Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бейбіт күннің батырлары

Бейбіт күннің батырлары


Батырлық деген отқа оранып, кезенген оққа кеуде тосу ғана емес. Бейбіт күнде де басын тәуекелге тігіп түрлі қауіп-қатерге қасқайып қарсы тұрар қаһармандарымыз ерек танылып жүр. Осындай кең пейілді, батыр жүректі азаматтар елдің бірнеше облысында су тасқыны болғанда бауырларға көмектесуге аттанды. Жаңақорғандық еріктілердің ерліктері ескеріліп, мереке қарсаңында марапат мінберіне көтерілді.


Осы аталған азаматтар мен 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне орай тікелей трансляция арқылы құттықтауын жеткізген аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың лебізі төмендегідей өрілді:
– Құрметті жерлестер! Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ынтымақ пен ырыс, татулық пен тұрақтылық – ең асыл құндылық. Бірлігі бекем елдің болашағы берік, бұл – бүгінгі баға жетпес байлығымыз! Өңір халқы үшін бұл мерекенің орны ерекше. Халық достығы – Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімнің керемет көрінісі.
Ежелден қазақы қасиеттің қаймағы бұзыл­маған, ұлттық дәстүрдің дәреже-дәреметі үзілмеген Сыр өңірінде ұлт пен ұлыстың бірлік­ке ұйыған берекесі бекем. Ұлтаралық және конфессияаралық келісім, өзара түсіністік пен сыйластық – қоғамның қастерлі қағидасына ай­налды. Қазір облыста 11 ұлттық мәдени орталық жұмыс істейді. Мәдени орталықтар аймақтағы 36 ұлт өкілінің ынтымағына тірек. Тілі басқа, тілегі бір көп ұлттар бірлікке ұйып, көк тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Бірлік мерекесінде баршаңызға бақыт, зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Бейбіт өмірдің берекесі, халқымыздың ынтымағы арта берсін, - деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Одан әрі аудан әкімінің міндетін атқарушы Бекболат Шәріпбеков аудан халқын айтулы мейраммен құттықтап, су тасқынынан зардап шеккен облыстарға барып, көмек қолын созған жаңақорғандық еріктілерді мараппаттады. Олар­дың қатарында аудандық мәслихат депутаты Данияр Досантаев, адвокат Дәулет Тұраба­ев, Ерболат Әшіров, Аманжол Әбдіхамитұлы, Нұрқазы Қазақбай, Қажымұқан Мұңайтпас, Дәурен Темірханұлы бар. Осы күні ауданның білім саласының өркендеуіне үлес қосып, шәкірт тәрбиесінде тың идеяларды жүзеге асырып жүрген жас ұстаз, өзбек ұлтының өкілі Отабек Рысабайұлы да аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
– Еріктілердің еңбегін елеп-ескерген аудан басшылығына алғыс білдіремін. Ел басына күн туғанда сырттан бақылап, қол қусырып отырғанымыз азаматтығымызға сын болар еді. Сондықтан аудан халқымен бірігіп, жігіттермен ақылдасып, жылу жинауға білек сыбана кірісіп кеттік. Ауданнан үшеуі, Қожакент ауылынан біреуі, барлығы 4 газел автокөлігімен азық-түлік пен құрылыс заттарын тиеп жолға шықтық. Оның екеуі Қобда ауданына бұрылса, қалған екі көлік көмек Ойыл ауданы тұрғындарының игілігіне табысталды. Ол жақта жүйелі түрде жұмыс жасалып, жан-жақтан барған гуманитарлық көмек тұрғындарға жетіп жатқанын өз көзімізбен көрдік. Сондай-ақ, қауіпсіз жерге көшірілген аймақ тұрғындарына өзімізден жиналған 3 миллион теңгеден аса қаражатты тарқатып бердік. Шындығында, ол жақтағы халықтың басына түскен табиғи апат оңай болып тұрған жоқ. Баспаналары су астында қалған. Судың деңгейі биік. Көп үйлер тұруға жарамсыз болып қираған. Ел басына күн туғанда қандай көмек көрсетсек те көптік етпейді, – дейді жеке кәсіпкер Данияр Асайынұлы.
Орал өңіріне барып, сол жақтағы халықтың жағдайына куәгер болған еріктінің бірі Нұрқазы Қазақбай:
– Біз барған уақытта жағдай ушығып жатыр екен. Кей ауылдар көз алдымызда суға кетті. Сол кездегі тұрғындардың жай-күйі, жанайқайы санамда әлі сайрап тұр. Бұл оңай апат емес. Сырттай естіп, ақпараттан қанығу бір басқа, өз көзіңмен көрген ауыр болады екен. Қолымыз­дан келгенше сол жақтың тұрғындарымен, еріктілермен бірге күн-түнмен санаспай тас­қынмен күрестік. Бір аптадай уақытта қазақ халқының жұмылған жұдырықтай біріккен бірлігіне куә болдық. Түсінгенім, барлығымыз бір елдің азаматы болған соң елдің қай өңіріне көмек керек болғанда, әр азамат атсалысуы керек екен. Сонда елдің, жердің қадірін түсінесің. Туған жердің тағдыры елім деген азаматтардың қолында екеніне көзің жетеді, - деді ол.
Иә, Отанымыздың амандығы, елдің тыныш­тығы жүрегі елім деп елжіреген аза­маттардың қолында екені сөзсіз. Арамызда бүгінгідей бейбіт күннің батырлары барда біз алмайтын асу жоқ.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
04 мамыр 2024 ж. 224 0