Жанұяға жақсы қарау –ізеттілік бастауы
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев биылғы жылды «Руханият жылы» деп бекітті. Руханияттың өзегі отбасы, ошақ қасында өрілетініне ешкім дау айта алмаса керек. Қоғамдағы осы бір өзекті мәселеге үн қосу мақсатында «Көзқарас» дөңгелек үстелінің төріне ұрпақ тәрбиесіне қатысы бар деген қадірлі қонақтарымызды шақырып, осы тақырыпта сырлы сұхбат өрбіттік.
Дәулет ОРЫНБАСАРОВ, Жаңақорған аудандық мешітінің наиб имамы:
– Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! «Отан отбасынан басталады» десек, асыл дінімізде отбасы ынтымағы мен беріктігі кеңінен насихатталады. Отбасы құндылығын арттыратын игі амалдың бірі – ата-ананы қадірлеу. Алла Тағала қасиетті Құранда әке-шешеге қалай құрмет көрсету керек екенін баяндаған: «Раббың өзіңе ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жаныңда кәрілікке жетсе, Оларға «Түһ» деме (кейіс білдірме). Сондайақ оларға зекіме де және ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп, мейірім құшағын жай да: «Раббым! Олар мені кішкентайымда тәрбиелегеніндей Сен де оларды рахым-мейіріміңе бөлей көр» делінген. Жаратушының өзі атаанамызға дауыс көтеру былай тұрсын оларға кейіс білдірмеуді бұйырған. Ата-анасының батасы мен разылығын алмаған баланың бағы жана қояр ма? Майлықожа жырау: «Қарамай кетсең анаға, Қаларсың босқа табаға. Ата-ана көңілін қалдырған, Баланың бағы жанар ма?» – деп жырлаған екен. Жанұяға жақсы қарау – ізгіліктің бастауы. Аптаның кем дегенде бір күнін отбасына арнаған абзал. Өйткені баламен сұхбаттасу, онымен ойнау, жарыңмен сырласу, баланың болашағына қатысты жұмыстарды жоспарлау, т.б. амалдар шаңырақтың шырайын кіргізіп, берекесін арттырады. Жұмысбастылық отбасылық жоспардан үстем болмауы тиіс. Өйткені жанұя – бәрінен биік тұратын құндылық. Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Сендердің ең ардақтыларың − жарлары мен балаларына жақсы қарағандарың. Араларыңда жанұясына ең жақсы қарайтын менмін» – деген. Үй шаруаларына көмектесу, баланың сабағына араласу, оның мектептегі жиналысына қатысу, үйірмелерге апару, отбасы мүшелеріне сыйлық беру, жанұямен саяхаттау, т.б. амалдар сүйіспеншілік пен бауырмалдықты арттырады. Ерлі-зайыптылар бірін-бірі психологиялық әрі биологиялық тұрғыдан толықтыра түседі. Бұл – Алланың адамға жасаған мейірімі. Бұған Құрандағы мына аят дәлел: «Сендерді бір адамнан жаратқан да, әрі көңілі жай табуы үшін оған жұбай сыйлаған да Алла». Қазақы ұғымымызда «Үш әйелдің басын қосқан адам ең мықты ер» деген сөз бар. Оның түпкі мағынасын жастар үш әйел алу деп шатасып жүргендей. Бұл сөздің түпкі ойы анаң, әйелің және әйеліңнің анасын бір-бірімен жақын етіп, тату өмір сүруге жайлылық сыйлау екенін көп замандастар білмейді. Ал, көп әйел алудың жөні бөлек, бәйбішенің разылығы мен асырай алатындай дәреже-дәрметке жеткен азамат төрт әйел алса да дініміз құптайды. Демек отбасының іргесі сөгілмей, берік болуына ер азаматтың мықтылығы, әйелдің даналығы, адалдығы, ибалылығы өте үлкен рөл атқарады. Ата-ененің көрегенділігі, байсалдылығы бәрінен маңызды дер едім.