Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жұмыс көп, жұмысшы жоқ...

Жұмыс көп, жұмысшы жоқ...



ХІХ ғасырда Абай Құнанбайұлы бәсекеге қабілетті болудың жолын көрсетіп, жұртты еңбек етуге, білім алуға шақырды. Әсіресе, еңбексіз өткен жартыкеш өмірден сақтандырып: «...биік жартас: ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады» деп еңбектің парқын түсіндірді. «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, Қардың суы секілді тез суалар», деп ескертіп, «отбасыңды асыра, бала-шағаңның қамын ойла – өзіңе де жақсы, үкіметке де жақсы», деп жатыпішерліктен аулақ болуға үндеді.
Бүгінде құрылыс қылсақ өзбекті алдырамыз. Егін егуге қырғызды шақырамыз. Өзіміз үйде жатып табыс табуды армандаймыз. Бастық болғанға құмармыз. Жұмыс таңдаймыз. Аспандағы жұлдызды ұстап, айда баспана салуды армандаймыз. Бірақ сөз бен істі қабыстыра алмаймыз. Неге? Жалқаумыз. Еріншекпіз. Бос сөзге әуеспіз. Ертеңіміз таусылмайды. Соның салдарынан, бүгінде жұмыссыздық көп. Тіпті, егемендік алғаннан кейінгі 32 жылдың көлемінде халықты тұрақты жұмыспен қамту толықтай шешілді деп айта алмаймыз. Түрлі мемлекеттік жобалар қолға алынса да жұмыссыздық азайған жоқ. Қазір бізде жұмыссыздықтан гөрі, масылдық басым секілді. Кейде басылым мен интернет парақшаларында жұмысшы іздеп жатқан жарнамадан көз сүрінеді. Еңбекақысы да жаман емес. Бірақ еңбек еткеннен гөрі, әлеуметтік желі арқылы 5-6 сөз жазып, ел арасында шу шығарып, айналасынан мін іздеп жүретіндер көп. Олардың ойынша барлық жағдайын жұрт жасап беруі тиіс. Алайда оған мемлекет те, халық та үнемі жағдай жасай алмайды
Сонымен жұмыс көп, жұмысшы жоқ. Неге? Осы мәселе жайлы азкем ой толғап көрейік. Жеке шаруа қожалығы иелері бас қосқан бір жиында ұжым төрағасы маусымдық жұмысқа жалдауға жұмысшы тапшы, пісіп тұрған егіннің есебін таппай, жаз бойы алашапқын болатынын айтты. Тағы бір шаруа қожалықтың иесі Әбен Нұржанұлы: – Мен егін егумен айналысамын. Диқанның қызу еңбегі көктемнен қара күзге дейін жалғасады. Дәл осы уақытта маусымдық жұмысшы қатты қажет. Өкінішке қарай, еңбекке тартылатын адам тапшы. Біз еңбегіне қарай қолма-қол ақысын береміз. Күнделікті ақысын алып тұрады. Айдың аяғында қомақты жалақының мөлшері шығады. Шөп тиеу жұмысына да адам керек. Әр данасын тиегеніне 100 теңге, түсіргеніне 100 теңге төлейміз. Шаруашылықтың жұмысына бармайтындар қоғамдыққа тіркелуге әуес. Оларды күнде көреміз, көше сыпырып жүреді. Әрине, тазалық болғаны дұрыс. Бірақ олардың жұмысына көңілім толмайды. Басшылық тексеріп келгенде жұмыс істеген секілді көзбояушылық танытады. Қалған уақытта көлеңке қуып жүргені. Айына алатыны – 80-90 мың теңге. Бос жүріп ақша алуды қалайды. Жұмыспен қамту бөлімі тек қана әлеуметтік жұмысқа тарта бермей, осындай шаруа қожалықтарын жұмысшымен қамтамасыз етсе жақсы болар еді. Ақысының жартысын төлеуге дайынбыз, – дейді.
Жеке кәсіпкер Қадыржан Қыдырбаевтың сөзінше, бірнеше айдан бері жұмысшы таппай жүр. Жалақысы тұрақты, барлық жағдайы қамтамасыз етілетінін де тілге тиек етті.
– Әрдайым жұмысқа адам іздеп шаршаймыз. Аяқ-қолы сау, еңбекке жарамды жастардың көбі жұмыс жасағысы келмейді, үйінде атаанасының қолына қарап отырады. Жағдайы төмен отбасыларына азықтүлік апарып беріп тұрып, үйде қолы бос жүрген өрімдей жастарды көріп өзің ұяласың. Нарық заманында әркім өзі үшін жұмыс жасауы керек қой. Кейде бізге даяшы, тамақ әзірлейтін мамандар жетіспейді. Мысалы, олар күніне кем дегенде 7-8 мың теңге табады. Соған жұмыс жасағысы келмейтіндерге таң қаламын, – деді кәсіпкер. Жұмыссыздық дертінің ар жағында осындай салғырттық, жалқаулық қылаң береді. Өткен жылы аудандық жұмыспен қамту орталығына 6800 жас тіркелген, олардың 5487-і жұмыспен қамтылған. Әлбетте, бұл тіркеліп, ресми статус алғаны ғана. Ал тіркелмей жүрген жас қанша? Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Руслан Мұсатаевтың айтуынша, ауданда жұмыссыздық деңгейі жылдан-жылға азайып келе жатыр.
– Үстіміздегі жылы ресми жұмыссыздар саны – 506. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына – 2500 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 65 адам, жастар практикасына – 389 адам жолдама алған. Қоғамдық жұмыс орындарына – 1348, мемлекеттік грант алған – 163 адам, «Алғашқы жұмыс орындарына» – 41, 2022 жылдан 2023 жылға 32 адам жалғастыруда. «Ұрпақтар келісім шартына» – 3 адам; 2022 жылдан 2023 жылға 5 адам жалғастырды. «Бастаубизнес» жобасына оқуға 899 адам жолданған. 2023 жылы 3370 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланса, 3634 жаңа жұмыс орындары құрылып, жылдық жоспар 107,8 пайызға орындалды. Ауданда 10 рет бос жұмыс орындарына жәрмеңкелер өткізу жоспарланып, 128 жұмыс беруші 410 бос жұмыс орындарын ұсынды. Онда 55 азаматқа жолдама берілді. Ағымдағы жылы ауданымыздан «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша «ENBEK BUSSINES» порталы арқылы 894 жас оқуға өтініш тапсырды. «Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін берілетін мемлекеттік грантқа ағымдағы жылға республикалық бюджеттен 149 адамға 205320,0 мың теңге, қаржы қаралған. Осыдан қазіргі таңға 163 адамға грант берілді, – дейді. Үкімет отырысынан соң Сыр өңірі бойынша энергетикалық әлеуеттің жайжағдайына тоқталған аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Арал, Қармақшы, Жаңақорған аудандарына соңғы жылдары электр энергиясы жүйелерін жаңартуға мүлде қаржы бөлінбегенін еске салды. Бірақ соған қарамастан Жаңақорған ауданында бұл бағытта түбегейлі жаңарулар бар. Мұның барлығы аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетовтың іскерлік қабілетінің арқасында қол жеткен нәтиже, өйткені жоба-сметалық жұмыстарының барлығына демеушілер тауып тарта білуі ауданның электр жүйелері саласына жан-жақты серпін беріп отырғанын айтты. Өзге өңірдің басшыларына да осы жетістіктерден үлгі алуды ескертті.
Жалпы ауданда жұмыс жоқ емес, бар, бірақ ынталылар аз. Кез-келген ауылдық округтің әкімімен сұхбаттасқанда осыны айтады. Маусымдық жұмысқа, әлеуметтік жұмысқа кісі таппай жүргенін естіп, біліп жүрміз. Расында сылтау айтып, дайын жұмыстан қашатындардың саны артып келеді. Қит етсе, әкімдікке жүгіріп, мемлекетке ауыз ашу әдетке айналып барады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Ұлы Абай үнемі сынға алған масылдық қоғамға ешқашан жақсылық әкелген емес, біліммен қаруланып, еңбекке ғана арқа сүйеу керек», – деген сөзі де еңбектен қашқан адамдарға қарата айтылғандай. Қарын ашса «Аманатты», одан қалса әкімдікті жағалаймыз. Жо-жоқ өздері барса мейлі ғой, көкіректе жалған намыс бар. Сондықтан әйелді жылатып, еңіретіп кеңсе жағалатамыз. «Жұмыс жоқ. Ішіп-жейтін тамақ жоқ. Жағдайымыз қиын» дегеннен кейін бір қалталы азаматқа бағыттайды. Азынаулақ азық-түлігі таусылғанда әлгі сценарий тағы қайталанады. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Еңбегімен нан тауып, Алланың ризығын адал жолмен тауып жүргендер аз емес. Тек кейінгі кездері біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзімсіздік таныту, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жағымсыз әрекеттер қазіргі қоғамның кесірі десек болады. Абай атамыз өзінің әйгілі қара сөздерінің бірінде «Һамма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» демей ме? Негізінен, қазіргі уақытта әрбір жұмыс істеймін деушіге барлық мүмкіндік бар. Жағдай да жасалған. Еңбекақылары да тәп-тәуір. Осы тұста Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында шын мұқтаж жандар әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатқанын сынға алуы орынды. Яғни «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азамат тар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заң аясында және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар мемлекеттен ала берсем деген көзқарас қалыптастырды. Шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар», – деді Президент.
Мемлекет басшысының сөзінше, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. «Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс. Дайындалып жатқан әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек», – деуі де үлкен ойға итермелейді. Finprom.kz сараптама орталығы Қазақстанның еңбек нарығындағы жастардың үлесі төмендеп келетінін саралапты. Деректер бойынша 2021 жылды 2022 жылмен салыстырғанда жұмыспен қамтылған халықтың ішіндегі жастардың қатары 27 пайыздан 24,6 пайызға дейін төмендеген. 2023 жылы еңбекпен қамтылғандардың саны 0,1 пайызға артқанымен, жұмысы бар жастардың үлесі 8 пайызға кеміген.
Соңғы бес жылда елдегі еңбек нарығының «қартаю» процесі байқалыпты. Германияның Фридрих Эберт атындағы қоры 2022 жылы еліміздің 14 пен 29 жас аралығындағы жастарының өмірлік құндылықтары мен алдан не күтетіні туралы зерттеу жүргізгенін атай кеткен жөн. Орталық Азияның өзге елдерімен салыстыра зерделенген бұл зерттеуде біздің жас буынның патерналистік көңіл күйі өте жоғары болып шыққан. Олар бұрынғысынша мемлекеттен түрлі жәрдемақы, жеңілдіктер түрінде, тіпті несиелік рақымшылық сипатында көмек күтеді екен. Әсіресе, мемлекет еңбекпен қамтып, қызметке орналастырады деп күтетіндердің қатары өте көп екен. Ал зерттеуде қарастырылған жас санаты Қазақстан халқының жартысын құрайтын контингент екенін ескерсек, бұл жақсы ахуал емес. Жергілікті билік жастарды кәсіпкерлікте білімін шыңдап, іс қылуға үндеуде. Жаңшылдыққа құлықты жастар бар.
Бірақ, жатып ішерлері де азаймай тұр. Абай айтпақшы, өзіміздің қолдан келмесе де құрылыс жасаған өзбекке күлеміз. Алайда ала шапанды ағайын қазақтың есіл қаржысын еліне тасып жатқанын ескермейміз. Мойындау қажет, еңбектегі потенциалымызбен мақтана алмаймыз. Өзбек, қырғыз, тәжіктің еңбек белсенділігі жоғары. Ұлағатты ұрпақ өсіргісі келген әр азамат тәрбие тал бесіктен екенін ұмытпай, жалқаулықтың, масылдықтың ақыры отбасыға зиян екенін, қайғықасіреттің бастауы да сол жақта жатқанын бала санасына құя білсе, еліміздің ертеңі жарқын болары сөзсіз.

Әсел РЗАЕВА

20 қаңтар 2024 ж. 156 0