№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әскери қызмет – абыройлы міндет

Әскери қызмет – абыройлы міндет


Қазір болмашыны сылтауратып, әскерге баруға ықылас танытпай, қашып жүретін жастар көп. Сонда дейміз-ау, ел басына күн туса ұлан-ғайыр даламыз бен шекарамызды кім қорғайды? Әлде жастардың патриоттық сана-сезімі әлсіреді ме? Бәлкім, ата-ананың тәрбиесінен болар. Қысқасы, үлкен әлеуметтік-психологиялық мәселеге айналған сұраққа жауап іздеуге тырыстық.

Жаңақорған ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөліміне бас сұғып, жасақтау бөлімінің бастығы Жасұлан Шаңқұловпен тілдестік.
Он жеті жасында қарулы күштердің қатарына қосылған ол 2020 жылдың қыркүйегінен Жаңақорған ауданына қызмет бабымен ауысады.
– Әрбір азамат Отан алдындағы борышын өтеуі міндет екенін ұғынуы керек. Биыл 79 жасты әскерге аттандыруға тиістіміз. Бұл межені орындадық. Алайда ауылдық округ жастары әскерге бармақ түгілі, медициналық тексеріске келмейді. Қаратөбе, Көктөбе сынды ауылдың жастары шетел асып, жұмыс істейді. Кейде өзіміз ауыл-ауылды аралап, жастарды көлігімізге салып алып келеміз. Әскер – соғыс майданы емес, шыңдалу ортасы, ел басына күн туған шақта туған жерді қорғай білуге баулитын патриоттық мектеп, – деді бөлім бастығы.
Әскерге барудан қашқан азаматтарға заң тұрғысынан талап-міндеттер бар ма, осы сұрақ бізді қызықтырды.
– Қылмыстық кодексінің 387 бабы бойынша әскерден жалтарғандар үшін жаза күшейтілді, – дейді ол.
Яғни жастардың әскери қызметтен босатуға заңды негізі болмаған жағдайда 1000 айлықтық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Бұл дегеніміз, 1 млн 982 мың теңге көлемінде айыппұл немесе сол мөлшерде түзету жұмысына тартылады не болмаса бір жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Өзінің денсаулығына зиян келтіру, жалған құжат істегенге 3000 айлық есептік (5 млн 946 мың теңге) көрсеткішке дейін айыппұл салынады немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Заңды негізге алып, «Неге айыппұл салмайды?» деген сауал туындайды.
– Әскерге барудан жалтарып жүрген жастардың барлығын «жалқау, боскеуде» деп айта алмаймыз. Біз түсіндіру жұмысын жүйелеп, жастарды әскери борышын өтеуге шақырамыз. Бұл жерде әлеуметтік мәселе, отбасындағы және мектептегі патриоттық тәрбиенің әсері көп.
Кенттегі мектептің біріне барып, жеткіншектермен кездестім. Сонда бір оқушы «Әскерге қалай бармай қалуға болады? Сіздер жарамсыз деген құжатты бере аласыздар ма?» деп сұрақ қойды. Таңқалдым! Не дерімді білмедім. Енді зерделеп қарасам, әлгі жігіттің әкесі де, алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беретін мұғалімі де әскери борышын өтемеген екен... – дейді сала маманы.
Расында ата-аналардың басым көпшілігі баласын әскерге жібергісі келмейді. Тұрғындар арасында «Балаңызды әскерге жібересіз бе?» деп сауал тастаған едік. Басым көпшілігі «Қазір кім әскерге барып жатыр дейсің? Одан да жұмыс істеп, ақша тапсың!» деген пікірге саятын жауап алдық. Мұндай пікірді Әлия Бердімұратова да қуаттайды.
– Төрт ұлым бар. Екі ұлым үйленіп, балалы-шағалы болды. Кейінгі екеуі жоғары оқуын бітіріп, жұмыс істеуде. Оларды әскерге жіберіп, мүгедек немесе мәйітін құшақтап қалғым келмейді. Қандай ақпарат көздерін қарасаң да, әскерде оқыстан қаза тапты, өз-өзіне қол жұмсады, байқаусызда оқ атылып кетті деген ақпарға қанығасыз, – дейді ол.
Жастардың әскерге барудан бас тартып жатуына мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беретін мұғалімдер де себепкер деген дұрыс па?
№125 мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Қайрат Ахметовпен тілдескен едік.
– Басқаға жауап бере алмаймын, өзім нағыз осы саланың маманымын. Менің қалай сабақ беретінімді менен емес, оқушылардан сұрау керек. Менің оқушыларымның 70 пайызы әскерге барады. Ең дұрысы әскерге бармағандарға арнайы заң қабылданған. Егер себепсіз әскерден жалтарса, ешнәрсеге қарамастан айыппұл салу керек. Сонда ата-ана да, бала да әскерден қашпайды, – деген өткір пікірін білдірді ұстаз.
Жастар әскерден жалтаруда отба­сындағы әлеуметтік мәселені себеп етеді. Тіпті шақыру комиссиясына келу уақытты бос шығындау екенін алға тартады. Жастарға жауапты мамандардың да өз уәждері бар. Қандөз ауылдық округі жастар ісі жөнендегі маманы Сымбат Байарыстанова:
– Шыны керек, әскерге бару жұмысы мәжбүрлеу түрінде орындалады. Ерікті түрде борышын өтеуге ынталылар өте аз. 2016 жылдан бері осы салада еңбек етемін. Биыл бізге 3 бала міндеттелген. Әзірге екі бала медициналық сапартамадан өтті. Әскер түгілі, аудан орталығына барып, медициналық тексеруден өтуден қашады. Жастардың арасында Ресейде жұмыс істейтіні көп. Олардың ата-анасы ақша тапқанын дұрыс санайды, – деді.
Көктөбе ауылының әскерге есепке алу және жастар ісі жөніндегі маманы Мұхтар Жұмашевтің де айтары бар.
– Көктөбе ауылдық округі бойынша 18-27 жас аралығындағы әскер қатарына шақыртылуға жататын 27 азамат бар. 2021 жылы көктемгі мерзімге медициналық сараптамадан 4 азамат өтіп, оның екеуі қазіргі таңда әскер қатарында. Жастар әскерге баруға ынталы деп айта алмаймын. Арттарынан іздеп жүріп, өз көлігімізбен апарып жатамыз. Енді күзгі шақыртуға жұмыс істеп жатырмыз. Аудан бойынша халқы аз ауыл болсақ та берілген тапсырманы толығымен орындауға күш саламыз. Бұрын әскерге бармаған азамат қоғамның бір әлжуаз мүсәпір адамы сияқты болатын. Қазір олай емес. Әскерге бардың ба, бармадың ба, ешкім елеп-ескеріп жатқан жоқ. Сондықтан болар, жастарымыз азаматтық борышын өтеуге келгенде түрлі сылтаулар айтып, бой жасырып жатады, – дейді маман.
Бүгінде жеткіншек арасында әскерге өз еркімен баратындар саны аз. Жауапты мамандардың пікірінен осыны ұқтық.
Ал, дәрігерлердің дерегі бойынша, әскерге шақырылған жастардың басым көпшілігінің денсаулығы нашар. Бұрын майтабан, белдің қисаюы сынды ауру белгілері белең алса, қазір көбінің көру қабілеті нашарлаған.
– Биыл 2004 жылы туғандарды әскери тіркеуге алдық. Статистикаға қарасақ, көбінің көру қабілеті күрт нашарлап кеткен. Компьютер мен телефонға түнімен қарайды. Жас жігіттердің денсаулығында түрлі аурулар да көп кездеседі. Бел-омыртқа жарығы, остеохондроз, сондай-ақ, семіздік көбейіп барады. Ондай жағдайда біз емделіп келуге уақыт береміз. Сосын асқазан-ішек ауруын да атар едім. Ол дұрыс тамақтанбаудан деп санаймын. Жігіттердің шамамен 20-25 пайызы әскерге жарамсыз, – дейді әскерге шақыру медициналық комиссиясының дәрігері Гүлжан Мырзашева.
Мақала жазу барысында терең ойға баттым. Қазір әлемде геосаяси жағдай тұрақты емес. Оған империялық амбициясы басым Қытай мен Ресей сынды екі алпауыт елмен шектесетінімізді және Ауғанстандағы тұрақсыздықты қосыңыз. Мұны ойлаудың өзі қорқынышты.
Содан әскерге барған және барғысы келмейтін жастардың пікірін білуді де жөн көрдім. Кент тұрғыны Самат Естайұлы 2015 жылдың мамыр айында әскерге аттанып, 2016 жылдың 16 мамырында үйіне келген. Әскери борышын Алматы облысының Іле ауданы Жетіген ауылында орналасқан әскери бөлімшеде өтеген. Оның айтуынша, әскер оның мінезін, өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгертті.
– Әскерге барғанға дейінгі және әскерден келген Жасұланның арасы жер мен көктей. Әскер мені көп нәрсеге үйретті. Мысалы, өмірге салмақты қарай бастадым. Ең бірінші, ата-анамның, бауырларымның, достарымның қадірін терең түсіндім, – дейді ол.
Иә, бірі әскери тәртіптен қорықса, бірі амалының жоғынан барады. «Бүгінде әскерге барудың қажеті жоқ» деп есептейтін жастар көп. Мәселен, Әсет Мырзаев сондай жастың бірі. Қазір жасы 25-те.
– Әскерге барып бір жылды өлтіргім келмейді. Өзімнің отбасылық жағдайым орташа, әкем мен анам зейнет жасындағы адамдар. Екі жылдан бері Ресейде жұмыс істеймін. Қазір үлкен үй салып бітірдім. Бір жылда кемінде 4-5 млн ақша тауып келемін. Әскерге баратын болсам ол ақшаны маған кім береді. Енді, заманның өзі солай болып тұр ғой. Ақшаң болса ғана өмір сүре аласың, – деп жастарға ортақ пікірді білдірді.
Әрине бес саусақ бірдей емес. Кешегі Бауыржандай батырдың ізбасарлары арамызда жүр.
Әсел РЗАЕВА
12 қыркүйек 2021 ж. 351 0