Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жас таланттардың тартысы

Жас таланттардың тартысы


Робототехника пәнін меңгере отырып, технология тілін тереңірек түсіну арқылы оқушыларды осы жүйеге бағыттау бүгінгі күннің талабына айналды. Өйткені роботтандыру жүйесі қазір әлем елдерінің басты мәселесі болуда. Бәсекелестік артып, робот қызметі барлық салаға енгізілді. Сондықтан XXI ғасыр – робототехниканың заманы деген атау пайда болды. Ең бастысы, бұл – қазіргі кезде трендтегі саланың бірі. Күнделікті өмірде барлық салада қолданылатын робототехниканың көмегімен келешекте жарқын өмір сүруге үлкен мүмкіндіктер туады. Мамандардың пікірінше, бұл салаға қызыққандардың тең жартысы жастар. Оның ішінде, оқушылардың үлесі басым.


Өткен апта соңында аудандық білім бөлімі және «Заңғар» интеллектуалды мектебімен бірлесе ұйымдастырылған робототехника бағыты бойынша «Дүбірлі дода» тақырыбында мектеп оқушылары арасында чемпионат өтті. Аудан бойынша 12 мектептен келген озық ойлы оқушылар сайыстың 3 түрінен: робосумо және арқан тартыс, сызық бойымен жарыс түрінен кім мықтыны анықтады. Алдымен біріншіліктің ашылу салтанатында аудандық білім бөлімінің әдіскері Салтанат Төлепбергенова, мектеп директоры Нұрхан Айдаров құттықтау сөз сөйлеп, оқушыларға сәттілік тіледі.
Балалардың кішкентай кезінен бастап креативтілігі, логикасы мен жан-жақты ойлау қабілетін дамытуға септігін тигізетін жасанды интеллект, робототехника саласы қашанда сұранысқа ие. Ал бұл салаға қызыққан жастар саны күн санап артып келе жатқанын жеткізген ол сөзін төмендегіше жалғады:
– Жалпы бұл біріншілікті ұйымдастырудың мақ­саты – оқушылардың инновация мен жоғары техно­ло­гия саласына деген қызығушылығын арттыру, интеллектуалды қабілетін дамыту болатын. Сондай-ақ, оқушылардың инженерлік-техникалық есептерді іс-жүзінде шеше білу және жұмыс жасау дағдыларын қалыптастыру, техникалық модельдеуді насихаттау еді. Бұл сала болашақтың ең сұранысты мамандығы. Қазір барлық салада дерлік заманауи технология енгізіліп, мамандардың тапшылығы сезілуде. Сол себепті жер жаһан осы бағытқа бет бұрып, оқушылардың осы бастан талабын шыңдауда. Мұндай жарысты дәстүрге айналдырып, келешекте үлкен аудиторияны қамтуға дайынбыз, – деді мектеп басшысы.
Шыны керек, біздің ауданның білімгерлері облыста олжалы болғанымен республикалық сындарда жолы болмай келеді. Оның да себебі жоқ емес, сондықтан баланың талабын тереңірек талдап, тіреу болуға тырысу қажет-ақ. Аудан бойынша сайыс алаңына шыққан оқушыларға аудандық оқушылар үйіндегі үйірме жетекшілері Абзал Мұсаханов пен Арнат Әбіләмитов қазылық жасап, төрелігін айтты.
Ендігі кезекте, жарыс жеңімпаздарына тоқталайық. Робосумо сайысы бойынша Әбілмансұр Қанатұлы (№166 мектеп) 1-орынды жеңіп алса, 2-орын Батырбек Бақдаулетке (№51 орта мектеп), 3-орын Қыдырәлі Әлинұрға (№164 мектеп) бұйырды. Ал, арқан тартыс сайысында алтын тұғыр Бақыт Нұрсұлтан мен Файзулла Асылға (Заңғар мектебі) бұйырса, күміс жүлде Төрехан Нұрдәулетке (№164 мектеп), қола Абдулахали Диасқа (№221 мектеп) тиесілі болды. Үшінші кезең бойынша сызық бойымен жарыста Әптай Досымжан (№195 мектеп) дараланды. Екінші орынға Әбләмит Азамат (№110 мектеп), үздік үштікке Сәрсенбай Мағжан (№164 мектеп) тұрақтады.
Жалпы робототехниканың дамуы арқылы жаңа мамандықтар мен кәсіптер пайда болуда. Еліміз­дегі жаңа мамандықтар мен құзыреттердің атласы бойынша республикада ауыл шаруашылығы өндірі­сін автоматтандыру және роботтандыру жөніндегі инженер, робототехниканың инженер-технологы, ро­бо­­тотехника операторы мамандықтары пайда бо­луы мүмкін. Робототехника инженерлері, жасанды интеллект мамандары, деректер талдаушылары, робот-бағдарлама жасаушыға сұраныс жоғары. Сонымен қатар робототехникаға техникалық қызмет көрсету және жөндеу үшін сервистік техниктерге деген қажеттілік артып отыр. Бұл мамандарды оқыту және қайта даярлау үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады.
Барлық жеңімпаз командаларға «Заңғар» интел­лектуалды мектебі дайындаған Диплом, медаль мен арнайы бағалы сыйлықтар табысталды. Айта кетейік, «Заңғар» құрамасының жетекшісі әрі робототехника үйірме жетекшісі Дастан Қадыров бүгінге дейін бірқатар дүбірлі додаларда олжалы оралған болатын. Оның шәкірттері қазір елдің әр өңірінде білім алып, цифрландыру, жаңа технологияны меңгеруде жақсы нәтиже көрсетіп жүр.

Әли ТЕМІРБЕК

21 мамыр 2024 ж. 482 0