№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Париж төрі: төртжылдықтың тұғыры

Париж төрі: төртжылдықтың тұғыры

Әлем халқы асыға күткен Париж Олимпиадасының алауы тұтанды. Есте қалатын ашылу салтанатына жаһан жұрты көз тігіп, керемет сәтке сүйсінді. Төртжылдықтың басты спорт додасының басталғанына да төрт күннен асты. Төрт күннің нәтижесінде қоржынға үш жүлде түсті. Біреуі алтын, үшеуі қола. Күрес түрлерінен қаншама жыл күткен алтын бұйырды бізге. Дзюдодан Елдос Сметов олимп шыңын ақыры бағындырып, қазақ елінің туын көкте желбіретті. Бәсекенің бастамасы жаман емес, сондықтан әлі талай жүлдемен сүйіншілейтініміз рас.
Алдымен Париж төріндегі дода туралы толықтыра кетейік. Қазақстан құрамасының туын Асланбек Шымбергенов пен Ольга Сафронова алып жүрді. Дүбірлі дода – қазақстандық спортшылардың тәуелсіз ел ретінде қатысып отырған сегізінші жазғы Олимпиадасы. Төртжылдықтың басты бәсекесінде 208 елдің 10 500 атлеті 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығына таласуда.
Аталған шараны әлемнің әр қиырынан келген 300 мыңға тарта адам тамашалауға мүмкіндік алды. Алдын ала есеп бойынша тікелей телекөрсетілімді 1,5-2 млрд адам тамашалайды. Ашылу салтанатында ұлттық құрама мүшелері жеке қайыққа мініп, өзен бойымен шығыстан батысқа қарай алты шақырымды кесіп өтіп, Трокадеро алдында аяқталды. Онда ашылу рәсімінің соңғы элементтері мен мерекелік шоуларға куә болдық. Енді Париж Олимпиадасының алауы 11 тамызға дейін жанып, әлем үздіктерін анықтайды. Алғаш рет спорттық көше биі – брейкинг бойынша жарысады. Олимпиада бағдарламасында екінші рет серфинг, жартасқа өрмелеу және скейтбордингтен спортшылар бақ сынайды.
ХОК Олимпиада бітім шартын бұзғаны үшін Ресей мен Беларусьті команда ретінде қатысудан шектеді. Алайда ұлттық идентификациясы жоқ «жеке бейтарап спортшылар» ретінде қатысуға мүмкіндігі бар. Олардың нәтижесі медальдар кестесінде делегация ретінде қарастырылмайды. Жазғы Олимпиадада сынға түсетін үздіктерді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қабылдап, оларға тілектестігін білдірді. Байрақты бәсекеге ең мықты спортшылар бара жатқанын атап өтіп, ел намысын қорғау абыройлы міндет екеніне тоқталды. Үмітті үкілеген спортшылар кем дегенде үздік он елдің құрамына кіру үшін барын салатын болады. 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтетін айтулы аламанда 80 қазақстандық спорттың 25 түрінен 92 жолдама жеңіп алған еді. Отандастарымыз бокс, дзюдо, спорттық гимнастика, жеңіл атлетика, байдарка мен каноэде есу, оқпен ату, семсерлесу, грек-рим күресі, еркін күрес, садақ ату, стендтік ату және теннистен сынға түседі.
Сондай-ақ олар велошоссе, жүзу, заманауи бессайыс, таэквондо, велотрек, батут гимнастикасы, бадминтон, академиялық есу, көркем гимнастика, триатлон, үстел теннисі және брейкингтен жарыс жолына шығады. Қызылордалық спортшылар 2008 жылдан бері Жазғы Олимпиада ойындарына қатысып келеді. Қазірге дейін қазақстандықтар барлығы 71 медаль еншілеген. Оның 14-і – алтын, 21-і – күміс, 36-сы – қола. Олардың арасынан былғары қолғап шеберлерінің жеңіс олжасы көп жайды айғақтайды. 2012 жылы қызылордалық Марина Вольнова (75 келі) әйелдер боксында қола жүлде еншіледі. Ал 2020 жылы Қамшыбек Қоңқабаев (91 келі) үздік үштікті түйіндеді. Оған қоса 2016 жылы ауыр атлетикадан жерлесіміз Александр Зайчиковтің (105 келіден жоғары) күміс жүлдесіне қуана қол соққан едік. Сондай-ақ облыстан дзюдошы Жанар Жанзұнова, таэквандошы Айнұр Есбергенова, гандболдан ұлттық құрама сапында қызылордалық спортшылардың ел намысын қорғап қайтқанын әлі ұмытқан жоқпыз. Ал, Жаңақорғаннан бұл жолы ешқандай спортшы ілінбеді. Төрт Олимпиадаға қатарынан барған аудан балуандары биыл жолдама ала алмады. Бұны спорт басшылығы мен сарапшылар буын алмасу деп бағамдады. Өйткені жастар енді жетіліп, келесі төрт жылдың төрінен табылатынына сенімдіміз. Бокс, еркін күрес және ауыр атлетикадан жастар сапына ауысып жатқан жерлестеріміз көп. Алдағы төрт жылда олар ересектер қатарына қосылып, еңсемізді көтеріп, абыройымызды асыратын болады. Айта кетсек, Олимпиада ойындарының бойтұмары ретінде кішкентай фригиялық қалпақшалар саналатын Фрижи таңдалған. Олар еркіндіктің, инклюзивтіліктің және адамдардың үлкен және ақылға қонымды істерді жақтау қабілетінің мықты символы ретінде қызмет етеді. Фрижи қызыл, ақ және көк түстермен боялған. Биыл Олимпиада ойындарына сатылған билет саны да рекордық көрсеткішке жетті. Бұл туралы Халықаралық Олимпиада комитеті хабарлады.
Бүгінге дейін 8,8 миллион билет сатылып кеткен. Бұған дейінгі рекорд Атланта Олимпиадасында 8,3 млн билетті құраған еді. ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Эйфель мұнарасының етегіндегі Трокадерода орналасқан «Чемпиондар саябағында» марапатталады. Асықтай ұлдың алтыны Қазақ елінің қоржынына алғашқы қос қоланы нысана көздеушілер салған болатын. Ислам Сәтпаев пен Александра Ле Олимпиаданың қола жүлдегері атанып, абыройымызды асырған еді. Араға екі күн салып, бозкілемге шыққан қазақ дзюдосының аңызы Елдос Сметов айды аспаннан бірақ шығарды. Аңыз деуімізге болады. Ол өзі қатысқан үш Олимпиада да олжасыз оралған емес. Риода күміс, Токиода қола, енді міне Парижде алтынмен апталып жатыр. Тәуелсіз ел болғалы күрес түрлерінен Олимпиаданың алтыны алаш жұртының уысына түспей келді. Осы арманды ақиқатқа Елдос балуан айналдырып, төбемізді көкке жеткізгендей болда. Жарыстың алғашқы күні Абиба мен Елдос жарыс жолына көтерілді. Қола үшін белдесуде қазақтың қайсар қызы есе жіберсе, батыр ұлымыз Әнұранымызды шырқатты. Елдос 60 келіде алдымен Нидерланды балуанымен кездесті. Екінші айналымда өзбекстандық Дилшодбектен басым түссе, одан кейін Тайпен дзюдошысы Ян Юнвейдің жауырын жер иіскетіп, жартылай сында испандық балуаннан айласын асырды. Ал, ақтық сында жарыс қожайыны, франциялық Лука Мхелидзені жеңіп, спорттық мансабындағы үшінші Олимпиадасында алтын жүлдеге қол жеткізді.
– Бұл жеңісті ең әуелі қазақ еліне арнаймын. Маған демеу болған барша алаш жұртына бас иемін. Мемлекет басшысына да алғысым шексіз. Қоңырау шалып, құттықтап, рахметін айтып жатыр. Әрине, бұл Олимпиадаға бару, бармауымда белгісіз болатын. Қаншама күйзеліс, тіпті спорттық мансабымды аяқтауға да жақын едім. Алдымен ата-анам, жан-жарым, балаларымның қолдауымен қайта аяққа тұрдым. Бапкерлеріме де шексіз ризамын, сенімді ақтағаныма өте қуаныштымын, – деді батыр ұл.
Елдостың марапаттау рәсіміндегі көз жасы күллі қазақтың жүрегін елжіретті. Бұл тарихи сәт, қырық жыл күткен алтынға ақыры қол жеткіздік. Ал оның ізінше Ғұсман Қырғызбаев та қоржынға қола жүлде салды. Сонымен кезінде Мұстафа ту тіккен, Әміре әлемді мойындатқан Парижде қазақтың оғланы көк туымызды биіктен желбіретіп, еліміздің абыройын асқақтатуы заңдылық еді.
Қуан қазақ елі, тойла Әулие ата жері! Айта кететіні, жарыстың бесінші күнінде де жүлдесіз қалған жоқпыз, оны кейінірек толықтыра жаза жатармыз. Ең бастысы, биылғы жазғы ойындар тек жақсы жаңалығымен келуде.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

30 шілде 2024 ж. 198 0