№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Су тасқыны жағдайына арналды

Су тасқыны жағдайына арналды


Сейсенбі күні өткен Үкімет отырысында күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе – су тасқыны жағдайы қаралды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су салдарын жою жөнінде республикалық штабтың отырысында берген тапсырмалары бойынша міндеттер нақтыланды. Үкімет басшысы су басқан аймақтарда әлеуметтік маңызы бар қызметтер мен азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу, апат зардабын шеккен азаматтарға көмек көрсету бойынша шараларды белгіледі. Су басқан аймақтарда көмектің барлық түрін көрсетуге ел-жұрт болып атсалысуда. Ал Ақтөбе, Қостанай облысына арнайы барған қызметкерлер он күннен бері тиісті іс-қимылға көшті. Осы міндеттер тұрғысында аймақ басшысы Үкімет отырысынан соң өңір активімен мәжіліс өткізіп, төтенше жағдайлардың алдын алуда Жұмылдыру басқармасына дайын болуды ескертті. Бұған бюджеттен тиісті қаражат қаралған.


Су тасқынына қарсы «Жол картасы» аясында Сырдария өзені бойындағы бұзылу қаупі бар қорғаныс бөгеттерін күшейтуге бағытталған жобалар республикалық бюджеттен қаржыландырылуы қажет, жергілікті бюджеттен де қаржы көлемі қарастырылады, осыған нақты қандай ұсыныстар бар?
Үкімет басшысы Төтенше жағдайлар ми­нистрлігімен бірге су тасқынына қарсы іс-шаралардың 2025-2029 жылдарға арналған жобасын әзірлеуді тапсырды. Облыстық жұ­мылдыру дайындығы басқармасы, табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы және Казсушар мекемесімен бірлесіп, тиісті министрлікке осы бағыттағы ұсыныстарды тез арада жолдауы керек.
Мәжілісте Қызылорда облысының табиғи-русурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сағитжанұлының хабар­ламасы тыңдалды.
– Жаңақорған ауданы әкімдігі және об­лыстық төтенше жағдайлар және жұмылдыру басқармасымен бірігіп, арнайы жұмысшы то­бын құрып, сол аймақтағы бес су қоймасының барлығын толықтай қарап шықтық. Қазіргі таңда алты су қоймасының бесеуі Жаңақорғанда, біреуі Арал ауданында орналасқан, – деген ол осы қоймалардың барлығының жағдайына жеке тоқталды.
– Бесарық су қоймасына 12,5 миллион текшеметр су жиналған, бұл 83 пайызды құрайды, әзірге қауіп жоқ, артық су Манап су қоймасы арқылы Сырдария өзеніне тасталып отыр. Жиделі су қоймасында 8,7 млн текшеметр су жинақталып отыр, артық су Қандарал көліне тасталады. Қыраш су қоймасында 2,5 млн текшеметр су қашыртқы арқылы жайылымдарға түсіріліп жатыр, – деген ол Манап су қоймасы су құрылғысы жөндеуді қажет ететінін, ағымдағы жөндеу жұмысын өз күштерімен жасауға бекініп отырғанын айтты. Бірлік ауылындағы Көлтоған су қоймасы 4 млн текшеметр су сақтайды, қазір 100 пайыз толған су қоймасы бөгетпен көтеруді қажет етіп отыр. 1500 метрді құрайтын бөгеттің 900 метр аумағында жарықтар бар, төменгі жағын су шайған тұстарында бетон сынып жатыр. Жөндеу жұмысына бюджеттік өтінім тапсырылған, енді осыған қолдау көрсетуді сұрады.
Шұқыройға қазіргі таңда 11 млн текшеметр су түскен. Одан әрі Сарысу өзенінің жағдайына тоқталған маман Телікөлге байланысты ұсыныс­тарын ортаға салды. Алдағы уақытта Шиелі ауданы әкімдігімен жұ­мыс жасап, сол маңайда орналасқан шаруашылық және қожалықтарды көшіру мәселесі тиянақталу қажеттігін айтты.
«Соңғы жылдары су тапшылығы мәселесі орын алып отыр. Осындай жағдайда мүмкіндігінше көлдер мен су қоймасына жиналған суды сақтау маңызды» деген аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы одан әрі көктемгі орман дала өртінің алдын алу мәселесі туралы айтты.
Бүгінгі күні облыс аумағында мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 7 млн гектар, оның ішінде 800 мың га аумақты орманды алқаптар алып жатыр. 2023 жылы өңірімізде 105 га құрайтын 24 өрт оқиғасы орын алды. Биыл бұл жағдай қайталанбауын қадағалау ескертілді. Жақын арада облыстық бюджеттен 1 млрд 900 млн теңгеге 14, республикалық бюджеттен 266 млн теңгеге 3 негізгі өрт сөндіру техникалары алынды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы қала және аудан әкімдіктері облыстық төтенше жағдай департаментімен бірлесіп, далалық өрттің алдын алу бағытында шаралар қабылдау керек.
Ауа райының жылынуына байланысты Конго- Қырым қанды қызбасы індетінің алдын алу жөніндегі мәселелер талқыланды. 2023 жылы өңірімізде осы індет бойынша 48 адам тіркелген. Зертхана қорытындысымен оның 13-інде қанды қырым қызбасы анықталған. Індеттің алдын алу мақса­тында облыстық бюджеттен қажетті қаражат бөлінді. Бұл жөнінде Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Марат Ердәулетұлы хабарлама жасады.
– Биыл қауіпті ошақтарға 9 елді мекен қосылып отыр, – деді ол. Залалсыздандыру жұмысы 1 сәуірден бастап оңтүстік аудандардан басталады. Мердігер анықталды. Кенеге қарсы залалсыздандыру жұ­мыстары сапалы болуы үшін механикалық тазалау жұмыстарына бөлінген мемлекеттік қаржыны тиімді пайдалану керек. Осы бағытта бар­лық аудандарда малды дәрілеу процедурасынан өткізуде тоғыту орындары бар болғанмен толық дайын емес екенін айтты. Бұл жөнінде Қызылорда облысы ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Сұлтанбекұлы былай дейді:
– Әр өңірде зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Өңірде барлығы 85 мал тоғыту ваннасының 43-і жарамсыз, осы бағытта кемшіліктер жөнделуі керек. Қосымша кенеге қарсы вакцина салу мәселесі нақтылану керек. Бұл жөнінде шаруалар ынталылық танытпай отыр. Былтыр 194 мың бас малға вакцина салынған, биыл да межелі жұмыс орындалу керек.
Осы мәселелер бойынша тиісті тапсырма берген аймақ басшысы одан әрі көгілдір отын мәселесі­не тоқталып, осы бағытта тұрғындардың қарызы болмауын ескертті.

Баян ҮСЕЙІНОВА
06 сәуір 2024 ж. 211 0