№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әлкей Марғұлан және совет билігінің қыспағы

Әлкей Марғұлан және совет билігінің қыспағы

Фото: triptonkosti.ru
Сталиндік қуғын-сүргін мен идеологиялық қысым қазақстандық археологияның негізін салушы және халық эпостарын зерттеуші, академик Әлкей Марғұланды да айналып өтпеді. Ғылыми ортада кеңінен танылған Марғұланды кезінде "буржуазиялық ұлтшыл" деп те айыптады. Биыл туғанына 115 жыл толған ғалым жайлы әлі толық зерттелмеген деректер жетерлік.
Әлкей Марғұлан ғылымға идеологиялық қысымның күшейіп тұрған кезінде келді. ҚазССР халық ағарту комиссариатында бір жыл жұмыс істегеннен кейін студенттік шағын өткізген Ленинград қаласына мемлекеттік материалдық мәдениет тарихы академиясының аспирантурасында оқуға (1920-жылдардың соңы – 1930-жылдардың басында Марғұлан Ленинградтағы үш бірдей оқу орнында оқып, жан-жақты білім алған) барады. Билік қысымына алғаш рет осы кезде ұшырайды.
Әлкей Марғұлан Ленинградта 1938 жылдың соңына дейін оқып, жұмыс істеген. Қазір академик жайлы көптеген өмірбаяндарда оның осы қалада тұтқындалып, психиатриялық емханаға жатқызылғаны жазылып жүр. Ғалым өміріндегі бұл дерек туралы алғаш рет 1998 жылы жарық көрген Әлкей Марғұланның 14 томдық шығармалар жинағының бірінші томында жарияланған академиктің қызы Дәнел Марғұланның мақаласында кеңінен айтылады.
Дәнел Марғұланның айтуынша, әкесі түрмеге 1935 жылы жабылған.
- Әкем бұл туралы әңгіме қозғамайтын. Тек бірде түрмеде отырғанын айтып қалды. Біз ауыр күрсіндік, - дейді ғалымның қызы.
1998 жылғы мақаласында Дәнел Марғұлан әкесінің тұтқындалуына "ұлттың мәдениет мәселелеріне қызығушылық танытқаны" себеп болса керек деп топшылаған.
Бұл пікірмен Әлкей Марғұланның досы — мәскеулік археолог Леонид Кызласов та келіседі. "Бүгін біз сол жылдары Әлекеңнің өміріне туған халқына деген сүйіспеншілігін жасыра алмауы үлкен қауіп төндіргенін түсініп отырмыз. Оның жаулары осыны пайдаланды" дейді ол.
Әлкей Марғұлан Ленинградта жүргенде бұрынғы "Алаш" қозғалысының өкілдерімен байланыста болған. Бұл арнайы қызмет өкілдерінің назарын аударса керек. Әртүрлі ақпарат құралдарында жарияланған ескі суретте Әлкей Марғұлан қазақ зиялыларының алты бірдей өкілі: Халел Ғаббасов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Абдолла Байтасовпен бірге отыр. Аталған зиялылардың біразы большевиктер түбіне жеткен "Алаш" қозғалысының белсенді өкілдері болған. Көп ұзамай суреттегі алты азамат қуғын-сүргінге ұшырады (төртеуі отызыншы жылдары атылып, екеуі түрмеге түскен).

Ленинградта оқып жүрген кезде Әлкей Марғұлан "Алашорда" басшыларының бірі Әлихан Бөкейхановпен жақын араласқан. Ғалымның өмірбаянын зерттеуші Сұлтан-Хан Аққұлы бір еңбегінде 20-жылдардың екінші жартысында Әлкей Марғұлан Әлихан Бөкейхановтың Мәскеудегі пәтеріне жиі қонаққа барып тұрғанын жазады. Совет одағы үшін қауіпті саналатын тұлғамен жиі кездесу оның таныстарының басына қара бұлт үйірді.
Марғұлан 1961 жылы жазған өмірбаянында дертке шалдыққанын айтқанымен, тұтқындалғаны туралы үндемейді. Ғалым "Аспирантурадағы оқуыма байланысты үздіксіз жұмыс денсаулығыма зардабын тигізді. Сырқатымнан айығу үшін бір жыл бойы аурухана мен шипажайда ем қабылдауға тура келді. Денсаулығымды түзетіп, кандидаттық диссертация жазуға қайта кірістім" деп жазады.
Әлкей Марғұлан Алматыға 1938 жылдың желтоқсанында оралған. Бұл кезде қуғын-сүргін қыспағынан босай бастағанымен, ғылыми зерттеу жүргізуге қолайлы жағдайы болмаған.
ЕДІГЕ ЭПОСЫН ЗЕРТТЕУ ЖӘНЕ БИЛІК ҚЫСЫМЫ
1943 жылы Әлкей Марғұлан "Ярлыктар мен пайзаның тарихи мәні" (Пайза – сенім грамотасы дәрежесіндегі құжат белгі – ред.) тақырыбында - кандидаттық, ал 1945 жылы "Қазақ халқының эпикалық жырлары" атты докторлық диссертациясын қорғайды. Ғалымның бұл еңбектерінен оның жан-жақтылығын көруге болады. Марғұлан эпикалық жырларды 1930-жылдардан бастап зерттей бастаған. 1938 жылдан бастап осы тақырыпта қазақ және орыс тілдерінде бірнеше мақала жариялаған. 1940 жылы оның "Едіге және Орақ Мамай" деген мақаласы шықты.
1944 жылдың тамызында Мәскеуде бүкілодақтық коммунистік партия орталық комитетінің "Татар партия ұйымындағы жаппай саяси және идеологиялық жұмысты жақсарту шаралары" атты қаулысы шықты. Қаулыда тарих туралы жазылған еңбектерде "ұлттық сипаттағы кемшіліктер мен қателіктер" (Алтынорданың рөлін асыра көрсету, Идегей [Едіге атының татар тіліндегі нұсқасы] туралы хандық-феодалдық эпосты насихаттау) бары айтылған. Бұл Алтынорда ханы Едіге туралы жыр тараған өңірлердің эпос зерттеушілерін қиын жағдайға қалдырды. Олардың қатарында Поволжье татарлары ғана емес, қазақтар, қырғыздар, Қырым, Сібір татарлары, ноғайлар, башқұрттар, қарақалпақтар, өзбектер мен таулық алтайлықтар болған.
Бір жылдан кейін Қазақ ССР-іне Мәскеуден СССР жазушылар одағы мен насихат басқармасынан жұмыс тобы келген. Қазан айында жұмыс тобы бүкілодақтық коммунистік партия орталық комитетінің хатшысы Г. Маленковке баяндамалық хат жолдап, тарих пен әдебиет тақырыбында жазылған еңбектерде "кемшіліктер мен қателіктер" кездесетінін жазған. Бұл хатта Әлкей Марғұланның аты бірнеше рет аталған.
Хатта "Қазақтың бірқатар тарихшылары мен әдебиеттанушылары Алтынорда мен Едігенің рөлін асыра бағалайды. 1944 жылы Ғылым академиясының қазақ бөлімі дайындаған "Тарихи жинақта" шыққан жолдас Марғұланның "Ер Едіге" мақаласында "Едіге – Алтынорда дәуіріндегі ең ерекше тұлғалардың бірі. Едіге бүкіл өмірін Отанына арнаған. Сондықтан оның есімі қанша ғасыр өтсе де, ұмытылмай келеді" деген жолдар кездеседі" делінген.
Хат авторлары сонымен бірге "Бүкілодақтық Коммунистік партия орталық комитетінің “Татар партиялық ұйымында жаппай саяси және идеологиялық жұмыстарды жақсарту шаралары" туралы қаулысында Едіге эпосының хандық-феодалдық негізі бары көрсетілгеніне қарамастан, әдебиеттанушылардың бірқатары 1945 жылы Едіге туралы мақтау өлеңдер жазуды тоқтатпаған ("Ар" өлеңдер жинағы, 27–28 бет)" деп жазған.
Мәскеуден келген жұмыс тобы бұл "олқылыққа" бүкілодақтық коммунистік партия орталық комитеті Қазақстандағы бөлімінің насихат бойынша хатшысы Мұхаметжан Әбдіхалықовты кінәлаған. Хатта Әбдіхалықовтың тарихи фактілерге қарамастан, "бізде, яғни, Қазақстанда татар халқынан бөлек, басқа Едіге болған" дегені айтылады.
Бұл сөйлем Әлкей Марғұланның 1944 жылы Мәскеуде қаулы қабылданғанға дейін жазған қазақ батырлар жыры туралы докторлық диссертациясын 1945 жылы қорғау себебін түсіндіреді. Соған қарағанда Қазақ ССР-ының бас идеологы, батырлар жырын зерттеуге қолдау көрсетіп, демеу болған сияқты.
ҒАЛЫМҒА ҚАРСЫ НАУҚАН
Марғұланға қарсы айыптаулар 1947 жылы күшейді. "Қазақстан большевигі" журналының сол жылдағы бірінші санында эпос туралы қалай дұрыс жазу керегін "түсіндіретін" мақала шықты. Онда партия қызметкері Б.Степанов эпос кейіпкері Едігені "орыс халқының жауы" деп атап, Марғұланды Едігеге қазақ халқының ең жақсы қасиеттерін қосып жазғаны үшін айыптаған. Автор "Марғұлан осы арқылы тарихты бұрмалап, жалған сөйлеп отыр" деген қорытындыға келген.
1947 жылы ақпанда Қазақ академиялық драма театрында ғылым, әдебиет және өнер саласы қызметкерлерінің партия және қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесуі өткен. Онда "өрескел саяси қателіктер" туралы сөз болған. Жиынға қатысушылар Әлкей Марғұланды да сынаған. Партияның қалалық комиссиариатының хатшысы Жүсіпбеков Марғұланды "орыс және қазақ халқын кеудесінен басқан Едігені мақтағаны және "Қазақ тарихындағы ең үздік кезең Шыңғысханның тұсында болды" деп жазғаны үшін айыптаған.
1947 жылы наурызда "Казахстанская правда" газетіне М. Ахынжанов және Б. Тұрсынбаевтың "Профессор М. Марғұлан тарихты бұрмалап жатыр" деген мақаласы басылған. Материалда негізінен қалалық комиссариат хатшысының сөзінде айтылған айыптаулар толықтырылып, кеңінен берілген. М.Ахынжанов мұндай мақаланы бірінші рет жазбаған. Ол - 1937 жылы "Казахстанская правда" газетінде жарық көрген Санжар Асфендияровқа қарсы "Тарихшы рөліндегі жапон тыңшысы" деген мақала авторларының бірі. Осы мақаладан кейін бір жыл өткенде Асфендияровты "контрреволюциялық қызметі" үшін айыптап, ату жазасына кескен.

"ТАРИХТЫ БҰРМАЛАУ". 1953 ЖЫЛҒЫ ЖИЫН


Дереккөз: azattyq.org
22 шілде 2024 ж. 167 0