№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Биіктік


Спортта биіктікті Олимпиада ойындарындағы алтын медалімен өлшейтіні белгілі. Сондықтан спорттық бәсекенің осы түрінде Қазақстан спортшыларының жеткен жетістігін сөз етсек.


Қазақстан спортшылары КСРО-ның данқты атын қорғап 1964 жылы Токиода өткен XVIII Олимпиада ойындарына алғаш қатысқан екен. Токиодағы дүбірлі додадан 2016 жылы Рио-де-Жанейродағы өткен XXXI жазғы Олимпиада ойындары арасындағы бәсекелі аламанда біздің спортшылар ел намысын абыроймен қорғады. Осы Олимп керуенінде, яғни Токиядан Рио-де-Жанейроға дейінгі дүбірлі дода кезінде 49 алтын алқа қазақстандық спортшылардың еншісіне тиісілі.
Олимп керуеніндегі ең нәтижелі көрсеткіш 1988 жылы Сеулде өткен ХХIV Олимпиада ойындары. Сеулде біздің мықтылар 9 алтын қанжығасына байлады. Олардың қатарында В.Муравьев, В.Савин (жеңіл атлетика), Е.Чебукина, О.Кривошеева (волейбол), В.Люкин, В.Новиков (спорттық гимнастика), В.Тихоненко (баскетбол), Е.Яровенко (футбол), А.Храпатый (ауыр атлетика) бар. Сондай-ақ 1980 жылы аюмен өрнектелген ХХІІ Олимпиада ойындарында Н.Ким (спорттық гимнастика), Н.Ольхова (баскетбол), Ж.Үшкемпіров, Ш.Серіков (грек-рим күресі), В.Муравьев (жеңіл атлетика), С.Котенколар (су добы) өз мықтылығын дәлелдепті. Тарихта ойып орын алған бұл көрсеткіштермен біз мақтанамыз, дегенмен, бұл – КСРО-ның тарихына жазылатын ұлы жеңістер болмақ.
Егеменді ел ретінде қазақ спортшылары алты олимпиадалық ойындарға қатысып 19 алтын алқа иеленді. Алғашқы екі Олимпиадалық ойынның салмағы тең – үште-үш. Атлантада Ю.Мельниченко (грек-рим күресі), А.Парыгин (бессайыс), В.Жиров (бокс) көк байрақты биікте желбіретіп, Әнұранды шырқатты. Сиднейде Б.Саттарханов, Е.Ибрайымов (бокс), О.Шишигина (жеңіл атлетика) Олимп шыңын бағындырды.
Афинада өткен ХХVІІІ Олимпиада ойынында Бақтияр Артаев ғана алтынды қанжығасына байлағаны әлі есімізде. Бұл «қазақ спортының күйрегені ме, әлде жаңа белеске көтерілу жолындағы сабақ па?» деп қалың ойға, сандаған сұрақтарға төтесінен жолыққанымыз шындық.
Араға төрт жыл салып 16 күнге созылған Бейжіндегі мықтылар сайысынан саңлақтарымыз құр қайтпады. Қытай уақыты бойынша 8 тамыз күні, сағат кешкі 8-ден, 8-минут, 8 секунд кеткенде алауын жаққан бәсекеде былғары қолбақ шеберлері жақсы өнер көрсетті. Бақыт Сәрсекбаев Кубаның алтын алқаға соңғы үміті Карлос Суарес Бантті ойсырата ұтты. Сыр алыбы Илья Ильин жарақатына қарамастан зілтемірді басынан асыра көтеріп, елдің абыройын асырды. Жалпы, қорытынды бойынша 13 медаль, оның ішінде жалпы командалық есепте 2 алтын, 4 күміс, 7 қоламен қорытындылапты. 29 орынға табан тіредік. Афиныда өткен Олимпиада ойындарының командалық қорытындысымен салыс­тырғанда 10 саты жоғары болды. Осылайша, бірнеше жылдар бұрын күмән болған қазақ спортының болашағы кемел екеніне көз жеткіздік.
Ал Тұманды Альбион елінде өткен төртжылдықтың басты бәсекесінде қазақстандық спортшылар айды аспанға бір-ақ шығарды. Олимпиада қорытындысы бойынша 7 алтын, 1 күміс, 5 қола алып, командалық есепте 12 орынға көтерілді. Серік Сәпиев (бокс), Илья Ильин (ауыр атлетика), Александр Винокуров (велоспорт), Зүлфия Чиншанло (ауыр атлетика), Майя Манеза (ауыр атлетика), Светлана Подобедова (ауыр атлетика), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика) алтын алқаны мойнына тақты. Лондонда Дәулет Ниязбеков өнер көрсетіп, бәсекені үздік бестікпен аяқтады.
2016 жылы Олимпиада ойындарының алауы Рио-де-Жанейрода жанды. Онда жүзгіш Дмитрий Баландин, ауыр атлет Ниджат Рагимов, былғары қолғап шебері Данияр Елеусіновтің бағы жанып, байрағымызды қалықтатты. Еркін күрестен Ғалымжан Өсербаев сынға түсіп, барша жаңақорғандықтар тақымын қысты. Ғалымжан да жеңіске сынақ сүйем қалғанда сүрініп, бесінші орынмен жарысты түйіндеді.
Алда Токио Олимпиадасы. Спортшылар төртжылдықтың басты бәсекесіне жолдама алу үшін барын салуда. Бірақ Қытайдағы індетке байланысты Олимпиада ойындары кейінге шегерілуі мүмкін деген сыбыс бар. Қалай болғанда да, біздің спортшылар байрақты бәсекеге дайындықты күшейтіп, намыс пен елдік сынға түскен сәтте байрағымызды биіктетеді деген сенім мол. Оның ішінде, жаңақорғандық Дәулет Ниязбеков екінші Олимпиадасында медаль алу үшін дайындалуда.
– Мұратым – Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан көріну. Бұл жолда аянбай тер төгудемін. Қазір бабым жақсы. Қарсыластарымның техникалық, тактикалық дайындығынан хабарым бар. Сәттілік жолдас болса, Токио Олимпиадасын бағындырамын деген ойдамын, – деді Дәулет Шораұлы.
Спортшылар бабы мен бағы қатар келіп, жұлдызы жанып, елдің даңқын шығара берсін. Біз соны тілейміз...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

14 наурыз 2020 ж. 1 328 0