеді. Сынақ басталысымен санаулы минуттан соң-ақ батырсынған сабаздар миллиондаған телекөрерменнің алдында тұрғандықтарын ұмытып, жан дауыстары шыға айғайлап, тоқтатуын өтінген екен. Ерлердің өзі төтеп бере алмайтын қиындыққа мойымайтындығы үшін «Әйелдің қырық жаны бар», деген сөзді халқымыз бекер айтпаған ғой.

Сәбидің іңгәлаған дауысын есту – әрбір отбасы үшін зор бақыт екені белгілі. Сол бақытты сезінуге көмектесетін перзентхана дәрігерлерінің еңбегі жемісті болып, халықтың алғысына бөленуіне, өмірге дені сау ұрпақ әкелетін аналардың қуанышына ортақтаса берулеріне тілектестігімізді білдірумен сұхбатымызды аяқтап, жұмыстарына сәттілік тіледік.

Әсел. Рзаева

09 қаңтар 2023 ж. 200 0