» » Жаңа мектеп – жаңа заман жаршысы

Жаңа мектеп – жаңа заман жаршысы



Мемлекеттің байлығы – халық десек, елімізді құрайтын ұлттың білімді болғаны маңызды. Мемлекет басшысы жыл сайынғы халыққа Жолдауында білім беру сапасына ерекше мән беріп, бұл істе озық жүйені қалыптастыру керектігін басты назарда ұстауда.

Осы мақсатта Жаңақорған ауданының МАЙ бекеті мөлтек ауданында заманауи үлгідегі 300 орындық №289 орта мектеп ғимараттары халық игілігіне пайдалануға берілді.

Салтанатты шарадағы құттықтау сөзді аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы өскелең ұрпақтың жайлы мектептерде білім алуы, қосымша білім беру ұйымдарында қабілетін шыңдауы үшін алда атқарылатын жұмыстарды атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жас ұрпақтың игілігі жолындағы шаруаларға баса мән берілетініне тоқталды.

– Алаштың көрнекті қайраткері Міржақып Дулатов: «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» деген. Мемлекет білім саласына үлкен қамқорлық көрсетуде. Біздің өңірімізде де ауқымды жобалар қолға алынып, жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осы тұста сіздерді келешектің кемесіне мінгізіп, жарқын жетістікке жетелеп, биік шыңдарды бағындыруға тікелей әсер ететін құтхана – жаңа мектептің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл білім ошағынан ел қамын ойлайтын талай мықты азаматтар түлеп шығады деп сенемін. Ұстаздарымыз ұлы міндетін сәтті бастап, шәкірттеріміздің зейіні ашылсын, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Заман талабына сай қолданысқа берілген мектептерде оқушылар үшін жайлы сыныптар мен асхана, спорт залы, мәжіліс залы, медицина бөлмесі сынды маңызды бөлмелермен қамтамасыз етілген. Іс-шара соңында қонақтар мектеп ғимаратындағы асхана, спорт залы, акт залы, кітапхана жұмысымен танысып, математика, тарих кабинеттерін аралап көрді.
16 қаңтар 2024 ж. 342 0