» » Төтенше жағдайға тосқауыл

Төтенше жағдайға тосқауыл


Соңғы уақытта Алматы қаласында болып жатқан жер сілкінісі елді алаңдатып қойғаны рас. Мамандардың айтуынша, бұл жағдай әлі да қайталануы мүмкін. Бұл да табиғаттың тосын мінезі екені ақиқат. Әрине, апат айтып келмейді, бірақ сақтық, алдын алу жұмысы аса қажет екенін көрсетті. Әсіресе көпқабатты тұрғын үйлер қауіпті аймақтың ошағына айналды. Сондықтан үйлерде болатын төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында оқу-жаттығу жұмысын күшейту керектігі тапсырылды. Осы бағытта Шалқия кентіндегі көпқабатты үйлерде арнайы дайындық жұмысы пысықталды.


Жер сілкінісінің салдарын жою кезіндегі іс-қимылдарға Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің (бұдан әрі-АҚМЖ) басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау» тақырыбында оқу-жаттығу жоғары деңгейде өткізілді. Мақсаты – Жаңақорған ауданының азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін даярлау, жер сілкінісі кезіндегі іс-қимыл дағдыларын оқыту және халықты тәрбиелеу делінген.
Шалқия кенті, Жібек жол көшесінің бойында орналасқан көп қабатты тұрғын үйде жер сілкінуі орын алғанда қираудан кейін үйінді астын­да қалған адамдарды құтқару, тұрғындарды эвакуациялау мақсатында арнайы тактикалық оқу-жаттығуға 6 техника, 30-ға жуық тұрғын қатыстырылды. Алдымен саптық барлау өтіп, барлық құрылымның дайындығы пысықталды. Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Нұрсұлтан Ибрагимов, аудан әкімінің орынбасары Бекболат Шәріпбеков құрылымдардың әлеуетін тексерді.
– Өрт пен тасқын судан, әсіресе жер сілкінісінен келетін қауіптің бетін сейілту мақсатында әрқашан дайын тұруымыз керек. Біздің өңірде жер сілкіну жағдайы кездеспейді деп қол қусырып отыруға болмайды. Табиғаттың тосын мінезін ешкім болжап білмейді, сондықтан өз-өзімізге берік болайық, – деген полковник әрбір құрылымның жасағын барлап, керек кеңестерін айта кетті. Техника жетіспеушілігі болса тізіп, тиісті жұмыстарды атқару керектігін түсіндірді. Оқу-жаттығу жиыны жиі-жиі өткізіліп тұратынын да ескертті. Иә, сақтықта қорлық жоқ, әрбір іске дайын болған әлдеқайда абзалырақ болады. Дайындық барысы былай басталды:
2024 жылғы жылдың 29 ақпаны сағат 09:00 Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығына жер сілкіну бойынша хабарлама түседі. Шалқия кентінің аумағында 8 балдық жер сілкінісі болды, соның салдарынан күрделі жағдай, ғимараттар мен құрылыстардың ішінара қирауы, көптеген өрт ошақтарының пайда болуы, байланыстың барлық түрлерінің жұмысының бұзылуы, көлік магистральдарындағы қираулар мен үйінділер орын алды. Орын алған жағдайға сәйкес бас­қару органдарын, эвауация комиссиясы мүше­лерін, авариялық-құтқару қызметтерінің және азаматтық қорғау қызметтерінің басшыларын хабардар ету ұйымдастырылады.

Аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссияның жоспардан тыс отырысының шешімімен Жаңақорған ауданы әкімдігінің қаулысы мен аумақтық деңгейден «төтенше жағдай режимі» жарияланады. Тездетіп өрт пен жер сілкінісі кезіндегі әрекет басталды. Болған оқиға бойынша құтқару тобы зардап шеккен тұрғындарды қираған үйінділер арасынан шығарып, алғашқы медециналық көмек көрсетеді. Үйлері қираған тұрғындарды жинақтау бекетіне көшіреді. Қоғамдық тәртіпті сақтау тобы қираған тұрғын үйдердің аумағын қоршауға алып, күзету жұмыстары жүргізді. Энергетикалық топтар газ, ауыз су желісі және жарық желілері бойынша болған аварияларды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. Атқарылған жұмыстар бойынша ақпарат оқу жаттығу басшысына баяндалып отырды.

Жинақтау бекетіне келген тұрғындарды есепке алып, медициналық, психологиялық көмек көрсетіліп, жинақтау бекетіне орналастырыла­ды. Тұрғандарды Қызылорда қаласына жібе­ру жұмыстары жүргізіледі. Шалқия кентіндегі мәдинет үйінде жер сілікіну кезінде өрт оқиға­сы орын алып, мәдинет үйінің қызметкерлері қауіпсіз жерге шығарылады. Орын алған өртті сөндіру жұмыстары жүргізіледі. Шалқия кентін­дегі «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ-ның ғимаратынан қызметкерлерді қауіпсіз жерге шығару бойынша практикалық жаттығулар жүргізілді.
Міне, бір сәттік дайындық жұмысы осылай көрінді. Командалық-штабтық жаттығу (сейсми­калық жаттығуды) талдау және қорытындылау жасалынды. Жатығу аяқталғаннан кейін күштер мен құралдар қайтарылды.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
05 наурыз 2024 ж. 137 0