Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Блогер келін


Бүгінгідей дамыған заманда кез келген адам блогер бола алады. Бірақ парақшасын сауатты жүргізіп, көпшілікке пайдалы дүние ұсынатындар көп емес. Жаңақорғандық келіншек Ақсәуле қыз-келіншектер арасында танымал. Төрт балалы келіншек аналарға арналған пайдалы жазбаларын үнемі жариялап отырады. Келіндік міндетін атқарып, төрт баласын бағып, оған қоса, табыс тауып отыр. Желі арқылы өз кеңесін елдің пайдасына жарата алса, блогердің еткен еңбегі мен төккен терінің ақталғаны емес пе?! Біздің кейіпкеріміз Ақсәуле әлеуметтік желіде өзінің күнделікті тіршілігін көрсетеді. Яғни, ауыл өмірі, тіршілік тынысы, қарапайым ауыл келінінің үлкен армандарына жету жолындағы әрекеттері – контенттерінің негізгі тақырыптары.


– Өзім студент кезімнен кәсіпке өте жақын болдым. Кез келген сауданы игеріп, депозитке ақша жинап, қыз жасауыма дейін түгендеп, ешкімге салмақ салғым келмеді. Үшінші курс оқып жүргенімде тұрмысқа шығып, 21 жасымда үлкен ұлымды босандым. Шүкір, үш ұл, бір қыздың анасымын. Үйдің тіршілігі, бала бағу, қызмет, ата-ене мен жолдасымның тілін тауып, бәріне үлгеруге тырысамын. Ғаламтор билеген заманда гаджетсіз өмірді елестете алмайтындай болдық. Үйдегі күнделікті тіршілігімді телефонның көмегімен instagram-ға сала бастадым. Күн сайын үзбей бейнероликтер салғаннан кейін оқырмандар бірте-бірте жинала бастады. Әуелі қолөнер бұйымдарын жасап ұсындым. Қыз келіншектерге арналған түрлі ободок, шашқа тағатын әшекейлердің бәрін жасадым. Ол үлкен табыстарға жетеледі. Одан кейін 8 наурыз қарсаңында гүл сатқан едім. Сол уақыттан бастап менің гүлге деген махаббатым оянып, ерекше жақсы көрдім. Көктем шығып, күн жылына бастағаннан гүлдің ерекше түрлерін үйге де, аулаға да егуге асығатын болдым. Өзімнің парақшамда оқырмандарыма гүлдің түрлерін таныстырып, оны қалай күту керектігін де бөлісіп отыратын болдым. Парақшамда гүл контентін бастаған себебім, әрбір әйел үйде отырса да еш қаражат салмай, жетістікке жете алатынын дәріптегім келді. Шүкір, қазір жас қыздардан бастап үлкен апаларға дейін парақшамды үзбей қарап, кеңес сұрап жатады.
Кейіпкеріміз Ақсәуленің блог жүргізудегі негізгі мақсаты өзі үшін ғана емес, өзгелерге де пайдалы ақпарат ұсыну екенін парақшасынан көріп келеміз.

– Менің мақсатым – ауылымды өзгелерге таныту. Ауылда да өмір барын, қызықты екенін, біз де даму үстінде екенімізді өзімше дәлелдеген түрім. Үйде отырған өзім секілді көп балалы аналарға да мотивация болсын деп ойладым. Яғни, бала-шаға, отбасы-ошақ қасында да сүйікті кәсібіңмен айналысып, рахат табуға, бақытты ғұмыр сүруге болатынын көрсеткім келеді. Үйде бала бағумен қатар, бірқатар істі алып жүретін қазақ әйелдері көбейіп келеді. Бұл қуанатын жағдай. Төрт баламен де бәріне үлгеруге болады. Бастысы, өзіңе ұнайтын іспен айналысу қажет. "Әлеуметтік желіде блог жүргізу маған қатты қиындық тудырмайды. Кейде үлгермейтін кездер болады. Қазір маған бұрынғыдан оңайырақ. Балаларымның қасында отырып-ақ сүйікті ісіммен айналысамын, – деп өз жұмысының өміріне жайлылықтан бөлек мол табыс әкелетінін де тілге тиек етті.

Сондай-ақ, Ақсәуле Үртекова ауданның қоғамдық өмірінде де, іс-шараларында да белсенді.
– Ауданымызда көптеген қыз келіншектер кәсіпті қолға алып, онлайн кәсіпті меңгеріп, өз парақшаларын ерекше мазмұнда жүргізіп келеді. Үлкен төрт жоба ұйымдастырдым. Біріншісі “Наурыз той”, екіншісі “Үздік маман” жобасын өткіздім. Әзіл әлемінің сұлуы Мереке Қалыбаеваның жобасын осы ауданда ұйымдастыруға мұрындық болдық. Ол жерде Мереке ханым маған « Ауданның үздік блогері» деген номинацияны берген болатын. Төртінші, әдемі табиғат аясында “Barbi party” ұйымдастырдым. Үйде отырған қыз келіншектер бір сәт бой сергітіп, құрбыларымен сырласып, керемет дастархан басында бас қосса деген ниет болды. Бұл барлығына ерекше көңіл күй сыйлады. Жалпы, еліміздің түкпір-түкпірінен түрлі жобаларға шақыртулар жиі жібереді. Бірақ ол жобалардың ешқайсысына бармадым. Өйткені, өзім ғана емес, осы аудандағы блогерлер және енді бастап жатқан жандарға қолдау ретінде өзім ұйымдастырғым келді. Осы төрт жобаны бастайтын кезде де ата-енем де, жолдасым да маған қолдау білдіріп, ақыл кеңестерін айтып отырды. Басында жолдасым қарсылық танытып, инстаграм парақшаны жүргізуімді аса құптай қоймады. Бірақ, менің жасаған әрбір дүние көпшілік­ке пайдалы, үлкен-кішіге берері мол болғандықтан, ақжаулықты аналарымыз батасын беріп, үнемі көрген жерде қолдау білдіретін. Уақыт өте келе жолдасым да қолдайтын болды, анамның орнындағы анам екі есе қолдады. Осы кісілердің арқасында елге танылып, өз ісімді жүргізіп келемін, – деген сөздерінен кейіпкеріміздің болашаққа деген сенімі мен үміті көп екенін аңғардым.
170 мың оқырманы бар кейіпкеріміз Ақсәуледен блогер болғысы келетіндерге қандай кеңестер ұсынасың дегенімізде:
– Блогерлікпен айналысам деушілерге айтар кеңесім – ең бірінші, өзіңе сену. Сенімсіздік жоқ жерде нәтиже де болмайды. Өзіңе өзің талап қоя білу керек және сол талапты табандылықпен орындау керек. Табанды болу деген өз дегеніне қалайда жету дегенді білдіреді. Міне, осындайлар кез келген жерде нәтиже көрсете алады. Еңбектену керек, ізденіс керек. Қазір бәсекелестік көп, сондықтан да бәсекеге қабілетті болатындай жүрек болуы керек. Ел жасамаған, басқалардан өзгешелеу жасағанда, сені іздейтіндер де көп болады. Еріншек адам блогер бола алмайды. Бүгінге блогер ретінде парақша жүргізуден бөлек, блог жүргізуді өзгелерге де үйретіп жүрмін. Яғни, жеке менторлықты қолға алдым. Осы уақытқа дейін жинаған тәжірбием мен білімімді үйренем деушілерге үйретіп жүрмін.
Тындырымды тірлігімен елге танылып, кәсібін дөңгелетіп отыр­ған Ақсәуледен блог жүргізуге ата-енең қалай қарайды деген сұрағымызға.
– Ата-енемен бірге тұруды құптаймын. “Қарты бар үйдің қазынасы бар” дейді. Жастар үлкендермен бірге тұрса, біраз нәрсе үйренеді. Береке болады. Ата-әженің қолында өскен немере де көпшіл, бауырмал болып өседі. Сол үшін тұрмысқа шыққалы жатқан қыздарға, жас келіндерге “атаңа не қылсаң, алдына сол келеді” дегенді айтқым келеді. Қара шаңырақтан қашпау керек, – деді.
Алғашында әлеуметтік желіге жай ғана хоббиі ретінде қараған келіншек бүгінде оның үлкен табыс көзі екенін түсінгенін айтады. Қазір Ақсәуле – блогер ғана емес, аудандағы бір емес, бірнеше дүкеннің амбассадоры. Сауда-саттық саласын жақсы меңгерген ол амбассадор болудың да оңай шаруа емес екенін біледі. Ол үшін өзіндік тұрақты аудиторияң болуы қажет. Ал Ақсәуле – өз аудиториясын қалыптастырған блогер. Одан бөлек қыз-келіншектер арасында түрлі марафондар ұйымдастырып, блогерліктің қыр-сырымен бөлісіп жүр.

Әсел РЗАЕВА
07 ақпан 2024 ж. 200 0