Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жұмыс көп, жұмыссыздар да аз емес

Жұмыс көп, жұмыссыздар да аз емес


Жұмыссыздық жайы Жаңақорған төңірегіндегі ғана емес, жалпы еліміздегі өзекті мәселе. Сол себепті, халықты жұмыспен қамту мен әл-ауқатын арттыру қатаң қадағалауда. Орта жастағы ересектің де, кеше дипломын алған жас маманның да екі қолға бір күрек таппай жүргені көз көріп, құлақ естіп қалған үйреншікті нәрсе болғанымен, үдеріп жүргендердің күнкөріс қамы алаңдататыны да рас.


Ауданымыздағы жұмыссыздық жайына тоқталсақ, статистикалық мәлімет бойынша жыл басынан бері "Мансап" орталығына жұмыс іздеуші ретінде 3328 адам хабарласып, оның ішінде 1190 адам жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шаралары бойынша жұмыспен қамтылған. Бұл жалпы хабарласқандардың 35,7 пайызын құрайды. 2023 жылдың осы мерзіміне дейінгі есеп бойынша жұмыссыз ретінде тіркеліп, жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 62 пайызды құраған. Жұмыссыздық деңгейі үстіміздегі жылға 5 пайызға жетсе, жастар арасындағы жұмыссыздық 4,5 пайызды көрсетіп отыр. 2023 жылмен қоса есептегенде жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендердің саны бүгінге дейін 1779 адамға жеткен. Айтылғандардан бөлек, ағымдағы жылға 5335 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарлануда. Ауданымыздағы бос жұмыс орындарына 10 рет жәрмеңкелер өткізу ұйымдастырылып, оның біреуі өткізіліп үлгерді. Оған 10 жұмыс беруші 19 бос жұмыс орындарын ұсынып, нәтижесінде 3 азаматқа жолдама берілді.
Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту бағыты бойынша да әлеуметтік жұмыс орындарын құруға жыл басынан бері 55 адам жоспарланып, қазіргі таңда 27 жұмыс берушіге 65 адам жолданған. Осы сияқты жастар практикасы бойынша 350 адамды жолдау жоспарланып, қазірге дейін 389 адам жіберілген.

Нағыз жаза жұмысқа салу емес, жұмыссыз қалу

Енді жаңадан жұмысқа тұрудың машақатына тоқталып көрейік. Оқуды кеше аяқтаған жас маман жұмыс іздегенімен, мекеменің барлығы дерлік іс-тәжірибенің екі жылдан кем емес мерзімін талап етеді. Жастар арасындағы жұмыссыздық жайының кең орын алуының бір себебі осы. Мемлекеттік жұмыс орындарындағы қызмет түрлері білімділік пен жауапкершілікті талап етеді. Әрі адамды шыңдайтын да, талпыныс пен табандылыққа тәрбиелейтін де – кәсіби жұмыс орны екенін ешкім жоққа шығармайды.
Ақын Қадір Мырза Әлиев бір сөзінде «Нағыз жаза – жұмысқа салу емес, нағыз жаза – жұмыссыз қалу шығар» дейді. Қазіргідей баға тұрақсыздығы орын алған қымбатшылықтың тұсында қандай салада болсын, қарекет қылып, қаражат табуды көздеу – дұрыс ниет. Дегенмен, жұмыссыз адамдардың көбеюі ғана емес, бос жұмыс орындарының саны артуы мен маман жетіспеушілігі сияқты жағдайлардың орын алуы да күн тәртібіндегі мәселелер қатарына қосылуда.
Жұмыс орындарының еңбек өтілін қатаң талап етуі жастар арасындағы жұмыссыздықтың орын алуының негізгі тетігі екенін жоғарыда айта кеттік. Дегенмен, бос жұмыс орындары мен маман жетіспеушілігі мәселесінің де қоса қабаттасуы айлық жалақының аздығынан екені де бар. Жоғарғы оқу орнын үздік аяқтап, қалаған мамандығының нанын жеу кімнің де болсын арманы. Солай бола тұра, білдей университеттің дипломына бір жапырақ қағаз ретінде қарамасқа болмайтынына қынжылатын жастар ауданымызда да бар. Солардың бірі Ерасыл жоғарғы оқу орнын қаржы мамандығы бойынша аяқтап, үздік дипломның иегері атанды. Бүгінде ол мардымды жалақы алып, өз болашағы үшін ақша жинаудың амалын Англияда жасап жүр. Оған себеп, жоғарыда айтқан біздегі жалақы мөлшерінің аздығы. Ерасыл қазір Лондонда құрылыс жұмыстарымен айналысуда. Күнделікті ішіп-жемі мен тұрғылықты жайына төлейтін ақшаны есептемегенде ай сайын 500-600 мыңға жуық ақшаны жинаққа қалдыратын ол өзіміздегі шыттай боп киінген жұмыстың жалақысымен алдағы күніңді жоспарлау екіталай дейді.

ТҮЙІН. Жұмыссыздықпен күрес мәселесін шешуде бірқатар жұмыстар жоспарға сай жүргізіліп жатқанын байқадық. Тіпті, кәсіпкерлерді қолдау аясында мемлекеттен бөлінетін қайтарымсыз грант та өз кезегінде жұмыссыздардың ұзын-сонар кезегін азайтуға айтарлықтай үлес қосып тұрғаны мәлім. Осы бағыттағы арнайы бағдарламалар межелі мақсатына жетсе жұмыссыздық жайының жүгі аз да болса жеңілдері анық деген сенімдеміз.

Жәмила Ермахан
09 сәуір 2024 ж. 240 0