НЫСАНДАР ҚҰРЫЛЫСЫ АЙМАҚ БАСШЫСЫНЫҢ ТІКЕЛЕЙ БАҚЫЛАУЫНДА

Әрі қарай облыс әкімі сол жағалаудағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен бой көтерген мектептің, жеті қабатты тұрғын үйлердің және Оқушылар үйінің құрылысымен танысты. Ұлттық жоба бойынша облыста салынатын 12 300 орынға арналған 21 мектептің биыл 10-ы, алдағы жылы 11-і пайдалануға беріледі. Құрылысы басталатын 11 мектептің жер телімдері белгіленіп, «Самұрық - Қазына Констракшн» акционерлік қоғамына наурыз айында табысталды.
Өңірде соңғы 2 жылда 4 мыңға жуық пәтер беріліп, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді. Осы жылы бюджеттен тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 34 млрд. 100 млн. теңге қаралды. Жыл қорытындысымен 2,5 мыңнан астам пәтер беріледі.
Заманауи үлгідегі 350 орындық Оқушылар сарайы «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен салынуда.
Аймақ басшысы құрылыс сапасы басты назарда болуы керектігін айтып, сала жетекшілеріне тапсырмалар жүктеді.