№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Кітап озар, телефон тозар

Кітап озар, телефон тозар


1972 жыл ЮНЕСКО-ның шешімімен «Халықаралық кітап жылы» деп аталса, 1995 жылдың 23 сәуірі – «Халықаралық кітап күні» деп жарияланды. Міне, содан бері бұл күн Ресей, Германия, Америка, басқа да өркениетті мемлекеттерде салтанатты түрде аталып өтілуде. Біз бұдан кітаптың қай кезде де маңызды рөлге ие екенін байқаймыз.
Көркем әдебиетті көп оқыған тұлғаның табиғаты таза, көңіл көкжиегі кең. Десе де, соңғы уақытта ақылына ақы сұрамайтын асыл қазынадан арамыз алыстап, ақ қағаз бетіне моншақтай тізілген әріптерге үңілуден гөрі телефонға телміргенді тиімді санайтын “озық ойлы” жастар қатары қалыңдап барады.
Иә, уақыт көшінде баспасөз жаңа технология өнімі – теледидармен толығып, кейіннен, ақпарат тасқынына интернет иелік ете бастады. Қолы қалт етсе кітапхана мен театрға баруға құштар көңіл сағаттап төрт қабырғаға қамалған қалпын сезбей де қалып жатыр. Алтын уақыттың қадірін айрықша бағалайтын адам күнұзақ бойға сіңірген ақпаратты сана сүзгісінен бір өткізіп, талдап-таразылай білсе көп нәрседен ұтылғанын мойындаған болар ма еді. Бұдан түйеріміз, әрбір жеке тұлға әлеужеліні пайдалану мәдениетін бір ізге қоя білгенде ғана өкініштің орнын толтыруға болады. Рас, жаңа технологияның қоғамға сіңіп кетуі қаншалықты жылдам болғанымен кітаптың орнын баса қоймады. Оқырман санының айтарлықтай азаюы байқалса да, кітап өзінің әу бастағы биігінен түскен жоқ. Керісінше, рухани кемелденудің кілті, һәм, адамгершілік пен парасаттың қайнар бұлағы екенін әркім мойындайды. Осылайша, араға біраз уақыт салып, сөз басында айтқан «Кітап күні» біздің елімізде де мереке ретінде белгіленді.
Яғни, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы тапсырма беріп, Қазақстан Республикасындағы мереке күндерінің тізбесіне жаңа мереке қосылды. Үкімет қаулысымен 23 сәуір - Ұлттық кітап күні болып жарияланды. Бұл туралы, Президент өз сөзінде: «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деп атап өтті. «Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген Ғабит Мүсіреповтің сөзі де кез келген жанды кітаппен дос болуға шақырады. Кітапты таңдау, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмірлік қажетіне жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайым-парасатын анықтайтын алғы шарттардың бірі. Кітап – бүгінгі күн тұрғысынан алғанда да маңызын жоймаған дүние.
Ендеше, қоғамның сан-салалы мақсаттарының ішіндегі ажырамас бір мақсат, үнемі жас оқырманды тәрбиелеп отыру. Бұл оқу орындарының ғана емес, атаананың да маңызды міндеті. Кітаппен дос болу өзін дамытам деген жас ұрпақтың өзіне салған ең үлкен инвестициясы дер едім.

Жәмила ЕРМАХАН
16 шілде 2024 ж. 199 0