» » Негізгі міндет – халықтың сенімін ақтау

Негізгі міндет – халықтың сенімін ақтау

Депутаттар өз сайлаушыларының алдында жылына бір рет есеп беруге міндеттелген. Осы орайда Жаңақорған ауданы мәслихатының № 12 «Мектеп» сайлау округінің депутаты Әбдімәуленов Жандос Жүмәділләұлы аудан мәслихатында бекітілген кестеге сәйкес өз округінің тұрғындарымен, көше комитеттерімен кездесу өткізді.
Кездесудегі негізгі мақсат – халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, шешілу жолдарын саралау, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрғысында түпкілікті ой түю болса керек. Кездесу барысында депутат Жандос Жүмәділләұлы өзінің сайлауалды бағдарламасы бойынша бір жылдық есебін беріп, атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы уақытта жасалатын жұмыстар бойынша хабарлады.
Сондай-ақ көше комитеттері тұрғылықты жердің тұрмыстық ахуалы бағытында пікір алмасты.

– Сайлауалды бағдарламамда айтылған біршама жұмыстарды атқарып жатырмын. Өзімнің округімдегі көшелерді жарықтандыру, су, жол, газ мәселесі бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Ең бірінші көше жарығына үлкен мән берудеміз. Өйткені үлкен де, кіші де қауіпсіз жағдайда болуы керек. Кұрманғазы көшесімен №163 мектеп арасындағы куыс көшелерді жарықтандырып, жүргінші жолын салдық. Одан бөлек, №12 сайлау учаскесіне қарасты 15 көшенің 6 көшесіне жарық орнатып, тағы 3 көшеге жарықтандыруға ықпал етудеміз. Балалар футбол алаңын жөндеп, жасөспірімдердің спортпен айналысуына жағдай жасап жатырмыз. Ең бастысы өндіріс саласына оқуға түсуге ниет етіп жатқан, жағдайы төмен отбасы балаларын тегін оқуға түсіруге мүдделі болып отырмыз. Биыл он баланы оқытуға міндеттеме алдық, – дейді Жандос Жүмәділләұлы.

Сонымен қатар депутат өзінің есеп беру кезеңінде бірге атсалысып, жұмыс жасаған көше комитеттерін аудан мәслихаты төрағасы Ғалымжан Жарқынбекұлының «Алғыс хатымен» марапаттады және де алдағы уақытта да бірлесіп, нәтижелі жұмыс жасайтынын жеткізді. Кездесу соңында көше тұрғындары ақ батасын беріп, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.

Әсел Рзаев
04 мамыр 2024 ж. 122 0