№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Біздің спортшылар Олимп шыңына шығуға қауқарлы ма?

Біздің спортшылар Олимп шыңына шығуға қауқарлы ма?


Бес жыл тағатсыздана күткен XXXII жазғы Олимпиада ойындарының жалауы санаулы күннен кейін Күншығыс елінде желбірейді. 2020 жылы өтуі тиіс төртжылдықтың басты спорттық додасы пандемияға байланысты 2021 жылдың 23 шілдесі мен 9 тамызы аралығында өтеді. Токиода өтетін байрақты бәсекеге баратын спортшылардың көбі Жапония еліне аттанып, дайындығын пысықтауда. Әлемнің түкпір-түкпірінен келетін құрылықтық аламанға Қазақстан ұлттық құрамасынан 96 спортшы спорттың 27 түрінен ел намысын қорғайтын болады. Сол спортшылардың үшеуі Сырдың саңлақтары. Біреуі біздің – Дәулет Ниязбеков.


Алдымен Олимп шыңын бағындыруға кімдер және қай спорттан барады, соны саралап алайық. Жеңіл атлетикадан 12 жолдама бар, оның ішінде, үш қарғып секіруден Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да қатарда. Сол секілді суда жүзуден Рио-де-Жанейро Олимпиадасының алтын жүлдегері Дмитрий Баландин де бар. Каратэ, спорттық құзға өрмелеу, синхронды жүзу, веложарыс, спорттық гимнастика, садақ ату, стенд ату, нысана көздеу, слаломда есу, теннис, су добы, таеквандо, көркем гимнастика, ауыр атлетика, семсерлесу, дзюдо, еркін, грек-рим күресі, бокс және өзге де спорт түрлерінен отандастарымыз бақ сынайды.
Қазақстан тұңғыш рет Олимпиада бағдарламасына жаңадан енген спорт түрі, атап айтқанда, спорттық құзға өрмелеу және каратэ бойынша өз бағын сынайтын болады. Осы жолы Олимпиадада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бұл – Рио Олимпиадасынан 33 медаль жиынтыққа көп. Токио Олимпиадасына жаңадан бес спорт түрі енді. Олар: бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг. «Токио-2020»-ның тағы бір ерекшелігі – көрерменсіз өтеді. Төрткүл дүниенің назарын аударған доданың ең өкінішті тұсы да осы.
Сонымен Сыр өңірінен байрақты бәсекеде сынға түсетін 3 спортшыдан да қазақ елі жүлде күтеді. Каратэден – Мөлдір Жаңбырбай, бокстан – Қамшыбек Қоңқабаев және еркін күрестен – Дәулет Ниязбеков төртжылдық аламанның төрінде өнер көрсетеді. Қамшыбек Көк байрақты көтеріп, Олимпиадалық Ұлттық құраманы бастап барса, Дәулет еркін күрес құрамасының капитаны.
Біз боксшылардан, әсіресе Қамшыбектен көп үміт күтеміз. Ал, жаңақорғандық балуан Дәулет Ниязбековтің тәжірибесі толысқан, екінші Олимпиадасы. Ол өз салмағында жүлдеге таласатын фавориттің бірі.
Дәулет бірнеше рет Әлем чемпионатында және Лондон Олимпидасында өнер көрсетті. Тәжірибесі де, психикалық, физикалық дайындығы да кемеліне жеткен балуан қарсыластарын жақсы таниды. Лондондағы сәтсіздікті медальға айналдыратын соңғы мүмкіндік десек те болады. Неге десеңіз, 32 жасты алқымдаған спортшының артынан ізбасарлары өсіп келеді. Оның үстіне, күш сарқылатын жасқа жақындады...
Енді балуанда аянып қалар еш негіз жоқ. Тарихты жаңалайтын кез келді. Жарты ғасырдан астам уақыт қазақ балуандары Әлем және Олимпиада ойындарында алтын алған емес. Енді сол олқылықтың орнын еркін күрес балуандары толтырады деген үміттеміз.
– Жапон еліне 28 шілде күні аттанамыз, Алла бұйыртса бұл жолы қазақ еліне жүлдесіз оралмаймын. Дайындық пысықталды, Лондонда кеткен есені қайтаратын кез келді. Шыны керек, өзге спорт түрінен бағын сынайтындарға қарағанда алаш жұрты балуандардан жүлде күтіп отыр. Әсіресе алтын алу басты мақсат. Сондықтан жауапкершілік жүгі бізге еселене түсті, – дейді ол.
Дәулеттің бұған дейін қол жеткізген нәтижелерімен мақтануға тұрарлық. 2011 жылы Ыстанбұлда, 2019 жылы Елорда төрінде өткен Әлем чемпионатында қола мен күміс медальды мойнына тақты. Азияның үш дүркін чемпион атанды. Оған Токио Олимпиадасының медалі қосылса қандай жарасымды болады?!
Қарсыластарына тоқталсақ, бұл салмақтың басты фавориті – соңғы әлем чемпионы ресейлік Гаджмұрад Рашидов. Оның сыртында жапон балуаны Такуто Отогуро тұр. Ол – 2018 жылғы әлем чемпионы. Тағы бір мықты әзербайжан балуаны бар. Аты-жөні – Хаджи Алиев. Ол – Олимпиаданың қола жүлдегері, 3 дүркін әлем және Еуропа чемпионы. Сондай-ақ әлем чемпионатының жүлдегерлері мажарстандық Исмаил Мусукаев пен үндістандық Баджранг Пунияны естен шығаруға болмайды. Ашығын айтқанда, Ниязбековтің қарсыластары бірінен-бірі өткен алымды балуандар, бәсеке өте жоғары.
– Рас, Дәулеттің барлық қарсыластары өте мықты, тіс қаққан спортшылар. Олардың әрбір әдіс-тәсілін зерделеп, соған қарай жұмыс жасаудамыз. Алла сәтін салса жеңіс тұғырынан көрінуге дайынбыз. Әзірге ештеңе айта алмаймын, барлығын бозкілемде көрсететін боламыз, – деді чемпионның жеке бапкері Әбутәліп Аманов.
Әбутәліп ағайдан тәлім алған балуандардың бабын да, бағын да, спорттағы жолын да білеміз. Олардың қатарында Рио Олимпиадасының қатысушысы Ғалымжан Өсербаевтың да есімі биік тұрады. Білікті бапкерден тәлім алатын Дәулеттің ендігі арман-мақсаты, межесі – алтын алу. Оның әлеуетін еліміздің ұлттық құрама командасының кеңесші-бапкері Майрбек Юсупов былай түйіндеді.
– Әлем чемпионатында екі рет жеңіс тұғырына көтеріліп, Азияның үш дүркін чемпионы және төрт дүркін қола жүлдегері атанған сақа спортшының бұл күндері алдына түсетін ешкімді көрмей тұрмыз. Иә, бір кездері жарақатына байланысты Д.Ниязбековтің біраз жарыстан шет қалғаны рас. Сол уақытта бірде оны Саятбек Оқасов, енді бірде Әділ Оспанов алмастырды. Саятбек артылған сенімді ақтап, Азия ойындарында қола және құрлық біріншілігінде күміс медальды еншіледі. Түрлі жарыстарда барлық үміткердің шама-шарқын байқап көрдік. Шыны керек, қазір Дәулеттің алдын орайтын ешкім жоқ. Сол секілді 97 келі салмақ дәрежесінде айқасып жүрген Әлішер Ерғалидің де шеберлік деңгейі барша қарсыластарынан бір бас жоғары. Оған ұлттық құрама бапкерлерінің көзі әлдеқашан жеткен. Сондықтан да Дәулет пен Әлішердің Токиоға баруына еш кедергі жоқ, – деді ол.
Иә, бірер күннен кейін асыға күткен Олимпиада ойындары басталады. Біз Дәулет бастаған балуандарға, Қамшыбек бастаған боксшыларға сәттілік тілейміз.

Әлібек ТЕМІРБЕК
21 шілде 2021 ж. 613 0