Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Білікті дәрігер

Білікті дәрігер


Адам жанына араша түсіп, басы ауырған мен балтыры сыздағанның бабын табатын жауапкершілік жүгі ауыр дәрігерлік мамандықты таңдау - батылдық пен төзімділікті талап ететіні айқын. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ақмарал Арысбаева да осындай қадір-қасиет иесі. Мағыналы ғұмырын медицина саласына арнап келе жатқан ол бүгінде аудандық емхананың бас дәрігерінің бастапқы медициналық-санитарлық көмек ісі бойынша орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді.


Бала күннен дәрігер болуды армандаған қазақтың елгезек қызы еңбекке ерте араласып, мектеп табалдырығын тәмамдағаннан кейін екі жылға жуық Шиелі аудандық ауруханасында тазалықшы болып жұмыс жасайды. Кейіннен Алматы мемлекеттік медициналық институтына оқуға түседі. Аталмыш білім ордасын балалар дәрігері мамандығы бойынша тәмамдап, одан әрі инфекционист-дәрігер бағыты бойынша білімін жетілдіріп, алғашқы еңбек жолын Шиелі аудандық ауруханасында инфекционист-дәрігер болып бастайды.
– Әрбір адам қоғамға қайткенде қарымды пайдамды тигізсем деген оймен әрекет етсе елдің дамуы ілгерілейді деп ойлаймын. Дәрігер болу бала күнгі арманым еді. Уақыт өте бала арманым ақиқатқа айналып, ақ халатты дәрігер атандым. Біз оқу бітірген жылдары елде дәрігер тапшылығы басым еді, сондықтан еңбек жолымды инфекционист болып бастадым. Өйткені жұқпалы аурулар бөлімі қашанда жедел көмекке мұқтаж болатын. Әсіресе балалар жұқпалы дертке бейім келеді, сол уақытта әрі педиатр, әрі инфекционист ретін­де тер төгуіме тура келді, – дейді Ақмарал Жоламанқызы.
Иә, мамандығының таудай жауап­кершлігін сезінген дәрігер әрдайым білімін шыңдаудан қажыған емес. Ол 1998 жылы арнайы курстан өтіп, сол уақытта медицина саласына жаңа­дан еніп жатқан «жалпы тәжірибе дәрігері» деңгейін игерді. Кейін­нен отбасымен бірге Жаңақорған ауданына қоныс аударып, Шалқия кентінің емханасында аға дәрігер болып жұмысқа орналасады. Атал­мыш мекемеде 19 жыл абыройлы еңбек етіп, 2019 жылдан бері қарай ауданның бас дәрігерінің бастапқы медициналық-санитарлық көмек ісі бойынша орынбасары қызметін атқаруда.
– Білікті дәрігер – ұлт саулығының ғана емес, ел дамуының қозғау­шы күші деп санаймын. Өйткені мемлекеттің басты байлығы – адам капиталы. Демек, терең білімді, тәжірибесі толысқан, білімге құштар дәрігерлер көбейсе, елдегі денсау­лық сақтау саласы да өркендейді. Сәйкесінше, тұрғындардың да ме­дициналық сапалы қызмет алуына жағдай жасалады. Сол себептен бүгінгі жас дәрігерлер білім алуға құштар болуы керек, себебі қазір бүкіл саланың қарыштап дамыған заманында көштен қалмай, бәсекеге қабілетті болуымыз керек, – дейді ақ халатты абзал жан.
Саналы ғұмырының 30 жылға жуығын медицина саласына арнап, осынау жауакершілік жүгі салмақты мамандықты ер адамға бергісіз ерік-жігермен арқалап жүрген дәрігер бір бойына біліктілік пен білімділікті, іскерлік пен ұйымдастырушылық шеберлікті тоғыстырып, науқастарға көмек қолын созып, соңынан ерген жас мамандарға білгенін үйреткеннен жалыққан емес.

– Ақмарал Жоламанқызы орта­лық емханаға нақ короновирус инфекциясы өршіп тұрған уақыт­та қызметке ауысып келді. Сон­дай қысылтаяң кезеңде өзінің ұйымдастыру шеберлігінің жоғары­лығы және біліктілігін бірден аңғартты. Медицина саласын жетік меңгерген жан өзінің білікті маман екенін көрсете білді. Ол кісіні шебер басшы әрі мықты тәлімгер, ұстаз деп айтар едім. Біз сияқты жас мамандарға әрдайым бағыт-бағдар көрсетіп, білгенімен бөлісіп, үйретуден жалыққан емес. Дәрігер өзгеден осындай асыл қасиетімен ерекшеленеді, айналасына сыйлы, - дейді аудандық емхананың онколог дәрігері Салтанат Умарова.
– Ақмарал Жоламанқызының бой­ындағы ең асыл қасиеті қарапай­ымдылығы деп білемін. Ешқашан адамдарды сырт келбеті мен қызметіне қарап алаламайды. Айналасына мейірімін төгіп жүреді. Мәселен, «Алғыс айту» күнінде емхананың бүкіл қызметкерлерінің қолын алып, жеке-жеке алғыс айтып шықты. Осының өзі үлкен адамгершілік пен кең пейілділіктің белгісі ғой. Мен «Адал адам» деген кім десе, ойланбастан Ақмарал апайды көрсетер едім, - дейді аудандық емхананың мейірбикесі Ұлбазар Талғатқызы.
Қаршадайынан халыққа қызмет етсем деген ниетпен өсіп, бүгінгідей тәжірибелі маманға айналған жігерлі қазақ қызы дәрігерлік қызметінде талай үзілген үміттерді жалғап, талай жанның алғысын арқалаған. Оның бұл еңбегі ескерусіз қалмай, облыс және аудан әкімінің «Алғыс хаты­мен», Денсаулық сақтау министрінің «Құрмет грамотасымен», «Денсау­лық саласына үлес қосқаны үшін» төсбелгісімен марапатталған.

P.S.: Антқа адалдық таныту да үлкен жүректілік пен биік пара­сат­тылықты талап етеді. Осы қасиеттерді тұла бойына тоғыстыр­ған Ақмарал Жоламанқызы да Гип­пократқа берген антынан айныған емес. Өйткені бір жарым сағаттық әңгіме барысында абзал мамандық иесіне бесіктегі баладан есіктегі қарияға дейін алғыс жаудыратынын аңғардық. Демек, өз ісінің майталманы мен нағыз жанашырына айналған дәрігердің қыл үстінде тұрған талай жанның тағдырына араша түскені сөзсіз.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
13 сәуір 2024 ж. 738 0