Ұлттық мереке – «Ұлттық жоба» аясында жаңғырды
Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын берік ұстанып, сәні мен салтанаты жарасқан қазақ ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында «Ұлттық мұра» жобасы аясында бастауыш партия ұйымдарының бірге ұйымдастыруымен "ұлттық ойындар" күніне орай спорттық ойындар ұйымдастырылды.
Ұлттық құндылықтар ұлықталып, спорт жанкүйерлері бас қосқан шарада «AMANAT» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының төрағасы Арман Мажитов сөз алып, жиылған қауымды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз мерекесіне орай, бүгін «ұлттық спорт» мерекесі аталып өтіліп жатыр. Ұлыстың ұлы күні тіршілік атауының өзегіне нәр жүгіртіп, табиғатты түлеткен, сан түрлі ұлттардың бауырластығына арқау болған, еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Ұлыстың ұлы күні жасаған әрбір қадамдарыңызға құт дарып, бастамаларыңызға береке орнасын,– деп ақжарма тілегін жеткізді.
Айтулы шарада қазақтың ұлттық ойындары арқан тартыс, ләңгі тебу, қолкүрес, гір тасын көтеру сынды ойын түрлерінен сайыс өтті. Ауданның түкпір-түкпірінен қонақтар келіп, жастар ерекше ойын өрнегін көрсетті.Шара соңында барлық қатысушылар мен көрермендер тың идеяға толы тағылымды шараға бастама болған «AMANAT» партиясына өз алғыстарын жеткізді.