Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Шаршы алаңда роботтар шайқасы

Шаршы алаңда роботтар шайқасы


Аудандық балалармен мәдени-тәрбиелік жұмыстар орталығының ұйымдастыруымен, аудандық білім бөлімінің қолдауымен тұңғыш рет «Zhanakorgan Robotics-2019» атты аудандық робототехника чемпионаты өтті. Оған аудандағы 12 мектептен 50-ден астам ізденімпаз қатысты.

«Ордакент» ардагерлер және жастар ресурстық орталығында өткен шараны ашқан сала басшысының орынбасары Мейірхан Оспанов:
– Ауданда робототехниканы дамы­ту бағдарламасы жолға қойы­лып, 15 мектепте робототехника сы­ны­бы ашылды. Бүгінде тағы 15 мек­тепте жасақталуда. Оқушының робо­тотехникаға байланысты жинаған ілімін тексеріп отыратын сайыстар қажет-ақ. Бұл – оқушының инновацияға, роботтехникаға деген қызығушылығын арттырып, тәжірибе алмасатын алаң болады, – деді.
Орталық директоры Әлімжан Ержанов робототехника сайысының ауданда тұңғыш рет өткізіліп отырғанын, оның мақсаты – жасөспірімдер ара­сын­да инженерлік-техникалық есеп­терді іс жүзінде шеше білу және техникамен жұмыс жасау дағдыларын дамы­ту, оқушылардың инновация мен жоғары технологиялар саласына деген қызығушылығын арттыру, робо­тотехниканы дамытушы білім беру ұйымдарын және робототехникаға қызығушылығы бар тәлімгерлерге қолдау көрсету екенін айтты.
Аудандық чемпионаттың төрешісі Дастан Қадиров «Қазроботикс» білім беру және спорттық робото­тех­никасының Қазақстандық Федера­ция­сы республикалық қоғамдық бірлес­тігі ережесімен өткізілетінін түсіндірді. Яғни робсумо сайысында бағдарламаланған роботтар қара сызықпен сызылған шеңбердің ішінде 3 кезең бойынша бір-бірін итеріп, сыртқа шығаруы тиіс. Екіншісі, «Сызық бойымен жарыс» санатындағы роботтар жарысы.
Жарыстың негізгі бөлігінде ата-ана­лар, ұстаздар, оқушылар бір-бір робот­қа жанкүйер болды.
– Әттең, бағдарламасын дұрыс бер­мепті.
– Жоқ-а, бәрі дұрыс. Тек салмағы аз­дау екен.
– Міне, осылай. Төңкер-төңкер.
– Қап, сәттілік жетіспеді.
Осы іспеттес пікірді қолдағандардың дауысы әр жерден естіледі.
Дәл сумо секілді.
Диаметрі 25×25, салмағы бір келіден аспайтын роботтар айқасы қызықты өрбіді. Үш раундтан тұратын робосумо бойынша №125 мектептің 8 сынып оқушысы Мейіржан Нұрдәулетұлының (жетекшісі Дастан Кадиров) «Тайсон» атты роботы дара шықты. Тәрбие орталығында тәлім алатын оқушы роботын сайысқа әбден дайындапты.
Екінші орыннан №168 мектеп оқушысы Ислам Мұзаппар мен Нұрсұлтан Маматтың (жетекшісі Замира Муслимова) дайындаған роботы көрінді. Үшінші орынды Ерсұлтан Өндірбектің роботы еншіледі.
Ал «Сызық бойымен жарыс» робот­тар сайысында тәрбие орта­лығының тәлімгерлері озық екенін көрсетті. Бірінші орын алған Заңғар Алиасқар мен Алижан Қожабайұлының роботы сызықтан мүдірмей өтті. Екінші сатыдан Мағжан Абдилла, Азамат Аблаитов көрінді. Үшінші орынды №3 мектеп-интернатының оқушысы Дәулет Мәмедалі, Өркен Өмірбайұлы (жетекшісі Қаламқас Тұрганбаева) алды.
Цифрлық әлемнің бір бөлшегіне айналған робототехника ғаламдық проблемаларды шешудің жолына айналды. Озық елдер білім беру, денсаулық сақтау, өндіріс, ауылша­руашылығы, қызмет көрсету саласында роботтың игілігін пайдалануда. Әлемдік робототехника олимпиадасы жолға қойылды. Осы көштен лайықты орын алуда мектептерде робототехника сыныбын жасақтап, оқушылардың білімін шыңдайтын сайыстарды жолға қою керек-ақ. Ауданда алғашқылардың бірі болып №110 мектеп-лицейде ашылды. Информатика пәнінің мұғалімі Нағима Шәдібекова лицей сыныптарға робототехниканың қыр-сырын үйретіп жатқаны, тәлім алатын 200-ге тарта оқушының роботқа қызығушылығы жоғары екенін сөз етті.
Роботтар сайысына ауыл мектеп­терінің оқушылары да қатысты. Кейден ауылындағы №208 мектепте информатика пәнінен сабақ беретін Айгүл Ерсінова екі оқушысын әкеліпті.
– Бүгінде 20 оқушыға робот құрас­тыруды үйретудемін. Сайыста жолымыз болмады. Роботты бағдарламалауды терең меңгеріп, ендігі жолы орын алатын боламыз, – деді Айгүл Ерсінова.
Айта кететіні, тұңғыш рет ұйым­дастырылған сайыстың жоғары деңгейде өтуіне аудандық білім бөлімі әдіскері Әбілғазы Үйсінбаев, №195 мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Оспан Ахмедов атсалысты.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
24 желтоқсан 2019 ж. 852 0