№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жауды тілек, жарқын үн Мерекелеп наурызын!

Жауды тілек, жарқын үн Мерекелеп наурызын!

  Ұлыстың ұлы күні, жыл басы - Наурыз мерекесі Жаңақорған ауданында ерекше аталып өтті. Жадыраңқы мейірімін төккен күн шуағына жонын төсеген киелі мекен бұрынғысынан да жанданып, жадырап, баршаға қуаныш пен мереке сыйлады. Күн мен түн теңеліп, дастарханы аққа толатын мейрамды аудан халқы сән-салтанатпен тойлады.
 Салтанатты шараның беташары аудандық мәдениет бөлімі қызмет­керлері ұйымдастырған «Мәңгілік елді мәртебелеп, нұрландырған Әз-Наурыз» атты театрландырылған көрсетіліммен бастау алды. Наурыз тойдың көркін мың бұралған бишілер кіргізді. Ұлттық киім киген тұрғындар бір-бірімен көрісіп, амандасып, ата ғұрпымыз осы күні тағы да бір айшықтала түсті. Мерекелік алаңда алты қанат ақ боз үйлер бой көтеріп, оның ішінде аудандағы барлық мекеме-ұжымдар ұлттық тағамдардан дас­тархан жайып, қонақтар дәмнен ауыз тиді. Айта кететіні, аудан мешіттері тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына арнайы дастархан жайып, аудан тұрғындарына наурыз көже үлестірілді.
Сахнада салт-дәстүрді паш ететін тәрбиелік мәні бар көріністер қойылды. Ақ киізге оралған бес қарудың үстімен жүріп өткен нәрестенің тұсауын аудан әкімінің өзі кесіп, одан әрі халықты Наурыз мерекесімен құттықтады: Сіздерді Күн мен Түннің теңелетін, табиғат-ананың оянатын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлыстың ұлы күні тіршілік атауының өзегіне нәр жүгіртіп, табиғатты түлеткен, сан түрлі ұлттардың бауырластығына арқау болған, еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Ұлы Жібек жолы бойында қоныс теуіп, қаншама киелі тұлғаларға мәңгілік мекен болған қасиетті Жаңақорған топырағы тарих парағын тағы бір жаңа жылға жалғады. Әз – Наурызды облыста «Үздік аудан» атанған мерейлі қуанышпен қарсы алған жаңақорғандықтар Жаңа жылға жаңа үміт артып отыр. Кіріп келген Жаңа жылдан күтеріміз көп. Отбасыларыңызға аманшылық, дендеріңізге саулық тілеймін! Ұлыстың ұлы күні жасаған әрбір қадамдарыңызға құт дарып, бастамаларыңызға береке орнасын, – деп ақ тілегін жаудырды Ғалым Махмутбайұлы.
   Сонымен қатар аудан әкімі елдің ықыласын иеленген бірнеше азамат­тарды «Жаңақорған ауданының құрметті азаматы» атағымен ма­ра­паттады. Олар: Жақсыбек Егізбаев, Тәжен Ержанов, Тұтқабай Сабырханов, Мадияр Ахметов, Алмас Бекжігітов, Бахыт Нұртазаев, Мұсабай Серік, Сауранбек Елеуов, Абдусаттар Мырзабаевтар. Облыс әкімінің «Алғыс хатымен» Әмір Серікұлы, Ғабиден Кенжебекұлы, Гүлмира Серікқызы марапатталса, заң саласы ардагері Әлібек Сүгірбаевқа «Көліктегі ішкі істер органдарына 100 жыл толуына» орай мерекелік медалі табыс етілді. Тағы да бірнеше азаматтар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. «Үздік аула», «Таза көше», «Үздік кәсіпорын» номинациясы иегерлеріне де осы күні қошемет көрсетілді.
   Орталық алаңға жиналған дүйім жұрттың назары Наурыздың сәнін келтіріп тұрған «қол күрес», «гір тасын көтеру», «арқан тартыс», «қаппен ұру», «бұқа тартыс» сынды ұлттық ойын өрнегіне ауды. Сайыста әр сала бойынша жеңіске жеткен 42 спортшы аудандық денешынықтыру бөлімінің «Алғыс хатымен» және бағалы сыйлықтарымен мара­патталды.
  Бүгінде шет мемлекеттер Қазақс­танды татулық пен келісімнің бесігі деп таниды. Тағдыры бір, мақсаты бір халықтың бірлігі мен берекесінен асқан ешнәрсе жоқ. Ортақ мерекеде біз осыны одан әрі зерделей түстік.

Лаура БИБАСАРОВА.

20 наурыз 2019 ж. 669 0