№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Есірткіге елірткен ерлік емес

Есірткіге елірткен ерлік емес

Әлемдік сарапшылардың мәліметінше, соңғы уақытта ішімдік пен құмар ойынды есірткі саудасы басып озуы әбден мүмкін. Өйткені қазір есірткіге құмартқандар саны артса, оның нарықтағы бағасы асқақтап тұр. Сондықтан бұл дерттің алдын алу үшін біздің ел ғана емес, жаһан жұрты күресті күшейтті. Әсіресе карантин уақыттарында оңай олжалы боламын дегендер айналадағыларды есірткімен еліртіп, мейлінше санасын улап біткенін көріп отырмыз. Салдарынан қаншама жастың тағдыры қыршыннан қиылды.
«Курсив» агенттік порталы 2024 жылдың басынан бері ҰҚК-ның есірткінің заңсыз айналымына қарсы 96 операция жүргізгенін мәлімдеді. Нәтижесінде 40- тан аса есірткі жеткізу арнасы жойылған. Соның ішінде 24-і халықаралық, 17-сі аймақтық есірткі жеткізу арнасы. Сондай-ақ 16 жасырын есірткі зертханасы жойылған. – 1987 жылы 26 маусымды Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы «Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні» деп жариялады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті басқа мемлекеттік органдармен қатар осы қатерлерге қарсы іс-қимылға белсенді қатысады. 2024 жылдың басынан бері ҰҚК есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бойынша 96 операция, оның ішінде 23-і шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен жүргізді, – делінген ҰҚК хабарламасында. 1,3 тоннадан астам есірткі мен психотроптық зат заңсыз айналымнан алынған. 4,6 тонна көкнәр мен синтетикалық есірткі жасау үшін пайдаланылатын 13, 6 тонна химиялық реагенттің көзі жойылды. Осы «қара нарықтан» алынған есірткінің құны шамамен 17 млрд теңгені құрайды.
Ал айналымға жіберілген көлем шамамен 5 млн доза. ҰҚК-ның дерегінше, Қазақстанның 54 азаматы мен шетелдіктерге қатысты сотқа дейінгі тергеулер жүргізіліп жатыр. Заңсыз айналымнан 790 келіден астам есірткі және психотроптық заттар алынған. Бұған дейін Ішкі істер министрлігі Қазақстан Орталық Азиядағы синтетикалық есірткі өндірісінің ошағына айналды деп дабыл қаққан. Соңғы 4 жылда «синтетиканың» заңсыз айналымы 10 есе артып, ал жойылған есірткі зертханаларының саны 27 есе өсті. Есірткіге қатысты қатаң жазаға қарамастан Қазақстаннан шыққан «синтетика» қазірдің өзінде Қырғызстан мен Өзбекстанның нарығын жаулап алған.
Енді есірткі өндіргендер өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 21 мамырдағы Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар жасырын зертхана ашып, есірткі өндірген азаматтарды өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейтін заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленген. Құжат нашақорлық пен есірткі бизнесіне мемлекеттік және қоғамдық қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіруге бағытталған. Жалпы бұған қарсы жұмыстар жасалып, қылмыскерлер құрықталып жатқанына қарамастан бұл дертке душар болғандар саны артпаса кеміген емес. Әсіресе жастардың әуестігі қоғамның нағыз қасіретіне айналуда.
Елдегі алаяқтық қылмысынан кейінгі есірткі саудасының өсім алуы көңілге кірбің түсіреді. Басқасын айтпағанда, біздің ауданда бұл іс бойынша соңғы үш жылда қаншама дерек тіркеліп, темір торға тоғытылғандар аз емес. Расын айту керек, бұл қылмыспен күресті дер кезінде қолға алмаса болашағымызға сор. Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жүйесіндегі ең басты міндетіміз – алдын алу. Бекітілген ісшаралар жоспар бойынша 1 айдың ішінде халықтың барлық тобын, әсіресе жастар мен балаларды тарта отырып, рейдтік ісшараларды, сондай-ақ мәдени-демалыс және спорттық-сауықтыру іс-шараларын өткізуді жоспарлау елдің әр өңірінде қолға алынуда.
Ішкі істер министрі Е.Сәденовтің айтуынша, елімізде шамамен 700-ге жуық есірткі түрі немесе балама заттар бар. Елдегі есірткі мәселесіне каннабис шикізаты, «Солтүстік бағыт» арқылы өтетін ауған героині, синтетикалық есірткінің таралуы әсер етеді. «Қазір есірткі қылмыстары толығымен киберкеңістікке қарай өтті. Бұл ретте «криптокошелек», «мессенджер» және басқа да жаңа тәсілдер қолданылады. Күресу тәсілдері де үнемі жаңарып отырады. «Киберқадағалау» жүйесі арқылы анықталған есірткі сайттары бұғатталады. Тыйым салынған контентті автоматты түрде іздеу арнайы бағдарламамен қамтамасыз етіледі. Есірткі тұтынушылар арасында «Телеграм» мессенджері танымал. Есірткі таратушылар бір-бірін танымайды, барлық байланыс түрі «боттар» арқылы жүргізіледі», – деді министр.
Расында есірткі саудасының кеңістігі күн санап кеңейіп барады. Бұған тұсау салу жұмысы да жанданып келеді. Уәкілетті органдар ұсынған статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде 2022 жылы есірткі қылмысы үшін сотталғандар саны – 3 425, 2024 жылы да осы көрсеткішке жуықтапты. Бұл елдегі сотталған адамдардың жалпы санының 15 пайызы. Бұл мәселеде Сыр өңірінің де ахуалы күрделі. Әсіресе, құм, жазық далада, тіпті көл-тоғандар мен орман ішіне жасырын егілген есірткіні табу жыл сайын дәстүрге айналды. Биыл бұл іс бойынша аудандық сотта бір ғана дерек тіркеліп, кінәлі азамат 80 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылған. Ал 2023 жылы 6 іс аяқталып, 2 іс бойынша 2 азамат 100 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылса, 4 іске қатысы бар 4 тұрғын 3 жыл мерзімге жазасын өтеуге сотты болды. 2022 жылы да бірнеше дерек тіркелгенін жауапты сала мамандары жеткізді. Есірткі – қоғам дерті, ғасыр індеті. Нашақорлық – әлеуметке ортақ проблема. Есірткі – адамның көңіл-күйін, сана-сезімін, мінез-құлқын бұзатын қауіпті химиялық зат. Ол адамның есін алып, онсыз өмір сүре алмайтын халге түсіреді. Есірткіні таратуға қарсы күрес шаралары жүз жылдан аса уақыттан бері жүргізіліп келеді.
Қорыта айтқанда, адамға берілген құндылық – жарық өмірді дұрыс сүру, тәрбиелі ұрпақ өсіріп, елге адал қызмет ету маңызды болып қала бермек.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
20 шілде 2024 ж. 193 0