Елге адал қызмет ету мақсатым
Құжатсыз қиыс қадам басу мүмкін емес. Осы бағытта көпшілікке сапалы қызмет көрсете білу қай кезде болмасын маңызды. Бұрын бір анықтама немесе бір өтінім беру үшін ұзын сонар кезекке тұрып, кабинет жағалайтын жұрт, енді осы жерден барлық құжаттарын бір демде реттеуге мүмкіндік туды. Жалпақ тілмен «бір терезе» аталатын осындай үлкен ұжымды басқарып, елдің игілігі жолында қызмет етіп келе жатқан ел ағасы, аудандық мәслихат депутаты Сермұхамед Оразгелдиевпен сұқбаттасқан едік.
– Сермұхамед Серікбайұлы, алдымен өзіңіздің өмір жолыңызға шегініс жасайықшы?
– Өзім туып-өскен Сүттіқұдық ауылында қарапайым жұмысшы, Төменарық жұмысшылар кооперациясында есепші, бас есепші қызметтерін абыроймен атқарып, 1995-2010 жылдар аралығында Қызылорда облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің Оңтүстік аймағы бойынша қаржы полициясы бөлімінің инспекторы, аға инспекторы, бөлім бастығының орынбасары, 2004 жылдан басшы қызметін атқардым. 2011 жылдан бері «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалы қазіргі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалы Жаңақорған аудандық бөлім басшысы қызметін атқарып келе жатырмын.
– Осы уақыт аралығында еткен еңбегіңіз еленді ме?
– Шүкір, еңбегімді бағалап, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының қаржы полициясына 15 жыл», «қызылорда облысының 70 жылдығы, Қызылорда қаласының 180 жылдығы» медальдарымен және ҚР Президенті Қ.Тоқаевтан «Алғыс» алып келемін.
– Аудандық мәслихаттың VIVII шақырылымының депутаты болдыңыз. Бүгінгі таңда халық пен депутаттың жақындығы қандай? Әуелгі әңгімемізді осыдан бастасақ.
– Халық өзінің мұң-мұқтажын жергілікті билікке, облыс, аудан әкімдеріне жеткізу үшін бірінші кезекте бізге хабарласып, өтініш, тілектерін айтып жатады. Ел арасында қордаланған мәселелерді шешуге атсалысамыз. Осы арқылы билік пен халықтың арасына алтын көпір орнатуымыз керек. Аудан орталығындағы «Аmanat» артиясының ғимаратында кестеге сәйкес қоғамдық қабылдаулар мен жеке қабылдаулар үнемі өтеді. Тұрғындардың көтерген мәселесі ешуақытта да назардан тыс қалмақ емес. Барынша, қолдан келгенше оңды шешуге құзыретті органдар арқылы бірлесе еңбек етіп жатырпмыз. Мақсат – елге қызмет етіп, халыққа берген уәде үдесінен шығу.
– Өмірлік ұстанымыңыз?
– Менің өмірлік ұстанымым мейірімділіктің адам өміріндегі маңыздылығын түсіндіру, өзара сыйластық қарымқатынасты дамыту, мейірбандылыққа тәрбиелеу. Өйткені, мейірім мен жақ-сылықты көре білген адам ғана басқаларға да соны сыйлай алады. Мейірімді адам қайырымды қаланың негізін қалайды. Қайырымды адам – зайырлы мемлекеттің темірқазығы. Қайырымды іс істеген адамның шапағатын ел көреді. Ендеше, жақсы істеріміз көп болсын.
– Енді халыққа қызмет көрсету орталықтарының жаңа форматтағы жұмысы туралы айтып берсеңіз?
– Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс тәртібі де жаңа форматқа көшті. Жаңа формат азаматтардың кезекке тұрып, шоғырлануын болдырмайды және уақытын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, egov.kz арқылы рәсімделген өтініштердің нәтижесін ала алады. Бүгінгі таңда электронды үкімет порталында барлық мемлекеттік қызметтің 80%-дан астамын қазақстандықтар өз үйінен немесе жұмыс орнында отырып-ақ алуына болады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болса болғаны. Қазіргі уақытта ЭЦҚ-ны да egov. kz порталында алу мүмкіндігі бар. Сондайақ кейбір қызметтер мен сервистерді ЭЦҚ-сыз, бір реттік құпиясөздің көмегімен алуға болады. Ол үшін мобильді азаматтар базасында тіркелу қажет. Электронды түрде қолжетімді қызметтерді азаматтар өздігінен egov.kz порталында, eGov mobile, EgovKzBot2.0 мобильді қосымшаларының, Facebook және Вконтакте әлеуметтік желілері чатботтар арқылы да ала алады.
– Қалай ойлайсыз, біздің азаматтар осындай өзгеріске, яғни жаппай цифрлануға қаншалықты дайын?
– Әрине, пандемиядан кейін жаңа ережелер пайда болды. Шынында да солай. Төтенше жағдай енгізілген соң «Азаматтарға арналған үкімет» өз қызметін тоқтатпай, қашықтан жұмыс істеді. Атап айтар болсақ, «Электронды үкімет» бағдарламасындағы электрондық қызметтер, яғни түсінікті тілмен е.gov.kz сайтындағы жаңашыл істер алға басуда, яғни халық арасында үлкен сұранысқа ие қызмет түрлері соның ішінде автоматтандырылған. Азаматтар өз үйінен шықпай-ақ интернет желісі арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, электрондық анықтамалар мен басқа да электрондық қызмет түрлерін осы аталған порталдан ала алады. Айтқым келгені «Электрондық үкіметті» қолданудағы мүмкіншілік зор. Егер е.gov. kz сайтын пайдалануда мағлұмат аламын десеңіздер кез келген қызметкеріміз жауап беруге дайын
– Шынын айту керек, біз электронды қолтаңбаны пайдаланып, құжат алуға енжармыз. Онымен уақытты екі есе үнемдеуге болады ғой.
– Иә, біріншіден, уақытты үнемдейміз. Екіншіден, құжат беру рәсімдерін оңтайландырамыз. Бұрын қандай да бір анықтаманы алу үшін бір мекемеден екінші мекемеге шапқылаумен болдық. Оның үстіне ұзын-сонар кезекті қосыңыз. Қазір мұның барлығы артта қалды. 2022 жылы қызмет көрсету бағытында аудан тұрғындарының «Электронды Үкімет» порталын пайдаланудағы компьютерлік сауаттылығын арттыру және e-gov бұрышының жұмысын жоғары деңгейге көтеру үшін іс шаралар тізімі жасалып, жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылды және электронды қызметтер жүйесін одан әрі жетілдіру жолында жұмыс жасап келе жатырмыз. Мәселен, өзіне өзі қызмет көрсету секторында 48392 тұрғынға кеңес беріліп, 44725 қызмет көрсетілді. Электронды үкімет төлем шлюзі арқылы 1685900 теңгеге төлем жүргізілсе, 502 адамның жүргізуші куәлігі берілді.
– Халықпен тығыз байланыста болған соң тұрғындардан арызшағым түсетін болар?
– Егер азаматқа қызмет сапасыз көрсетілген болса, ХҚКО-да тұрып-ақ 1414 нөмірі бойынша қоңырау шалуына болады, орталық мамандары қоңырау шалушыны камера арқылы анықтайды және оны бақылай отырып, жедел түрде шағымның мән-жайын анықтап қана қоймай, қызметтің соңғы нәтижеге дейін жетуін қадағалап, себептерін жою үшін шаралар қабылдайды.
– Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үкімет тарапынан көптеп көңіл бөлінуде. Құжат дайындауда осындай жандарға қандай да бір жеңілдіктер бар ма?
– Сіздің бұл сұрағыңыз өте өткір мәселелердің бірі. Қазіргі уақытта мүгедектерге қызмет көрсету ең алдыңғы кезекте тұр. Біздің орталыққа мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен азаматшалардың отбасы мүшесі, туыстық қатынасын білдіретін қамқоршысы не жақындары және т.б адамдар Call-орталыққа (республиканың барлық аумағында барлық абоненттер үшін тегін болып табылатын) 1414 нөміріне хабараласып, арнайы өтініш қалдыруға болады. Ол жерде отырған мамандар біздің облыс орталығындағы ХҚКО-на хабарласып өтінім нөмірін береді. Сол өтінім бойынша біздің қызметкерлер барып қызмет көрсетеді. Мәселен, біріңғай байланыс орталығына қоңырау шалып өтініш білдіру арқылы осы жылы мүмкіндігі шектеулі тұлғалардан 65 өтініш қабылданып, өтініштер қанағаттандырылды.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әсел РЗАЕВА