№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Құны 5 миллион теңге болатын мидың қатерлі ісігін жою отасы МӘМС жүйесі аясында тегін жасалады

Құны 5 миллион теңге болатын мидың қатерлі ісігін жою отасы МӘМС жүйесі аясында тегін жасалады

Мидың, жұлынның қатерлі ісігін жою отасы Қызылорда облысында да сәтті жүзеге асырылуда. Оған белгілі нейрохирург, жоғары санатты дәрігер, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі, облыстық көпбейінді аурухананың нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Шынжырбай Оразмаханұлы зор үлес қосып келеді.
«Нейрохирургтар күрделі оталарды қалай жасап, әрбір пациенттің өмірі үшін қалай күресіп жүр?» деген сауалға дәрігермен сұхбат барысында жауап іздедік.
- Нейрохирургиялық бөлімнің жұмыс күні қалай өтеді?
- Біздің бөлім 25 орынға лайықталған. Жыл сайын мыңдаған адам емделеді. Оның шамамен 600-іне ота жасалады. Атап айтқанда, мидың, жұлынның қатерлі ісігін жою бойынша микрохирургиялық және тағы басқа хирургиялық араласулар. Күрделі ота жасау қажет болған жағдайда біздің мамандар аудандарға шығады. Егер пациент жол жүруге жараса, оны санавиациямен облыстық медициналық орталыққа алдырамыз. Биыл Қызылорда облысы бойынша нейрохирургиялық оталар жасау үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 178 млн. теңге бөлінді.
Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығымен, ҚР Президенті іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасымен, Қарағанды қаласындағы облыстық медицина орталығымен, Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханамен тығыз байланыстамыз. Абай Пірманұлы, Қанат Набдинов, Әнуар Қосбармақов секілді мамандарымыз аталған медициналық ұйымдарда біліктіліктерін жетілдіруде. Ондағы әріптестерімен бірге күрделі оталар жасауға қатысып жүр.
- Ауыл тұрғындарына көбіне ота жергілікті ауруханаларда жасалатын шығар?
- Әрине. Мысалы, Қазалы көпсалалы орталық аудандық ауруханасында аниограф аппараты бар. Мамандар соның көмегімен тамырдың патологиялық бөлігін анықтап, хирургиялық араласу мүмкіндігін және оның көлемін бағалай алады. Одан бөлек Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандық ауруханаларында компьютерлік томографтар бар. Егер бұрын сүйек-ми жарақатының диагностикасын рентген аппаратымен жүргізсе, қазіргі күні жүйке тіні құрылымындағы болар-болмас өзгерістің өзін компьютерлік томографтың көмегімен анықтауға болады.
Жоғары технологиялы медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз ету міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қаржыландыру көлемінің өсуіне байланысты мүмкін болғанын айтуға тиіспіз.
Автордың ескертпесі: 2019 жылы Қызылорда облысында медициналық көмекті қаржыландыру көлемі 45,9 млрд теңгені, 2024 жылы – 11,9 млрд теңгені құрады. Жалпы 2,5 есе өсті. Жоғары технологиялық медициналық көмекті қаржыландыру үш есеге, яғни 206,2 млн. теңгеден 675,3 млн. теңгеге дейін өсті.
- Адамның миы – өте ғажайып жаратылыс. Онымен жұмыс істеу де оңай емес. Ота жасау кезінде не нәрсеге мән бересіз?
- Нейрохирургия – медицинаның ең қиын бағыттарының бірі. Адамның миымен, жүйкесімен, жіңішке тамырларымен жұмыс істейсің. Бір-екі милиметрге қиыс кетсең, науқас сал болып қалуы мүмкін. Отаның сәтті шығуы үшін бар күшімізді саламыз. Пациент отадан кейін ойлай, сөйлей, жүре және өмірге қуана білуі керек.
- Пациенттерде мидағы ісіктер қаншалықты жиі анықталады?
- Жылына орта есеппен мидағы қатерлі ісікті алып тастау үшін 100-ге жуық ота жасаймыз. Жақында, мысалы, 38 жастағы әйелге осындай ем-шара жүргізілді. Өзі сүт бездерінің ісігімен диспансерлік есепте тұрады. Алғашында мидың қатерлі ісігінің белгілері байқалмаған. Басы қатты ауырғасын ғана облыстық ауруханаға жеткізілді. Отадан кейін пациенттің жағдайы тұрақтанды.
- Израиль немесе Германияда осындай оталарды жасату үшін қаржы жинау науқаны туралы естігенде осыны өзімізде МӘМС аясында тегін жасауға болатыны туралы ой келмей ме?
- МӘМС тұрғындар үшін тиімді. Неге? Мысалы, Израильде мидың қатерлі ісігін алып тастауға 30 мың доллар керек. Ал бұл ота Қазақстанда 5 млн. теңге тұрады. Израильде омыртқа жотасының ісігіне ота жасату күрделілігіне қарамастан 25-30 мың доллардан кем емес. Біздің елде – 2,5 млн. теңге. МӘМС аясында сақтандырылған пациенттерге мұндай ота, лабороториялық, диагностикалық зерттеу тегін жүргізіледі.
- Инсульт жасарып барады, неге?
- Бұрын инсультқа негізінен 60 жастан асқан кісілер ұшыраса, қазір 30-40 жас аралығындағы адамдардың өзін мазалайды. Ол көбіне тұқым қуалайды. Егер ата-анасының бірінде жоғары артериалды қан қысымы, қант диабеті болса, балаларында да осы жағдайлар қайталанады. Сондықтан тұрақты түрде скринингтен, профилактикалық тескерістен өтіп тұру керек.
- Инсульттің алғашқы белгілері қандай?
- Олар – бастың қатты ауыруы, құсу, көру қабілетінің, жүрістің нашарлауы, дененің бір жақ бөлігінің жансыздануы. «Алтын сағат» деген ұғым бар. Алғашқы белгілерін байқаған бойда жедел сапалы медициналық көмек көрсету қажет. Пациентті тромбоэкстрациядан (тамырдан тромбты механикалық үзу) немесе ангиографиядан өткізу керек. Бұл инсульттің асқынуына жол бермей, мүгедек болып қалу қаупін азайтады.
Тағы айтатын нәрсе, пациенттің туыстары мен жақындарына кез келген жағдайға дайын болуды ескерту керек. Өйткені науқастың жанынан әрдайым сол кісілер табылатын болғасын аталған аурудың асқынбауына көмектесе алады.
- Әңгімеңізге рахмет! Көптің алғысына бөленіп жүре беріңіздер!

Сұхбатты жүргізген Айгүл Аханова
  
29 мамыр 2024 ж. 163 0