Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қызылордалықтар қайда саяхаттайды?

Қызылордалықтар қайда саяхаттайды?

 Кең дүниені өз көзіңмен көру, әлемді тану арқылы өзіңді тану, тұлға ретінде даму – кез келген саяхаттың ажырамас бөлігі. «Саяхат – өзімізді қайтадан іздеп табуға арналған ең ұлы ғылым» дейді француз философы Альбер Камю. Қазақшаласақ, «ауылдан шықпағанның ақылы ауласынан аспайды».

Қазір үйден бір қадам аттап баспай-ақ әлеуметтік желіге шолу жасасаңыз, саяхатқа қызығатындар да, тиімді қызмет ұсынатын туристік агенттіктер де көп. Қызылордалық Жансәулет Әбілдаева – «Ordatour» турагенттігінің ұйымдастырушысы. Cаяхат үшін қыр асып қана қоймай, талай қызылордалықтың шетелге шығуына себепкер болған кейіпкерімізден саяхаттау тәжірибесі, турагенттіктің тиімді тұстары мен жерлестеріміз жиі баратын Топ-3 мемлекет туралы пікірін білген едік.


«Шетелге шығу қымбат» деген түсінік бар 


Саяхатқа деген құштарлықтың нәтижесінде қос құрылтайшы турагенттікті бірге құрып, өңір тұрғындарының шетелге шығу мәдениетін қалыптастыруға қызмет етіп келеді. Сырт мемлекеттерге, курорттарға тур, билет сатумен, жұмысқа арналған, туристік визаларды жасаумен айналысады. Авиабилеттерді брондайтын қаладағы бірден-бір сенімді агенттік те осы. 2019 жылы ашылған агенттіктің атқарған ісі мен шетелге аттанған туристерінің алғыстан басқа айтары жоқ екенін білгенде, оның қалай ашылғаны, алғашқы қадамдары қызықтыра түсті.


– Өз басым бұрыннан саяхаттасам, әлемнің түкпір-түкпіріндегі елдерді көрсем деп армандайтынмын. Әрі қызылордалықтарда саяхаттау қымбат деген стереотип бар. Осы екі дүние турагенттік ашуға себеп болды. Алғашқы турларды аз қаражат жұмсалатын жақын елдерден бастап, тұрғындарға саяхаттаудың қымбат емес екенін түсіндіргіміз келді.
Сенесіз бе, қазір саяхаттағысы келетін, шетелге шығуды жоспарлап жүргендер көп, қызылордалықтардың көбісі шетелге шыққысы келеді. Аяғы баспаған жақсы, жаңа жерлерді көруге құштар. Соңғы кезде ер адамдар отбасына, жастар ата-аналарына сыйлық ретінде шетелге саяхаттауға арнайы сертификат сыйлау үшін көп тапсырыс беруде. Бір айда 10-15 тур сыйлыққа сатып алынады. Сертификат – жақын жандарға сыйлауға таптырмас, қайталанбайтын сыйлық. Әрине, сертификат сыйлағанда көп ата-ана қарсы болып, ақшаны босқа шығындап деп немесе шетелге шығуға қорқып, қарсылық танытып жатады. Бірақ брондалған тур кері қайтарылмайтындықтан, қанша қарсыласса да барады. Алайда бір рет саяхаттап келген соң үлкендер немесе ата-аналар «Неге ертерек шықпадым екен?! Тағы да шетелге шықсам ғой» деген әсерін бөлісіп жатады, – дейді Жансәулет Ақзадақызы.

Топ-3 мемлекет

Кейінгі екі жылдағы қызылордалықтар үшін Топ-3 мемлекеттің тізімін жасайық. Бірінші орында Түркия тұрса, одан кейінгі орында БАӘ орналасқан, оның ішінде Дубайға баратындар қатары қалың. Үштікті Тайланд қорытындылап тұр. Тәжірибелі саяхатшының айтуынша, аталған елдерге аймақ тұрғындарының көп саяхаттайтын себебі – өмір қауіпсіздігі  мен жайлылығы. Отбасымен баруға, алғашқы саяхатқа да Түркия мен Дубай – таптырмас таңдау. Ал қыс мезгілінде суықтан шаршап, қатты ыстық емес, жайлы ауа райына асыққандықтан Тайландқа тартып кететіндер де көбейген.
Турагенттіктің тарихына қарасақ, ең аз таңдалатын ел – Үндістан. Тазалығы мен тағамдары жағынан көп турист бұл елді ұнатпайды. Сонымен қатар осы жылы бірнеше тур брондалса да, Қытай елін ұнатпайтындар қатары да көп. Жұмыс бабымен, саудаға қатысты болмаса, демалыс ретінде барлық жағдай жасалса да, дамыған ел болса да, тамақ пен тіл жағынан қиналатындықтан қызылордалықтардың көңілі Қытайға тартпайды.

 «Ordatour»-мен шетелге шыққан туристерге статистика жүргізу ойға келмепті. Бірақ осы уақытқа дейін тұрақты түрде айына 100-150 тур брондалып келеді. Биыл ашылғанымызға – 5 жыл. Ең кемі айына 100 турдан келеді деп есептейтін болсақ, осы күнге дейін 6000-нан аса турист біздің турмен саяхаттаған екен.
Осы күнге дейін қаншама туристі шетелге аттандырдық. Бірінші рет шығатындар бар. Әрине, естен кетпейтін оқиғалар орын алып жатады. Ең жиі кездесетін жағдай – туристердің рейстен қалып қоюы, 15 шақты адамда рейстен, ұшақтан қалып қою оқиғасы кездесті. Кері қайтатын кезде ұйықтап қалып, ұмытып кетіп, сол елде қалып қойып жатады. Кейін жаңа билет алып, елге оралады. Тағы бір жиі кездесетін нәрсе – туристердің уақытқа дұрыс мән бермеуі. Мәселен, 15 ақпан күні түнгі 12-де ұшатын болса, ертеңіне күндізгі 12:00 кезінде барып отырады, яғни, түнгі уақыт ауысымынан шатасып жатады. Тамақ өткізбейтін жағдайлар да көп. Қазы мен етімді алып қойды деп жылап хабарласатындар бар. Мұның бәрі білместіктен, – дейді Жансәулет Әбілдаева.

Ертерек бастаңыз…


Алғаш саяхаттайтын адамға ғана емес, барша қызылордалық тұрғынға турагенттіктің айтары бар.


 Саяхаттауды барынша ертерек бастаңыз дегім келеді. Өйткені есейген соң алатын әсер, сезінетін күй жас кездегіден бөлек болады. Егде жастағы туристердің тез шаршап қалатынын байқаймын. Экскурсиялардың соңына дейін жүруге жарамайды, қан қысымы көтеріліп не түсіп кетіп жатады. Ал жастардың сезінуі басқа. Жас болсаң, аяғың баспаған жерді басқың келіп, көзің көрмегенді көргің келіп, жаңа дүниелерді естігің келіп, алып-ұшып тұрасың. Әлемге ашықсың. Ақша жұмсайсың, бірақ кедей болып қалмайсың, яғни, алатын әсерге, Құдайдың түрлі жаратылысына тамсану, ғашық болу үшін саяхатқа жұмсаған ақшаң босқа жұмсалған дүние емес, болашағыңа инвестиция, – дейді ол.

Саяхаттаған кезде адамның санасы өзгереді. Түрлі мәдениетті көріп, өзгермеймін деген адамның өзі ойының, белгілі бір нәрселерге қатысты қалыпты көзқарасының ауыса бастағанын байқамай қалады. Тіпті Қазақстанда жағдай нашар, өмір сүру қауіпті немесе дамымай қалған деп ойлайтын адамдар көбіне шетелден келген соң шүкіршілігін айтып жатады. Немесе бізден бірнеше есе артық, дамудың даңғыл жолына түскен елдерді көріп, талпынатын, өзімізге алатын дүниелер көп екенін ұғынып келеді. Мотивация алады. Кейбір туристер басқа елден, бизнес идея тауып, іздену үшін барады, яғни, туристердің де мақсаты түрліше.



15 наурыз 2024 ж. 160 0