№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ЕЛ ҚАЗЫНАСЫН ЕСЕЛЕГЕНДЕР

ЕЛ ҚАЗЫНАСЫН ЕСЕЛЕГЕНДЕР


Мемлекет бюджетінің қоржыны толық болса, елдің де көңілі тоқ. Мемлекеттік кірістер комитетінің құрылғанына 10 жыл толуына орай аудан әкімі Мажит Самитов сала мамандары мен ардагерлерін мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.


– Мемлекеттік кірістер органдарының қызметі еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтама­сыз етуде маңызды орын алады. Қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық, бюджетке түсетін са­лық түсімдерін бақылау – мұның бәрі мемле­кет­тік кірістер органдарының басты міндеті. Жаңақорған ауданы бойынша мемлекеттік кі­рістер басқармасы қызметкерлерінің бұл мақ­сат биігінде үлесі зор. Соңғы жылдары аудан қазынасына 2,9 млрд теңге қаржының артық құйылуы соның дәлелі. Биыл алты айда межелі жоспардан 487,9 млн теңге артық қаржы түсті, – деді аудан басшысы.
Салтанатты шарада бірқатар сала ардагерле­рі мен білікті маман иелері құрмет төрінен кө­рінді. Солардың қатарында Жаңақорған ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы­ның басшысы Қалдыбек Мұсаевқа Қазақстан Республикасының Қаржы Министрлігінің «Мем­лекеттік кірістер органдарының үздігі» төсбелгі­сі, Жаңақорған ауданы бойынша мемлекет­тік кірістер басқармасының бас маманы Қали­па Прімбетоваға Қазақстан Республикасының Қаржы Министірлігінің «Мемлекеттік кірістер комитеті­не – 10 жыл» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ, ауданның дамуына өзіндік үлес қосып жүрген бірқатар сала мамандары аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Көпшілік бас қосқан шарада басқарма басшысы Қалдыбек Мұсаев сөз алып, салада­ғы атқарылып жатқан жұмыстарды тізбелеп өтті. Басқарма басшысының сөзінше, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекет­тік бюджетке 37,3 млрд.теңге түсіп,жоспар 105,2%- ға орындалған. Бюджетке 1,9 млрд. теңге қо­сымша қаржының түсуі қамтамасыз етілген.
Өткен жылдың есепті кезеңінде жергілікті бюджеттің түсімі 2,3 млрд теңге болса, биылғы жылдың 6 айында түсім қарқыны 23,3 пайызға артты. Мұның барлығы мемлекеттік кірістер басқармасы мамандарының еселі еңбегінің нәтижесі екені даусыз.
Республикалық салық саласының құрылуы және даму тарихын сөз етсек, қаржы органдары және Халық комиссарлары Кеңесінің 1921 жылғы 20 тамыздағы қаулысымен бекі­тілген.
1991 жылғы 9 шілдеде Қазақ КСР Президен­ті­нің «Қазақ КСР мемлекеттік салық қызме­тін құру туралы» №1980 жарлығымен Қаржы министірлігінің тиісті бөліктерімен Экономика жөніндегі Баға комитетінің негізінде Бас салық инспекциясы құрылды. Қазақ КСР Мемлекеттік салық салу қызметі органдарының негізгі міндеттері болып Салық салу заңдылықтарын сақтау, сондай-ақ салықты және басқада міндетті төлемдерді дұрыс есептеу, бюджетке толық және дер кезінде аударып отыруды қамтамасыз ету, мемлекеттік баға және тарифтерді қолданудың дұрыстығына бақылау жасап отыру белгіленген болатын. Бүгінгі таңда салық саясаты ел экономикасын дамыту, әлеуметтік деңгейді көтеруде үйлестіруші, реттеуші рөл атқаратын мемлекеттік саясаттың бір бөлігі болып табылады.
1991 жылы 25 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының салық жүйесі туралы» Заңды күшіне енгізу жөнінде ҚР Жоғары кеңесінің қаулысы қабылданды. Міне осы кезеңнен бастап Тәуелсіз Қазақстанның салық органдары өз қызметінің бастауын алады.
Қазақстан Республикасы Қаржы министр­лігінің Салық комитеті мен Қазақстан Рес­публикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетін біріктіру жолымен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті құрылды.
Кезінде аудандағы аталмыш мекеменің тізгінін ұстап, шәкірттер тәрбиелеген, бүгінде дербес зейнеткер Айдар Жұматов сөз алып, өткен күн тарихынан деректер айтты.
– Егемендік алып дербес салық органдары құрылған жылдары аудандағы заңды тұлға­лар саны 276-ті, ал кәсіпкерлер саны 310-ды құраған. Ал, 2000 жылдардың басында ауданымызда 410 мекеме, 1150 жеке кәсіпкер болса, қазіргі таңға заңды тұлғаның саны 744, жеке кәсіпкерлердің саны 6575-ті құрап, заңды тұлғалар 2 есеге, ал кәсіпкерлер саны 6 есеге дейін өскенін көруге болады. Жаңақорған ауданының басқа аудандардан географиялық ерекшелігі көп. Тау кен өндірісі, жер астынан өндіретін пайдалы қазбалар, табиғи ресурстардың қоры жөнінен бай өлке. Сонымен қатар егін және мал өсіру, сүт-тауарлы өндірісі мен ет бағытындағы және кәсіпшілігі жолға қойылған. Аудандағы табиғи минералды емдік қасиетімен ерекшеленетін шипажайлар да бюджет көлемінің едәуір бөлігін толықтыруға сүбелі үлесін қосып келеді. Ақша ауысып теңге тұрақтанып, ел экономикасында өсім кезеңі басталған 2000 жылдары бюд­жет көлемі 180 млн.теңгені, оның ішінде респуб­ликалық бюджет 110 млн теңге, жергілікті бюджет 70 млн теңгені құрады. Қазіргі бюджеттің сол жылдармен салыстырғанда 120 есеге өсіп отырғаны көңілге қуаныш ұялатады, – деді ол.

ТҮЙІН. Жалпы соңғы кездері Жаңақор­ған ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы ұжымының жұмысында жетіс­тіктер аз емес. Салмақты саланың тізгінін ұстап, ел қазандығының молаюына жүйелі жұмыс жасап келе жатқан мамандардың қалтқысыз қызметіне елдің құрмет-қошеметі биік екені төл мерекеде айшықтала түскенін айтуға тиіспіз.

Мақпал МАРҚАБАЙ
17 тамыз 2024 ж. 214 0